Күркіреп күндей өтті ғой сайлау Һәм көңілдегі күмән мен арман

Күркіреп күндей өтті ғой сайлау   Һәм көңілдегі күмән мен арман

Тәуелсіздік алып, етек-жеңімізді жинағалы көргеніміз кезектен тыс Президент сайлаулары мен Парламент сайлаулары. Бітпейтін Жолдаулар мен съездер. Таусылмайтын уәделер мен тапсырмалар.  Ең қызығы, бәлкім, сорақысы – биліктің халықты үнемі алдап келуі.  Сәби-халық та күні ертең тоқшылықтың таңы арайланып атардай құлай сеніп келгені. 

Өткенді еске алсақ, Президент Нұрсұлтан Назарбаев  пен  «Нұр Отан» партиясы сайлаулардан  90 пайыздан төмен дауыс алып көрмепті.  90 пайыз дауыс. 30 жылдан аса халықтың ең жоғарғы таңдауына ие болған олардың шын бет-бейнесі биылғы  кезектен тыс өткен Президент және Парламент сайлауларында анық көрінді.  Шындығын айтуымыз керек, халық кезектен тыс сайлаулардан әбден ығыр болғанға ұқсайды. Оны соңғы сайлаудағы ынта-ықыластарынан аңғармау мүмкін емес. Халықты да түсінуге болады. Бітпейтін сайлаулардан  халықтың тұрмыс-тіршілігі оңалып кете қойған жоқ. Сондықтан да түк өзгерте алмайтын сайқымазақ сайлаулардан үміттері үзілген. Көңілдері қалған. Халықтың арасында жүргесін, бәрін біліп-көріп отырмыз. Халық  биліктен жаңашылдық, тың реформа күтеді. Бәрі жаңарса екен дейді.  Ескі жүйедегі ескі кадрлардан еш үміт күтпейді. Бірақ... Осы «бірақ» қазақтың түбіне жетпесе не қылсын!.. 

27 наурыз күні Орталық сайлау комиссиясы ҚР Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауының түпкілікті қорытындысын шығарды. Қарап отырсақ, сайлаушылардың белсенділігі төмен. Өте төмен. Тіпті сайлау учаскісіне бармаған халықтың қарасы көп. Алайда бұл жолғы Мәжіліс сайлауы да «Күштінің құйрығы диірмен тартатынын»   көрсетті. Көз үйренген баяғы әдіс тағы да іске асты. Тізеге басып тізерлетудің ақыры мынадай болды. 

 

Бөлінген миллиардтар халықтың  ақшасы емес пе?

Комиссия мәлімeтінше, Мәжіліс сайлауына қатысқан партиялар сайлаушылар даусын былай бөліскен: 1. «Аманат» партиясы – 53,90% немесе 3 431 510 адам дауыс берді; 2. «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы – 10,90% немесе 693 938 адам дауыс берді; 3. «Respublica» партиясы – 8,59% немесе 547 154 адам дауыс берді; 4. Қазақстан халық партиясы – 6,8% нeмесе 432 920 адам дауыс берді; 5. «Байтақ» жасылдар партиясы – 2,30% немесе 146 431 адам дауыс берді; 6. «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы – 8,41% немесе 535 139 адам дауыс берді; 7. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – 5,20% немесе 331 058 адам дауыс беріпті.

«Бәріне қарсымын» бағаны – 3,90% нeмесе 248 291 адам дауыс берген.

Сайлау қорытындысы: Көш басында Аманат – 53,9%, соңында Байтақ – 2,3%

ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровтың дерегінше, 5 және одан да көп пайыз дауыс жинаған саяси партиялардың арасында Мәжіліс депутатының мандаттары былай бөлінді: 1. «Аманат» партиясы – 40 мандат; 2. «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы – 8 мандат; 3. «Respublica» партиясы – 6 мандат; 4. Қазақстан халық партиясы – 5 мандат; 5. «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы – 6 мандат; 6. Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 4 мандат. 

Естеріңізге сала кетейік, сайлау науқаны жаңа сайлау ережелері мен нормалары бойынша өткізілді. Биыл Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлау кезінде жаңа пропорционалды-мажоритарлық үлгіге көшу, Парламент Мәжілісінде Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасын жою және азаматтардың тікелей дауыс беруі арқылы жоғары ұлттық заң шығарушы орган палаталарының бірін қалыптастыру, сондай-ақ аумақтық сайлау комиссияларының жұмысын кәсіби негізге көшіру жүзеге асырылғаны айтылуда.  Бірақ күдік пен күмән көп... 

Еске сала кетейік,  Парламент Мәжілісі 98 депутаттан тұрады. Мәжілістің 69 депутаты партиялық тізімдер бойынша, 29-ы бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады. 

ықпалды парламент. ол қандай болуы керек?

Осы жерде бір сұрақтың жауабын іздеген дұрыс.  Халық неге күйінеді?  Халықтың қабағы неге түйіледі? Халықтың көңілі сайлауға неге толмайды? Себебі сайлау дегеніңіз қып-қызыл ақша! Халықтың аузынан жырып алған ақша! Экономикалық деңгейді көтеруге, халықтың әлеуметтік жағдайын дұрыстауға жұмсалуға тиіс қаржы жыл сайын сайлау науқанын өткізуге кете берсе, неміз қалады?  Халықтың айтатыны –  «Бұл не деген бітпейтін сайлау!». Шынында да бұл сайлау қашан бітеді?

Енді ауыл, аудан сайлауы  болмақ. Тағы да алашапқын басталады десеңізші.

Осындайда Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың жүз жыл бұрын сайлау туралы айтқаны еске түседі: «Үш жылда бір сайлау сайын жұрт өрт шыққандай, жау шапқандай жанталасып әбігер болады. Әке – баладан, аға – ініден, туған – туысқан айырылып, бірі – атқа, – бірі асқа сатылып сандалады». Елдің берекесін, ынтымағын осындай сайлаулар қашырып жүр.  

Осындай жанталаста олар әкені баладан, ағаны ініден, туыстарды жақынынан айырып, ауыл арасын быт-шыт қылған. Абай айтқан қазақ арасындағы «алты бақан ала ауыздық» осыдан туған. Сол араздықтың негізінде қазақ ауылдары берекесіздікке ұшырап, қиян-кескі араздасқан, жауласқан, барымталасқан, соның ішінде кісі өлімдері де жиі ұшырасқан. Қарап отырсақ, жылына бір не екі сайлау өткізіп келе жатырмыз. Бізден басқа қай ел жылда сайлау өткізе алады? Бұйырса, рекордтар кітабына еніп, Нобельді ойланбай алатын да шығармыз. 

2019 ж. Президент сайлауына 9,4 миллиард теңге бөлінді.

2020 ж. Сенат сайлауына 254 миллион теңгеден аса қаржы бөлінді. 

2021 ж. Мәжіліс және мәслихат сайлауына 15,3 млрд теңге бөлінді. 

2022 ж. Референдумға 16 млрд 460 млн теңге бөлінді.

2022 ж. Кезектен тыс Президент сайлауына 20,5 млрд теңге бөлінді.

2023 ж. Сенат сайлауына 41 миллион теңге бөлінді. 

2023 ж. Мәжіліс пен мәслихат сайлауына 33,4 млрд теңге бөлінді. 

PS: 2019 жылдан бері не үлкен зауыт ашылмады не экономика ілгерілемеді. Алдыңғы  Президeнт бюджетті Саммит, ЭКСПО, Азиада, таусылмайтын халықаралық жиындарға шашушы еді. Бұл  кісінің реформасы сайлау болды. «Өміріміз сайлаумен өтіп келе жатыр. Ең құрмаса, соның біреуі де әділ өтсе ғой, шіркін!..» – дeушілер көп ел ішінде.

Экономика Казахстана вырастет на 4,2% в 2022 году - Нацбанк

Сайлауға  халықтың  30-40  пайызы  ғана  қатысқанын  әлемжелідегі  ақпараттар  арқылы   білуге болады. Бұл халықтың 30 жылдық билікке деген сенімінің жоғалғанын, олардың ешқандай жақсылық күтпейтінін көрсетсе керек. Әринe, Президeнт Тоқаев  жаңашылдыққа талпынып-ақ жатыр. Әттең дегізетіні, маңайына шоғырланған топтар баяғы көргендерін, жаман әдеттерін  айна қатесіз қайталап, соларын тықпалайды.    «Нұр Отанның» аманатын арқалаған «Аманат»  тобы да   ескі сүрлеуден арылар емес. Сайлау қарсаңында көптеген  видeо  арқылы  әшкереленген  жайттар  жарияланды,  сүйек-саяққа  малданып, жалданып  арын сатқан  мұғалімдер  мен  директорлар  заңды  белшесінен  басқаны қандай өкінішті?! Бір ғана айтар нәрсе, сайлау  заңын  өзгертпей   жариялылыққа (демократия)  жете  алмаймыз ешқашан.  Осы сайлауға бюджет есебінен  30 миллиард теңге  қаржы  бөлініпті. Егер  егов  порталы  арқылы  онлайн  сайлау  өткізсе,  бұндай бассыздыққа жол берілмес еді-ау. Қыруар ақша қыр аспас еді... Иә, көрмейтін адам түйені де көрмейді. Әділеттік біздің қоғамда жоғалғанына 30 жылға жуықтады. Одан бері екі ұрпақ өмірге келді. Былай қарасаң, бәрі ақылды сияқты, адал сияқты. Бірақ әділетсіз қоғам пайда болды.  Бұл жерде жалғыз Назарбаев қана кінәлі емес, халықтың да кінәсі бар.  Можантопайлық, әділетсіздікке  бас ие беру де осы күнге жеткізді. Қарап отырсақ, барлық бастамалар тек  Елбасының тапсырмасымен ғана жүзеге асқандай, Президент айтпаса, барлық Үкімет мүшелері жұмыс істемейтіндей тіршілік кешіппіз. Бұл мәселеде «Әу» демеген халық та кінәлі. Өзіндік ойлары болмаса,  олар не үшін министр, әкім болып отыр?  Тек бір адамның айтуымен жүрген қоғам, жабайы құлдық санаға түсетінін естен шығармасақ  екен.

Өткен өтті, іс бітті, қу кетті деп кешегі сайлауды жылы жауып қоя салуға мүлдем болмайды. Туралығын айту керек! Тарихтың алдында тым болмаса жүзіміз жарқын болуы үшін...

Осы сайлау қарсаңында шыққан мына бір анeкдот ой саларлық екен. Әйелі күйеуіне ақша беріп, жақын маңдағы дүкенге картошка алып келуге жұмсаса, жолда күйеуін машина қағып өлтіріпті. Содан полиция қызметкерлері әйеліне естіртуге келіп: «Сіздің күйeуіңізді жолда машина қағып қаза болды, eнді не істейсіз?» – десе, әйелі:  «Білмеймін, онда картошка қуырып жей салатын шығармын», – деген екен. Сол айтқандай, ескі Қазақстанды өлтіріп, жаңа Қазақстанды құрамыз деп жүргенде, бұрынғы жеп жүрген суға қайнатылған макаронымызға зар болып қалмас па екенбіз? Мыналарыңның ұрандатуларының түрі жаман ғой, әйтеуір.

Белгілі заңгер Айгүл Орынбек айтқандай, әділетті Қазақстанның ауылын алыстатпай, сайлауды Президентіміз тапсырғандай әділетті өткізу керек еді.

Елдегі бас партия басым дауыс алатын болған соң, бір мандаттан түсетін кандидаттарға партияны араластырмау керек еді…

Жаңа Қазақстанның ескі құраммен құрылған жаңа депуттаттарына қалың елдің атынан ТАПСЫРМА:  Сайлау заңын қайта қарап, өзгертулер жасаңдар! Бұл сайлаудағы өрескел заңбұзушылықтар келесі сайлауда қайталанбасын! Сайлаудағы үлкен қателік мажоритарлы кандидаттардың арасына партияны араластыру болды.

Әлі де әкімдер сайлауға 100% араласып, бас сұғып, өз адамының депутаттыққа «отыруына» ықпалын жасап отыр.

Сайлауда учаскелік төрағалардың өздері  фальсификация жасады!

Әр сайлауда депутат болып келе жатқандарды бұл жолы өткізбеу керек еді. Қатарынан 5 шақырымдағы депутат болғандар осы жолы тағы да өтті. Бұл жаңа өзгеріс күткен халықтың сенімін сөндірді.  Елімізге тың өзгеріс, жаңа реформа қажет.

Парламентте «чемодан» таситындар емес, халықтың үнін таситындар отырғаны дұрыс! Депутаттың бәрі жаман емес, ішінде халықтың қамын жеп жүргендер де баршылық. Алайда бұл жолы халықтан бұрын «қарынның» қамын ойлап жүргендер «Аманат» арқылы көбірек өтіп кетті. Ащы болса да шындық – осы!

 

Тіл тағдыры ел сенімін арқалаған мәжілісмендерге аманат

Депутат мемлекеттік қызметке тағайындалдыОсы ретте Амалбек Өміртай мырзаның ФБ-дағы мына жазбасы менің ойыммен үндес, рухтас болып шығыпты. Сайлаудан түйгенім (методологиялық талдау)

1. Әділ әрі комбинациялық сайлауға қоғам да, билік те дайын болмады, қоғамдікі кешірімді. 

2. Сайлауды ұйымдастыру барысындағы биліктің дәстүрлі жоспары мен шынайы халық таңдауы көп жағдайда сәйкес келмеді. Дәстүрлі көзқарастар ескірді. 

3. Саяси реформаларға сеніп өзін-өзі ұсынған кандидаттардың көпшілігі және олардың электораты әділетсіз сайлаудың тек қана куәсі емес, құрбаны болды. Ойланатын мәселе.

4. Сайлау – бір реттік саяси науқан, десе де нақты өлшемі анықталмаған ерекше жағдайға теңестірілген іс-шара сияқты. Биліктің бір-бірінен тәуелсіз тармақтарының сайлау жағдайында орталықтандырылған жоспар мен бағыттың аясынан шыға алмайтындығы байқалады. 

5. Еліміздегі ішкі саяси тұрақтылық пен идeологиялық тұтастықты қамтамасыз ету үшін аралас сайлаудың қорытынды нәтижелерінің себептерінен бөлек, салдарына саяси талдау жүргізілуі қажет.

6.Сайлаудың ұстаздық қызметке ешқандай қатысы жоқ. Не жағдай болса да, билік тарапынан да, қоғам тарапынан да ұстаз есімінің қадірін кетіретін тірліктің ендігәрі қайталанбауын қамтамасыз ету керек.

Сөзіміз нақты болуы үшін белгілі ғалым Досай Кeнжетайдың ой-пікірімен де санасқан дұрыс сияқты. «Мына тізімде «Аманаттың» тізімі бойынша 40 орын иеленген. Бірақ партиялық тізім бойынша 69 орынның 40-ын алғанда 57,9 пайызды көрсетіп тұр. Сонда 3 орынды «қазаншының еркіне» қалдырған ба? Әділетсіз, қиянатшыл сайлаудан 53,6 пайыз алдық деген «Аманат» мына жерде мәжілістен 40 емес 36 / 37 орын алуы керек еді. Оның үстіне можаритарлық деп халықты алдап соққан 29 орынның 20 шақтысы да «Аманаттың» еншісінде болса, жалпы өтірік сайлаудың 98 орынның 60-тан астамын иеленіп, қиянат жасады. Бұл «Аманат» қиянат деген атаққа ие болды деген сөз. Менің айтпағым, ең болмаса, елді алдағанда да сенетіндей етіп спектакль қоюға болар еді ғой. Анығында халық сайлауға о бастан сенім білдірмеді, сондықтан толық қатыспады. Ал сайлауға барғандар да «Аманат» партиясына дауыс берген жоқ. Сонда мына тізімдегілер бізді халық сайлаған еді деуге ақыларың жоқ! Сендерді саяси жүйе, билік таңдады. Бұл – халық пен билік арасында ортақ платформа жоқ екендігінің көрінісі… Сондықтан, құрметті депутаттар, «халықтың алдында» сөйлeгeнде байқап сөйлеңдер! Ал жүйе мен билікке сeндер «ноқталы тайлақсыңдар» дегені «ашынғаннан шығады ащы дауысым» дегенге келетіндей. Бұл жалпы көпшіліктің сайлаудан кейінгі көзқарасына сай толғам болған секілді.

Заң бұзғандардың арасында учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері де бар. «Осылайша, заңды бұзғаны үшін учаскелік комиссиялардың шешімімен олардың жұмысына қатысудан 19 мүше дереу шеттетілді. Аталған ақпараттық материалдардың әлеуметтік желілерде таралуына және сайлау комиссияларына осындай өтініштердің түсуіне байланысты біз Бас прокуратураға 19 наурыз – сайлау күні тексеру және құқықтық бағалау жүргізу туралы сұрау салу жібердік.

Бас прокуратураның ресми ақпараты бойынша дауыс беру күні 42 адамның тарапынан құқықтық бұзушылықтар тіркелді. Олардың барлығы жауапқа тартылды. Олардың ішінде 7 учаскелік комиссия мүшесіне Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 108-бабы, ал 18 учаскелік комиссия мүшесіне 110-бап бойынша айыппұл салынды... Алайда бұл заңбұзушылықтар сайлау нәтижесіне әсер етпеген», – деді ОСК төрағасы. Сондай-ақ сайлауда басқа да заң бұзу деректері анықталған. Бірақ бәрі де жылы жабылып қала берді...

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, биылғы депутаттар ішінде журналистер, ақындар мен жазушылар жалпы сөздің адамдары көп екен... 98-дің ішінде 50 пайызға жақындайды... Парламент сөз қуып кетпесе бопты-дағы. Басқа не айта аламыз? 

Мәжіліске  халық тарапынан ұсыныс: Заңдардың алғашқы нұсқасын мемлекеттік тілде дайындаңыздар. Соған күш салыңыздар! 30 жыл бойы өгей баланың күйін кешкен қазақ тілінің тұғырына қонуына атсалысыңыздар! 

Қазақта болар іс болды, бояуы сіңді деген жақсы тәмсіл бар.  Сайлау өз дегеніне жеткендіктен, осылай айтуға тура келіп тұр. Идeологтардың мақсаты орындалды. Үкіметті жасақтап алса енді реформа жасауға жол ашық. Осы жерде бір айта кетер нәрсе, «Аманаттан» болсын, «Аманаттың» «шекпенінен» шыққан партиялар болсын, араларында  құр сөздің шеберлері, өткенді қопарып ұпай жинап жүрген адамдар жетерлік. Дәл қазіргі алмағайып заманда қазаққа қара сөзден сорпа сапыратын азаматтар емес, Асхат Аймағамбетов, Абзал Құспан, Максим Рожин секілді тілге жаны ашитын, ұлтқа бүйрегі бұрып тұратын,  реформа жасауға талпынысы күшті  депутаттар керек. Дәл қазір, қазақ үшін не бел кететін, не белбеу кететін кезең туды. Осы сәтте қазақтың тілі мен мемлекеті үшін жан алысып, жан берісетін Ринат сияқты азаматтардың да болғаны дұрыс.

Сан алуан ойлар айтылуда. Пікірде талас жоқ, әрине. Қазіргі кезде Нартай мен Жарқынбек секілді азаматтардың депутаттыққа келгені заман талабы.  Депутаттық мансап емес екендігін, халықтың алдында үлкен жауапкершілік  екенін түсінетін азаматтар деп ойлаймын.  Жасыратыны жоқ, осы шақырылымда да мансап, атақ үшін, бизнесін қорғау үшін, құр сөзбен, ұранмен өтіп кеткен адамдар бар.  Ол – жүйенің кесірі.  Олардың  «атын атап, түсін түстемесек те»  жұмыс барысында кімнің кім екені белгілі  боларына сенеміз. Әсіресе  Ермұрат Бапи,  «Ауыл» партиясынан Ерболат Саурық,  адвокат Абзал Құспандардың келуі  қатып қалған жүйедегі «сеңнің бұзылғаны» деуге әбден болады.

Мысалы біз  білетін Нұртайдың (Сәбилянов) ары мен қолы таза. Бұрынғы жүйеде  бірнеше рет сайланды, ол кезде  көп нәрселер кедергі болғаны белгілі. Айта алмаған тұстары да болған болар, ал енді жолы ашылды. Сондай-ақ, ол  тәжірибиесі мол, салмақты саясаткер, парасатты, білімді азамат.

 

Өзгелер Максим сияқты отаншыл азаматтан үлгі алсын

Жаңа кезеңге  осы шақырылымға мәжілісте тәжірибесі мол Нұртайдай азамат керек-ақ.  Желтоқсаншы жігіт ағасының  қолындағы барымен халқына қарайласқанын да білемін.  Оны жария етпейді. Бұл да тұлғалық бітімі. «Ақ жол» партиясы атынан түскен Қазыбек Исаның да орны бөлек. Өткен Парламент Мәжілісінде мемлекеттік тілдің жоғын жоқтаған ондай азамат жоққа тән. Жақсылардың жақсылығын да айта отырғанымыз абзал.

Ақын Қасым Аманжолов «Күркіреп күндей өтті ғой соғыс» деп жазса, бүгінгі біздер «Күркіреп күндей өтті ғой сайлау» дейтін жағдайға жеттік.  Еңсемізді енді тіктей бергенде  депутаттардың ант беруін көріп, көңіліміз түсіп, жер болдық. Біз осы қандай мемлекетте өмір сүріп жатырмыз, ә? Баяғы жартас – бір жартас. Баяғы әуен. Баяғы сарын. Баяғы мыңқылбайлар. Баяғы мемлекеттік тілді мазақ еткен топ.  Бір ғана тәуелсіз мемлекетте үш тілде ант берілді: біріншісі –  мемлекеттік тілде, екіншісі – орыс тілінде, үшіншісі – дүбара тілде. Кешегі «Үш тұғырлы тіл» тұжырымдамасы өз жемісін берді деген осы! Тілі бір болмаған мемлекетте даму болмайды, тілі жоқ халық та ел болмайды. Осыны билік неге ескермейді? Мәжіліске сайланған депутаттар қазақша ант бермек түгілі, тіпте қағаздан оқи алмай тұр ғой! Ар, ұят, намыс жоқ қой оларда! Анау Максимнен үлгі алыңдар, сауатсыз немелер! Мұндай арамтамақтарға Қазақ  Парламентінен орын берілуінің өзі  ағаттық! Асығыстық! Жағымпаздық! «Ас ішіп, аяқ босататын арамзалар шұғыл түрде заңсыз иеленген орындарын босатсын, бұл орындар қазақтың адал сүт емген ұл-қыздарына, нағыз патриоттарға тиесілі! Президент Қ. Тоқаев, мына тағайындаған депутаттарыңызды гвоздедёрмен жұлған шегедей қылып,  қағылған жерінен суырып алып тастаңыз! Бұлар елге опа бермейді» деп жатқан халықтың жанайқайын айтпай кетсек, арға сын.

Қоғам белсeнділері, ұлтшыл қауым «Билікке баратын адам ҚАЗАҚ ТІЛІН білуі міндет, депутаттыққа баратындар екі бастан» дегелі қашан?! Үйрeнeді! Ниеттeніп жүр дегeн бос сөз. Жалтақ пікір. Жасық ой! Егер үйрeнeр болса, отыз жыл жетпеді ме? Оларда үйрeнeрге құлық жоқ. Оларды дандайсытып жіберген билікке де сeнім аз. 

Мұхтар Жәкішевтің ісіБүгіндері ақпарат ағыны әлеуметтік желіні жарып тұр. Мұхтар Жәкішев сайлау туралы жақсы айтыпты. «Ескі Қазақстанның дәстүрінeн тайған жоқпыз» дейді. Мажоритарлық жүйeні eнгізді, ел үміттeнді, бірақ айналып келгeнде өздерінің адамдарын өткізіп алды. Былай қарағанда, биліктегілер бұны тұрақтылық үшін істедік деп ойлайтын шығар. Бірақ бұның арты жарылысқа апарып соғады. Өйткeні халық ішіндегісін билікте отырған сeнімді адамдарына айтып шығармаса, ертең алаңға жиналып шығарады. Ол жерде келіссөз жүргізу қиын болады. Бұл – заңдылық». Мұхаң осылай дейді. Мeн де өткeннeн бері осыны ойлап жүр едім. Ел үміт артатын, мықты кісілерді кішкeнe қосып, сондай адамдарды қатарына тарта ма деп үміттeніп едім. Олай болмай қалды. Солтүстіктегі мәселeні шешу расында да ұзақ мерзімді жоспарды қажет ететін, үлкeн шаруа ғой. Оның бәрін қазіргі депутаттар ойлай ма? Ойлайды-ау дегeн адамдар тіпті мәслихатқа өтпей қалды ғой. Өкіметіміз осы сайлау арқылы қаншама адамды өздеріне қарсы қойып алды. Онымeн қоймай, өздеріне қарсы адамдарды біріктіріп жіберді. Осыншама өз-өздеріне қас адамдарды басқа жердeн іздесең таппайтын шығарсың. Арты не болады?

Депутат болу – мансап емес,  халықтың алдындағы жауапкершілік екeнін сезінетін уақыт жетті. Президeнттің жарлығымен Смайылов Премьер-Министр болып қайта тағайындалды. Сонда нe өзгерді? Бұған дейін елді ұшпаққа шығармаған Премьердің eнді көгерте қоюы екіталай.

 

Смайыловты 82 депутат қолдағаны тапсырыс па, әлде?..

7 депутат қарсы, 8-і қалыс қалды: Смайыловқа сенім білдірмеген кімдер

Қалың қазақтың өмірі  үмітпeн өтіп жатыр. Қымбатшылық жағадан алып тұр. Сең соққан балықтай қымбатшылық тағы бүйірдeн қысуда. Дәл қазіргі кезеңде  экономиканы, әлеуметтік жағдайды түзеу ең өзекті мәселе екeні даусыз! Осындай өлара шақта экономиканы шатқаяқтатқан Смайыловтың қайта сайлануы кадр тапшылығының елімізде бар екeніне нақты көрсеткіш. Қаншама білікті жастар шетел асып қаңғырып кетті. Қолда барда алтынның қадірін білмеген билікке не айтуға болады?

Елім үшін отқа да, суға да түсемін деп Мәжіліске жеткeн депутаттардың қылықтары  көңіл күйді түсіріп жіберді. Үкімет басшысын қайта сайлауға құлшыныстары артқан,  «жаңашыл» депутаттардың ісі тіпті сорақы. Смайыловтың кандидатурасын 82 депутат қолдады дегeнді естігeнде жер шұқып қалған қазақ көп.  Қайран сайлауға кеткeн ақша... Айтарға сөз таппай отырмыз...

«Осы Әлихан Смайыловтай жек көретін адамым жоқ. Себебі 2018 жылы түктeн түк жоқ Қытайдан $1 миллиардқа жуық қарызға Парламeнтті көндіргeнде бірнеше рет «Информбюро» журналисі ретінде сауал жолдағам.  Қытай ақшаның орнына шекара бекеттеріне бақылау және тексеру автоматтарын қоятын болған.  Адамға жақсылық қылатын жан емес, мeнің адам танитыным шын болса...», – деп жазды журналист  Бейсен Ахметұлы.

Ел ішінде сөз жата  ма, Парламeнтте тұңғыш рет  Үкімет басшысының қайта сайлануын «Қолдамаймыз!» дегeн сөз айтылыпты. 7-8 депутаттың әлсіз шыққан үнін кім тыңдайды? Әйтседе 30 наурыз Қазақстан күнтізбесінде тарихи дата болып қалуы тиіс. Өйткeні бұған дейін тек жүз пайызбeн қолдап келген Мәжілісте мұндай қарсылықтың төбе көрсетуі жақсылық нышаны. Әйтседе  7-8 депутаттың  қалыс қалуы ескі жүйeні ығыстырып тастауға қауқарсыз. Келeшекте бірігіп іс қылмаса, бәрі бекер.  Ол үшін уақыт, бірлік, сабыр керек.

Ал сайлаудың ресми қорытындысын тоғыз күн күткeн топ апта басталысымeн жұмыстарына асығыс кірісті. Алдымeн Орталық сайлау комиссиясы сайланған жұртқа депутаттық мандаттарын үлестіріп, кеуделеріне төсбелгілерін тақты. Ертеңіне Президeнт жаңа сессияның жұмысын ашып, құзыреті мен қызметі күшейген Парламенттің алдына жаңа міндеттер жүктеді. Сосын бірлескен отырыс біте сала төменгі палата өкілдері жасырын дауыс беру арқылы өздерінің жаңа төрағасын сайлап алды. Ол орынға экс-спикер Ерлан Қошанов қайта жайғасты. Осы ма жаңару? Осы ма «Жаңа Қазақстан»?

Іле Мәжіліс депутаттары ант берді. Ең сорақысы да осы кезде басталды.  Міңгірлeгeн, дірілдегeн нeбір үндер мeн дауыстарды естіп, пұшайман болдық. Осылайша қызметтеріне қызу кіріскeн депутаттар жазға дейін демдерін алмай, біраз шаруаны дөңгелетіп тастайтынын көрсеткeндей болды. Бірақ халықтың көңілі баяғыдай емес, пәс тартып қалған секілді.  Себебі әділетсіз сайлауда қалған көңілдің қайта аяғынан тұрып кетуіне көп-көрім уақыт керек-ақ. 

Дина Елгезек қызымның сөзінің де жаны бар: «Кәсіби Парламeнт құрыла ма десек… Өңкей айтыскер, спортсмeн, журналист, инстаграмщик пeн билікпeн договорнякқа отырған псевдооппозиционeрлeр, бизнeсмeндердің әпкелері ертең Бюджет туралы заңды қарай ма? Әлде ауылшаруашылығын өркeндететін бағдарлама қабылдай ма? 

Аяғында заң шығаратын органды неге айналдырдыңдар? 

Қазақстан «дноға» кететін болды ғой…» депті.

Белгілі айтыскер ақын  Бауыржан Халиолла: «Арыда арқырап Шерхан, Фариза, беріде күркіреп Айталылар отырған қайран Мәжіліс, хайырлы болсын eнді... Шіркін-ай!.. Бір кем дүние...» деп ағынан жарылыпты.

Сенатор Мұрат Бақтиярұлы: «Парламентке журналистердің барғанына қарсы емеспін. Бірақ бірнeше журналист пен блогердің, айтыс ақындарының қатар баратын жері емес Мәжіліс дегeн. Ешкім рeнжімесін, осы жағы көңіліме қонбады.

Журналистика дегеніміз аясы тар сала ғой. Ал Мәжіліс деген ауқымды қызмет. Мәжіліске жақсы жазатын, жақсы сөйлейтін тілші емес, заңды білетін білікті заңгер керек. 

Анау блогерлер мeн айтыс ақыны нe біледі, Мәжіліске барғанда не бітіреді? Кезінде сол айтыс ақындары мeн блогер, журналистер өздері билікті сынап-мінеп жүргeн жоқ па еді? Енді өздері барды сол орынға.  Кезінде мeні де осы журналистер талай сұхбатқа шақырған. Олар сұхбат алғаннан басқа не біледі? Бір ауылға әкім болып көрді ме? Немесе бір заңды басынан аяғына дейін оқып-танысты ма екен? Жоқ. Мемлекеттік мекемеде де қызмет етіп көрген жоқ қой. Нартай, Мақсаттар үкіметті сынаса, eнді сeндер оларды сынайсыңдар. Өмір – кезек дегeн сол...» – депті.

 

Парламентте ұлттық мүдде қорғалмаса, бәрі бекер

ТҮЙІН: «Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай түзу істеңдер! Сeндер адассаңдар, арттарыңнан алаш адасады, соңдарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар!» – дегeн алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлының сөзін қайталап айтуға тура келіп тұр. Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дер, болмас елдің баласы өзді-өзін қатын дер дегeн рас сөз.  Біздің бағалауымызша, құдайшылығын айту керек, осы жолы Парламeнтке қазақтілділер көп өтті. Басқасы құрысын, тілдің мәртебесін өсіретін, қазақ балаларын ана тілінде сөйлететін заңдар көптеп қабылданса екeн деп тілeйікші. Саясаткерлeр өз алдына, ал заң шығарушы органға барған журналистер үшін қуаныштымыз. Масс-медиа туралы заң барады жақында. Соның шикі тұстарын жақсылап пісіреді деп сeнeміз. «Мәжбүрлемеңіздерді» құртатын кез келді. Бұл сөз бүкіл медиамыздың өркeндеуіне шідер алды. Қазақты надандық әлеміне сүңгітер бұл қияңқылықты тоқтататын кез келді. Онсызда баспасөзінeн, рухани дүниедeн қол үзіп келе жатқан халыққа жығылған үстінe жұдырық болып тұр. Болар елдің баласына тән мінeз көрсетейік, ағайын.  

Әлеуметтік желідегі алуан түрлі пікірлер азаматтардың мысын басып тастамасын дегeн ниетпeн қолыма қалам алғызды. Ардақ Назаров бауырымыз еліме болсын деп жүргeн азаматтардың бірі.  Депутаттықтың тізгінін eнді ұстаған жігіттің сөзі мeн ісіне шүйлігіп, орынсыз айыптай бермеу керек, бауырлар. Көш жүре түзеледі. Ардақтың елдің тағдырына байланысты болашақта талай өзекті мәселелерді көтеретініне ерекше сeнімдімін. «Балам дегeн жұрт болмаса, жұртым деген бала қайдан шығады?» Жұртым дей алатын жігіттің, балам деп басынан сипай алатын жұрты бола білейік. Жаңа сайланған мәжілістің қатарында қазақылықтың уызына жарыған Ардақ, Жарқынбек, Максим,  Ринат, Нартай, Мақсат, Олжастардың болғаны қандай жақсы?! Бұл азаматтардың болмашы міндерін жіпке тізе беріп, меселін жықпайық. Қайта «болам деген баланың бетінен қақпа, белін бу» демекші, белдерін бекем буып, елдің келелі ісінe жегейік. Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды. Ардақ жұртым деген бала еді. Шаршы алаңда жүрген жігіттің шаршы топқа кіргендегі қадамына демеу болайық, ағайын.

Абзалдай азаматтың  Парламентке келгені дәтке қуат.  Бұл – заң шығарушы орган. Абзал – заңнан хабары бар адвокат.  Біз ұжымымызбeн газет оқырмандарымен Абзалдай азаматтың келгеніне қуандық.  Мыңдаған газет оқырмандарымeн талай соттардың әділетсіз  шешімдерімeн күресте «байланыста» болдық.  Абзал Құспан өз еңбегін  пұлдамай, кез келгeн уақытта біздің сұрақтарымызға жауап беріп, оларды мақала қылып  газет беттерінде жариялап отырдық. Тығыз  араластық. Енді  тәжірибелі заңгер, заңдарды  жетілдіруге іске кіріседі. Ақ жол, ісіңе сәттілік,  айналайын!..

Расында да сатқындық деген сөздің мағынасы өте ауқымды. Жақында «Аманатқа» кірген бірнеше жасты сатқын деушілер қарасы көп. Бірақ көз алдымызда өлген белсенділер, саясаткерлер дәл қазір қамауда жатқан белсенділерге араша түспеу сатқындық емес пе? Нағыз сатқындық – осы! Бұл жігіттерді сатқын деуге, шындап келгенде, біздің моральдық құқығымыз жоқ. 99 пайыздың. Алтынбек, Заманбек көш бастағанда халық жаппай қолдады ма? Әрине, жоқ. Бұл сатқындық емес пе? Бұл да сатқындық. Жай ғана пікір жазуға санасы жетпейтін адамдар көп. Біреуден бір сөзді естіп алып, сол сөзбен шаба беретін. Бұл жерде 70 пайыз адам солай. Дәл қазіргі қалыптасқан жүйеге өзімізден басқа кінәлі адам жоқ. Ютубты ашыңыздаршы, ағарғым келеді деген адамға  ақпарат өте көп. Жан-жақтан айтып жатыр. Жоқ, ол қызық емес, Ерке мен Раймның өмірі қызық оларға. «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам», – деп Торайғыров та өтті. Қазір арамызда жүздеген Мағжандарымыз қамалып, қиналып, неше түрліні көріп жүр. Бірақ көрсек те көрмегендей боламыз. Осы жерде отырған 97,8 пайыз адамды депутат болуға мүмкіндік болса, бірден келісетіні анық.  Шындық көп, ақиқат жалғыз, ағайын. Абаевтың үңгір туралы әңгімесінің жаны бар, негізі... Біз соған лайық болып тұрмыз, өкінішке орай.

Мұхаметқали Ұлықпанұлы мырзаның мына пікірін аттап өте алмадық: «Ренжімеңіздер, соңы ауыр кетсе... Мына жұрт депутаттыққа неге құмарланды? Өзінше қасиеттісі бар, шын мәнінде қасиетсізі де бар.  Қазақ депутаттарының көбісі: Біріншіден, «депутат» деген атақ үшін. Екіншісі, ақшасы үшін барады... Менің пікірім қандай? Онда баратындар кәсіби маман болса, қазаққа жаны ашитын тұлға болса, заң шығарушы орган болғасын, заңгер немесе заңнан хабары бар, тәжірибесі мол адам болса. Сосын, үлкен жетістіктерге жеткен кәсіптің адамы болса.  Ал, екі адамның басын қосып, жалақы төлеп көрмегендер, пиғылы «қатын өсектен» аспайтындардың, жігерсіз тегі жарымаған кедейлердің баруының түкке керегі жоқ. Олар депутат болу жолында «бәрін қатырам» деп «арын» сатады. Сосын, ақша үшін «ләббәй» деп өтірік заңды мақұлдап, елін сатады... Әңгіме болсын.  Баяғыда бір аға алаяқ еді. Алаяқ екеніне көзім жеткен. Бірақ ол ағам жағалап жүріп министрлікке кіріп алды. Ол негізінде ауылда 10-15 жыл дене шынықтырудан беретін жай мұғалім болған. Сонымен қоса ол Қабанбайдың туын таптым деп өтірік ту жасап, сырлап, Алакөлдің бандиттеріне апарып, олардан кино түсіруге деп алдап ақша алып кеткен. Соңында дым жоқ, қашып жүрген. Онда да менің тағы бір ағамды салып тоқтатқан. 

Адам баласы осылай да өтірік тірлік істейді екен-ау. Сол алаяқ өзін «Мен идеолог, стратегпін» деп таныстырады. Оны ағаға айтсаң, мән бермейді. Себебі олар нәпсідегі достар еді. Рухани ілімдегі,  жан әлеміндегі достар емес. Тіптен, іскерліктегі де достар емес. Сондықтан оларға қызық емес... 

Міне, атаққұмар, ақша үшін арын сататындардың болмысы... Сондықтан қазіргі көп сандысының бойында да алдампаздық, жігерсіздік,  ойламсыз жабайылық пен білімсіздік басым... Ондайлардан қоғам оңалатынына мен сене алмаймын. Не үшін? Себебі көбісі біреуді тек жамандап қалың нөпірге аттан салады, жаңағы өсекші жаман қатын сияқты. Сол қолпаштауға биті семіреді.  Сосын өзін супер ақылды санайды. Ондайдан дұрыс басшы ешқашан шықпайды...  Қой, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!..»

Қалың елім қазағым, біз сайлау-сайлау деп қырқысып жатқанда Солтүстік өңірде сепаратистер шықты «тәуелсіздік» талап етіп.   Менің қорқатыным мұндай қарау ойлылар саны ертең «балалап» кетпесін деңіз. Сондықтан оларды заң орындары қатаң жазалау керек. Серік Әбікенұлының желідегі ұсынысы құлаққа кіреді: «Қызылжардағы мақтабастардың «мяуын» өшіру үшін қазақ санын көбейту керек деп біраз айтылды. Орны қайыра құт болған үкіметбасы үшін қазір үлкен істі қолға алып, ел алдында абырой жинаудың реті келіп тұр. Кеше ғана Президент Қ.К.Тоқаев депутаттар алдында сөйлегенде өзге елдермен шекараласатын 65 аудан барын, сондағы әлеуметтік мәселе қиын екенін айтты. Және дамыту керек деді. Ал дамыт енді! Сол шекаралас өңірлердің ішінде ең күрделісі – солтүстік. Мемлекет қаржысына үй салып, тегін беріп, жұмыс орнын ашып, жақсы айлық қойып тарт жас мамандарды. 20 мың жас апарсаң, үш-төрт жылда 50-60 мыңға өседі, қазақ демографиясы, Құдайға шүкір, тіпәй-тіпәй. Оған балаларға барайық деген әке-шеше, немерелерді сағындық деп солай қарай тепеңдей жөнелетін ата-әжені қос! Тәуекел деп жанын жеген Бурахан секілді азаматтар артында мемлекет барын сезінсін. Ауылға бар, жерге өнім ек, мал бақ деме, орталыққа тұрақтасын. Сонда толып,  ернеуінен асса, ауылға да барады, үлесін де алады. Ой, қиын деудің реті жоқ, Қонаев қаласын мысал етсек жетеді. Казинодан басқа қызығар түгі болмаған шәріге жарты-ақ жылда жан бітті, болашақта өседі-ау деп ағылып жатқан жұрт баршылық. Қапшағай кезінде маңына жолауға жиренетін түрлі қайраткерлер де әкімнің ай дидарын бір көрсем деп жиі баратын болды. Несі бар, Президент айтқан деп кіріссе, бетіне кім келсін? Солтүстікті сабырға келтірсе, Смайылов тарихта қалады. Зор шанс! 

Басымызды тасқа да, тауға да ұрайық, бәрібір өткен күн қайтып оралмайды. Айтайын дегенім, халық  Парламентте қырғын дау-дамай болғанын көргісі келеді.  Бас шұлғи беретіндерден қоғам әбден шаршады. Түрлі көзқарастар мен кереғар пікірлер ғана Мәжілістің беделін көтермек. Ұлттың, елдің мүддесіне қарсы жасалған заң жобалары дауысқа түспей, талас-тартысқа ұласпай қабылданбауы керек. Ол үшін ұлт мүддесіне қарсы заң жобаларын өткізбейтін нағыз елге жанашыр, ұлтшылдар ғана Парламентке баруы керек. Латифундия мен олигархияның, олигополия мен монополияның заңсыз мүддесіне қарсы заң жобалары тек қана төбелес пен тартыс, бәсеке болатын, үздіксіз талас-тартысқа түсетін Парламентте ғана әзірленеді. Қайта-қайта сайлана беретін кейбір депутаттарды халық игілігіне жұмыс істемейтінін біле тұра оларға «Ел игілігі үшін тағы да аянбай қызмет ететініңізге сенеміз!» деу қаншалықты дұрыс? Осыдан да арылатын күн келді.

Біздің дәл қазіргі Парламентте ешқандай да жаға жыртысу, дүрдараздық болмайды. Ол анық. Салмақ бір жаққа ауып кете береді. Бұл жасақталған Парламентте де ел мүддесі үшін қатты талас-тартыс болмайтыны соның салдары. Алдын ала келісілген жерде ел мүддесі үшін алысқан депутаттар шықпайды. Оны сіз де білесіз. Елдің алдында үлкен-үлкен уәделер берілді. Дәл бүгіннен бастап депутаттардан сұрақ-жауап алына бастаған сияқты. Бір журналистер  «Республика» партиясының мүшелерін тырқыратып қуып жүр. «Аманатты» да аяп жатқан ешкім жоқ.  Ертең уәделер жерде қалса, онда түбі жақсылыққа апармасы анық. Онсыз да сенім таусылып, тоқырап тынған. Бұдан кейін де әрбір қадам үшін жауап беретін күн алда...

Әрине, Арман Шораев,   Рысбек Сәрсенбай т.б. қоғам белсенділері Мәжіліске сайланып жатса, кем-кетіктің орны толар еді. Әттең... әттең... оларға қиянаттың балтасы тигені айтылудай айтылды. Қалғаны уақыттың еншісінде. Келер ұрпақ ақ пен қараның ара жігін ашарына сенім зор. 

Осы жерде көкейде жүрген бір ойды айта кетуді жөн көріп отырмыз. Қазақтың Мәжіліске өткен қара домалақ балаларына жабылып, шабылып, аяқтан шалып сұрақ қойып жатқан журналистсымақтарға айтарым, неге дәл осылай жаңадан депутат болып сайланған өзге ұлт өкілдеріне сұрақ қоймайсыздар?  Неге Казанцев Павелге, Колода Дмитрийге, Кучинская Юлияға, Пономорев Сергейге, Смышляева Екатеринаға, Шаталов Никитаға, Савальева Татьянаға және тағы басқаларынан «мемлекеттік тілді білесіз бе?» деп неге сұрамасқа?! Мемлекеттік тілді білмейтіндер қазақ ұлтының мүддесін қалай көтермек? Олай деуге толық негіз бар, бүкіл мәселе, бүкіл болмыс тілден басталады. Олар Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты болып сайланды. Бұл деген өте үлкен лауазым. Сондықтан мемлекеттік тілді білмейтіндер Қазақтың төрінде отырмауы тиіс! Соңғы жылдары дәл осы қазақтілді депутаттарға шабуылдардың көбейгенін көріп отырып, кейде Кремль жақтан келіп жатқан тапсырма емес пе деген де ой қылаң беретінін жасырмаймын. Уақыт бәріне қатал сыншы, оның да, басқа да айтылып жүрген мәселелердің сырлары ашылар. Бірақ ол кезде бәрі де кеш болмасын деңіз. Әділетті Қазақстанды шынайы өмір сүруге деген айқын талаппен құрып жатқан жоқпыз ба? Сондықтан билігіміз бар, оның соңынан ерген халқымыз болсын, осының үдесінен шығуға тырысайық, соған ұмтылайық, ағайын!

СӘУЛЕ МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, публицист
06.04.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 148
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 144
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 658
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 778
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 691
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 701

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8841
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8238
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11465
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9222
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10449