МӘМС – халыққа тиімді жоба

МӘМС – халыққа тиімді жоба

«Дені саудың – жаны сау» дейді. Салауатты, сауатты ұлт – ел болашағының сенімді кепілі. Сондықтан ұлт саулығы – еліміздің ұлттық саясатының басты бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2021 жылғы 12 қазанда Үкімет «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасын бекіткен болатын.

2025 жылға дейінгі мерзімге жоспарланған жобаның мақсаты әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтауды қамтамасыз етуді көздейді. Жоба: медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, эпидемиялық болжау мен ден қоюдың заманауи жүйесін қалыптастыру, отандық фармацевтика саласының дамуына ықпал ету, салауатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін арттыруға және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған іс-шаралар сынды төрт түрлі бағытты қамтиды. Жоба аясында елорда тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмек пен тұрғындарды толғандыратын кейбір сұрақтар төңірегінде Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратовпен сұхбаттасқан едік.

Алдымен қала тұрғындарына көр- сетіліп жатқан медициналық көмектің са- пасы жөнінде айтып берсеңіз...

– Қаламызда жыл сайын тұрғындар саны артып келе жатқандықтан, жауапкершілік жүгі ауыр. Шағым әр уақытта болған, болашақта да болады, орынды сын біздің өсуімізге көмектеседі. Қазір көрсетілетін медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға барынша күш салып жатырмыз. Сөзіме дәлел, бүгінде Қазақстан бойынша өмір сүру ұзақтығынан ең жоғары көрсеткіш Нұр-Сұлтан қаласына тиесілі. 2021 жыл бойынша өмір сүру ұзақтығы 72,87 жасты құрады, 2020 жылмен салыстырғанда 0,62 жылға (73,49) азаю байқалады.

Сондай-ақ, қабылданған шаралардың арқасында 2022 жылдың алғашқы жартыжылдығында өткен жылдың алғашқы алты айына қарағанда қаланың негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштері жақсарған. Босану санының өсуі (2%), жалпы өлім-жітімнің (3,5%), қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімнің (16,7%), туберкулезден (3,5%), жарақаттардан, жазатайым оқиғалардан және уланудан болатын өлім-жітімнің (15,7%) төмендеуі байқалады.

– Медицина саласын цифрландыру бойынша елорда емханаларында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Денсаулық сақтау жүйесін толық цифрландыру мәселесі әлемнің бірде-бір елі әлі де түбегейлі қол жеткізе алмаған ұзақмерзімді мақсат екендігін атап өткім келеді. Бүгінде басқарма осы бағыттағы жұмысты жалғастыруда. Қаланың әрбір тұрғынында электрондық денсаулық паспорты жасалған, оны толтыру, деректерді енгізу 100%-ды құрайды, сондай-ақ зертханалық зерттеулер нәтижелерін, электрондық рецептілерді, еңбекке жарамсыздық парақтарын беру электрондық форматта жүргізіледі және пациенттің жеке кабинетінде қолжетімді.

Барлық емханаларда дәрігердің қабылдауына алдын ала жазылу, дәрігерді үйге шақыру, зертханалық зерттеу нәтижелерімен танысу секілді басқа да қызметтер үшін КМИС мобильді қосымшасын орнату жеткілікті. Қазір мобильді қосымшаны пайдаланушылар саны 300 мыңнан астам адамға жетті. Бұл дегеніміз – 18-50 жастағы интернетті белсенді қолда- нушы халықтың 48,6%-ы. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтанды- ру (МӘМС) шеңберінде медициналық көмек көрсететін Нұр-Сұлтан қаласының барлық 118 медициналық ұйымдарында 100% ақпараттық жүйелер енгізілді. Олар ҚР ДСМ және «Сақтандыру» ақпараттық жүйелерімен то- лық интеграцияланған.

Жедел жәрдем станциясы толық цифрландырылды. Диспетчерлер үшін 40 жұмыс орны, 90 дауыстық желіден тұратын үш телефон байланысы бар call-орталық ұйымдастырылды. Медициналық көмек көрсету сапасын арттыру және келу уақытын қысқарту үшін жедел медициналық жәрдем автомашиналары «ақылды» бағдаршамдарды жасыл түске ауыстыруға мүмкіндік беретін арнайы датчиктермен жабдықталған. Бұл шара бізге жедел жәрдем бригадасының келу уақытын 20%- ға қысқартуға мүмкіндік берді. ЖМК-ның 80 бригадасы коммуникаторлармен және GPS трекерлермен жабдықталған. Аталмыш жүйе ЖМК жұмысын автоматтандыруға мүмкіндік береді. Жауап беру уақыты 30%-ға, жалған шақырулар саны 45%-ға қысқарды.

Электрондық кезек жүйесінің бизнес-про- цестерін әзірлеу және халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру аясында 3 қалалық емханада ақылды электрондық кезекті басқару жүйесі бойынша жоба енгізілді. Бұл жоба пациенттер ағынын басқаруды жеңілдетуге, шағымдарды азайтуға, сондай-ақ медициналық қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік берді.

– Мемлекеттік ауруханаларда емделген науқастар дәрігерлердің емдеу тәсіліне, тамағына көңілі толмай жатады. Себеп қандай деп ойлайсыз?

– Мемлекеттік ауруханалардағы тамақ мәзірінің сапасы бойынша мекеменің аутсорсинг компаниялары жауапты екенін айтқым келеді. Бұл – жеке кәсіпкерге қойылатын сұрақ. Дәл осы мәселе бойынша ауруханалар басшылығына тапсырма берілді. Тамақ сапасы қатаң қадағалауға алынады. Ал дәрігерлердің емдеу тәсілі әр аурудың түріне, оның деңгейіне, елімізде бекітілген емдеу және диагностикалау хаттамаларына тікелей байланысты. Әр пациенттің ағзасы, ауру тарихы жеке болып табылады.

– Амбулаториялық көмек көрсету сапасын жақсарту бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– 2021 жылдың алғашқы жартыжылдығында қала тұрғындарына 200-ден астам жоғары технологиялық медициналық қызмет көр- сетілген. 2022 жылдың алғашқы алты айында бұл көрсеткіш 100-ге жуық тұрғынды құрады.

Амбулаториялық көмек көрсету сапасын жақсарту бойынша қазір «Пациенттерді қолдау қызметі» іске қосылды. Яғни емделушілерден түскен арыз-шағымдарды қарап, тексеріп, «осында және қазір» ұстанымы бойынша мәселені шешу үшін жұмыс жасалып жатыр. Жыл сайын белгіленген тізімге байланысты дәрігерлер мен медбикелердің біліктілігін арттыру мақсатында оқулар қарастырылған. Мамандарға қосымша және бейресми білім беру ережелеріне сәйкес жыл сайын денсаулық сақтау саласында кадрларды даярлау, біліктілігін арттыру және қайта даярлау бойынша оқыту ұйымдастырылады.

Жалпы медицина саласында «адами ресурс» аса маңызды. Дәрігерлер өмір бойы оқиды. Мысалы, 2019 жылы 2 мыңнан астам адам, оның ішінде шетелде 38 адам біліктілігін арттырудан өтті. 2020 жылы шамамен 1,8 мың дәрігер, оның ішінде 435 адам шетелде оқыды. 2021 жылы барлығы 60 дәрігер онкология, акушерия және гинекология, травматология, нейрохирургия, оториноларингология, хирургия, нефрология, неонатология, токсикология, офтальмология, фтизиатрия бейіндері бойынша Израиль, Германия, Ресей Федерациясының жетекші клиникаларында тағылымдамадан өтті. Сондай-ақ, халықаралық сарапшылардың қатысуымен шеберлік сыныптары өткізілді. Биыл барлығы 1,7 мыңға жуық медицина қызметкерлерін оқыту жоспарлануда, оның ішінде 1,6 мыңнан астамы – ел ішінде, 60-қа жуығы – шетелде. Кадрлар біліктілігін арттыру – медициналық қызметтің сапасын жақсартуда жасалатын бірден-бір шара.

– Халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін МСАК ұйымдары пациентке белсенді түрде үйге барып көмек көрсетеді. Сонымен бірге, үй жағдайындағы науқастарға «Үй жағдайындағы стационар» қызметімен күн сайынғы динамикалық бақылау жүргізіледі. Корона- вирустық инфекция мен пневмония белгілері бар пациенттер үшін тұрақты түрде мобильді бригада жұмыс істейді. Бұдан басқа, мобильді бригадалар созылмалы аурулары бар пациенттерге үйде қызмет көрсетеді. Жүкті әйелдер мен балаларға патронаж жұмыстарын жүргізеді.

– Қала бойынша COVID-19-ға қарсы вакцинация қай деңгейде? Халықтың қанша пайызы вакцина алды?

– Бүгінгі таңда қаламыздың 517 мыңға жуық тұрғыны, яғни 50%-ы коронавирусқа қарсы толық иммундаудан өтті. Жалпы екпе алу қарқыны жаман емес. Әр адам коронавирусқа қарсы екпені өзінің денсаулығы үшін алатынын түсінсе екен.

– МӘМС-ке қатысты «Жалақымыздан ұсталатын медициналық сақтандырудың ешқандай пайдасын көрмедік, алып тастасын» деген пікір көп айтылады. МӘМС-тің қандай артықшылықтары бар екенін түсіндіре аласыз ба? Халық неге пайдасын көре алмай жүр? МӘМС қолжетімді болу үшін не істеу керек?

 

– МӘМС-тің артықшылығы – жоғары мамандандырылған диагностикалық қызметтер алу. Бұл – халық үшін қолға алынған жоба. Оның пайдасын көру үшін, біріншіден, уақытылы толыққанды төлем болуы қажет. Осы жүйе аясында бұрын ТМККК шеңберінде қамтылмаған қызметтер қолжетімді. Мысалы, қазір КТ, МРТ, ПЭТ КТ сияқты қымбат зерттеулерді ТМККК жүйесінде тегін жасата аласыз. Стоматологиялық қызметтер: жоспарлы стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға және жүкті әйелдерге көрсетіледі және шұғыл көмекті 18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, ҰОС қатысушылары, I, II, III топтағы мүгедектер, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы ана- лар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, зей- неткерлер, инфекциялық және әлеуметтік мәні бар аурулармен ауыратын науқастар, ерекше қажеттіліктері бар балаға немесе бала кезінен I топтағы мүгедекке күтім жасайтын, жұмыс істемейтін тұлғалар ала алады. Оған қоса амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету тізімі артты.

Азаматтарға медициналық қызметтерді тіркелген жерінен тыс жерде алуына болады. Егер пациент республиканың басқа қаласында болса, шұғыл көмек көрсетуден бөлек өзінің учаскелік дәрігерінен жолдамасы болған кезде жоспарлы түрде мамандардың көмегіне жүгінуіне мүмкіндік бар. Оған қоса МӘМС шеңберінде оңалту (емдеу) қызметтері кеңейтілгенін атап өту керек. Бұрын пациенттер ақылы негізде жеке зертханалар мен клиникаларда өткен зертханалық қызметтер мен қан тамырларының зерттеулері қазір тегін.

«Сақтандырылған» мәртебесі жоқ пациенттер ТМККК шеңберінде жедел медициналық көмек, алғашқы медициналық-санитариялық көмек – учаскелік дәрігердің қабылдауы, диагностика және емдеу, актив, патронаж, иммундау, созылмалы аурулары бар пациенттерді диспансерлік бақылау, созылмалы ауруларды емдеу кезінде күндізгі және тәулік бойы стационарда медициналық көмек және басқа да паллиативтік медициналық көмек, туберкулез бойынша оңалту, шетелде емдеу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ТМКК аясында қарастырылған.

Толассыз түсіп жатқан пациенттердің санына қарамастан, дәрігерлер өз жұмысын адал атқаруға тырысады. Қазақта жақсы сөз бар: «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген. Тұрғындарды ауру ушығып кетпей тұрғанда уақытылы дәрігерге қаралып, үнемі денсаулықтарын күтуге шақырамын.

– Арнайы мамандарға жазылуға қатысты да сұрақтар көп. Мысалы: «Бір арнайы маманға жазылайық десек, маман 1-2 айға дейін босамайды, кезек толық дейді. Ал ақылы қаралайын десе, әлгі бос емес дәрігер қабылдайтын болып жатады». Неге? Бұл ақы алу үшін әдейі қолдан жасалып отырған жағдай ма?

– Біздің құзіретімізге қарасты мекемелер- де арнайы мамандар ТМККК және МӘМС шеңберінде ақылы қызмет көрсетпейді. Бірінші шұғыл медициналық көмекке мұқтаж жандар мен алдын ала жазылған пациенттерге басымдық беріледі. Ал жұмыс уақытынан тыс уақытта маманның өтініші бойынша емхана басшылығы ақылы қызмет көрсетуді ұйымдастыра алады. Емхана консультациялық диагностикалық қызметтерді күнтізбелік 14 күннен кешіктірмей ұсынады. Егер ұйымда қажетті мамандар болмаса, пациенттер қосымша мердігерлік шарт бойынша басқа ұйымдарға жіберіледі.

Мамандарды ұзақ күту көп жағдайда маманның жоқтығы немесе еңбек демалысына шығуына, ауырып қалу жағдайларына байланысты болуы ықтимал. Сіз меңзеп отырған оқиға туралы нақты деректер болса, біз анықтаймыз.

– Дәріханалардағы дәрінің бағасын кім бақылайды? Бір дәрінің дәріханаларда түрлі бағамен сатылуының себебі не?

– Барлық дәріханалардың жұмысын ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті қадағалайды.

 -Кез келген адамның қандай да бір аурухананы таңдауға құқығы бар. Бірақ дәрігерлер тек тұрғылықты жері бойынша тіркеуде тұрған науқасты ғана қараймыз деп жатады. Науқасқа дәрігерлік көмек қажет болған жағдайда неге екіұшты нұсқа қарастырылған? Түсіндіре кетсеңіз.

– ҚР әрбір азаматы емделер алдында аурухананы таңдай алады. Ол ауруханаға жатқызу порталы арқылы жүргізіледі. Ал емхананы таңдау құқығы оқуға түскен немесе жұмыс ауыстырған жағдайларды есептемегенде 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында жылына бір-ақ рет беріледі. Бұл жерде емхана мен аурухананың атқаратын қызметінде айырмашылық бар екендігін түсіну керек.

– Рақмет!

Сұхбаттасқан – Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
18.08.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 246
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 242
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 744
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 867
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 780

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8936
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8330
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11558
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9315
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10542