Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Глубокое ауданындағы Таулы Үлбі ауылында тұрғындармен кездесіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өзекті мәселелерді талқылады.
Жеті айдың қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысы негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамиканы сақтап отыр. Халықтың жан басына шаққандағы ақшалай табысы 15 пайызға жуық өсіп, 283 мың теңгені, орташа айлық жалақы 444,7 мың теңгені құрады. Жыл басынан бері облыста 11 мың жұмыс орны ашылды.
Кездесуде Глубокое ауданының 2026-2030 жылдарға арналған даму жоспарын тиімді іске асыру мәселесі көтерілді. Негізгі міндеттер – жаңа жұмыс орындарын ашу, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті дамыту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру.
Ауданның өз кірістерін ұлғайту да маңызды бағыттардың бірі. 1 тамыздағы жағдай бойынша бюджетке 3,2 млрд теңге түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 27,6 пайызға төмен. Осыған байланысты салық базасын кеңейту және жаңа өндірістерді тарту қажет.
Өнеркәсіп саласында жалпы құны 33,5 млрд теңгені құрайтын үш инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Өңір басшысы өндірісте жергілікті қамту үлесін арттырып, шикізатты қайта өңдеу деңгейін көтерудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар кәсіпорындардың сұранысына сәйкес кадр даярлау тапсырылды.
Ауылшаруашылығында жеті айда 16,6 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Аудан облыстағы өсімдік шаруашылығы өнімдерінің көлемі бойынша бірінші орында. Пайдаланылмай жатқан жерлерді айналымға енгізу, жемшөп базасын нығайту және «өндіріс – өңдеу – өткізу» тізбегін дамыту міндеті қойылды.
Глубокое ауданының туристік әлеуеті де жоғары. Таулы Үлбі мен Быструха ауылдарында туристік инфрақұрылым мен тау шаңғысы курортын дамыту жобалары іске асырылуда.
«Ауданның туристік әлеуеті жоғары. Сондықтан инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді қамтамасыз етіп қана қоймай, туристік қызмет көрсету сапасын арттыруға да басымдық беру қажет», – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Инфрақұрылымға
басымдық берілді

Жол инфрақұрылымын дамыту мәселесі де кездесудің негізгі тақырыптарының бірі болды. Ауданның жол желісінің жалпы ұзындығы 446 шақырымды құрайды.
Биыл тоғыз елді мекендегі жолдарды ағымдағы жөндеуге 119,3 млн теңге, төрт көпірді жөндеуге 86 млн теңгеден астам қаржы қарастырылған. Бобровка ауылындағы ұзындығы 7 шақырым жолды реконструкциялау жұмыстары жалғасуда.
«Өскемен – Риддер – РФ шекарасы» автожолының 75 шақырымында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған 3,7 млрд теңге бөлінген. Екі учаскедегі жұмысты жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Бобровка ауылында 45 шақырымға жуық су құбыры желісі жаңғыртылуда. Алдағы уақытта Ушаново, Жоғарғы Березовка және Алтай елді мекендеріндегі сумен жабдықтау жүйелерін жаңарту көзделген.
Әлеуметтік салада да бірқатар жоба жүзеге асуда. Ауданда әлеуметтік осал санаттарға арналған 36 пәтерлі 18 бірқабатты тұрғын үй салынуда. Белоусовка ауылында 150 орындық Мәдениет үйінің құрылысы 85 пайызға орындалған. Нысанды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Білім беру саласында жетіспейтін 28 педагогтің 24-і жұмысқа тартылған. Сонымен қатар 2-3 жастағы балалар үшін балабақшаларда қосымша орындар ашу қажеттігі айтылды.
Кездесу барысында денсаулық сақтау, интернетпен қамту және жылыту маусымына дайындық мәселелері де қаралды. Ауданның 36 елді мекенінің 34-і интернетпен қамтылған. Мало-Убинка мен Ново-Михайловка ауылдарын интернетке қосуды жеделдету тапсырылды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі тұрғындар көтерген мәселелердің нақты шешімін табуы қажет екенін атап өтті.
«Кездесу барысында тұрғындар көтерген барлық мәселе нақты жауап пен шешімін табуы тиіс. Жауапты басшылар осы тапсырмалардың орындалуын қамтамасыз етіп, нәтижесіне бақылау жасауы міндетті», – деді Нұрымбет Сақтағанов.















