Қазақ тарихында есімі ел аузына ілінген айтулы тұлғалар аз емес. Біз оларды мақтан тұтамыз. Сонымен қатар есімдерін ел жадында қалдыру мақсатында әрқилы іс-шаралар атқарамыз. Қала көшелеріне сондай айтулы тұлғалар есімдерін беріп, ескерткіштерін де қойып жатамыз. Бір сөзбен айтқанда, даңқ тұғырына көтерілген ақын-жазушыларымыз, батырларымыз бен қоғам қайраткерлері аттарындағы көшелерді Қазақстанның барлық қалаларынан кездестіруге болады. Мәдениет ошақтары да солардың есімдерімен аталады. Бұл – қуанарлық жайт. Бұл – мемлекеттік тұрғыда атқарылған іс-шаралардың жемісі. Алайда осы тұлғаларды үнемі іздеп тауып, елге таныту біздің парызымыз. Ол үшін солақай саясат әсерінен есімдері тарихтың жабулы беттерінде бүркеліп қалған кей тұлғаларды жазықсыз жабылған жаладан аршып алу – бүгінгі ұрпақтың басты міндеті. Рас, кезінде КСРО сынды алып империя пәрменімен жер аударылған, атылған қуғын-сүргін құрбандарының аты-жөнінен өзге мағлұматтар әлі күнге дейін өз құпиясын ішіне бүгіп жатыр. Болмаса, сол тізімдегі әр ер-азамат бір-бір тұлға. Солардың бірі – біз бүгін есімін ардақтап отырған Ақынбеков Иса.
Ақынбеков Иса бүгінгі Түркістан облысының Отырар ауданындағы Көксарай елді мекеніндегі Жанкел ауылына іргелес жатқан Мұрынқарақ тауының маңындағы Қамырлы әулие деген жерде 1896 жылы дүниеге келген. 1919-1922 жж. Арыс қалалық партия ұйымының бірінші хатшысы, 1924 жылы Түркістан Автономиялық Республикасының Орталық атқару комитетінің мүшесі, 1925-1926 жж. Шымкент облыстық атқару комитетінің төрағасы, УГОРКОМ-ның хатшысы, 1926-1928 жж. Торғай облыстық ВКП(б) хатшысы, 1928-1929 жж. Ақтөбе облыстық ВКП(б) хатшысы, 1932-1935 жж. Талдықорған УГОРКОМ-ның хатшысы (1935 жылы Марксизм-Ленинизм институтын бітірген), 1936 жылы Ақтөбе химиялық комбинатының партия комитетінің хатшысы, 1936-1937 жж. Ақтөбе қалалық УГОРКОМ-ның бірінші хатшысы қызметтерін атқарған. Алайда 1937 жылдың 6 желтоқсанында «халық жауы» деп ұсталып, артынша-ақ атылған. Ат жалын тартып мінген кезден бастап ел үшін атқарған қызметтерін әдейі тізіп шықтық. Шынтуайтына келгенде, мұндай өмір жолы – бүгінгі қай жасқа да арман. Ал сол шырқау биікбиіктерді Қызылқұмның қойнауындағы шалғай ауылда өмірге келген қарапайым қазақтың баласы бағындырған. Егер оған бүгінгі сіз бен бізге берілген мүмкіндік берілсе бар ғой, онда оның қай қиырдан көрінетіндігін тіпті болжай да алмайсың. Алайда қайда жүрсе де Ақынбеков Иса сынды тау тұлғаның туған елі абыройын асқақтату үшін еңбек етері күмәнсіз. КСРО билігі соны білгендіктен де жалынды жастың өмірін ерте қиды. Тек Ақынбеков Иса ғана емес, тап сол сияқты қаншама атпал азаматтарымыз қанды қасаптың құрбаны болды. Ол кезді біз надандықтың, қараңғылықтың, сауатсыздықтың дәуірі деп білдік. Алайда ол да жаңсақ түсінік. Шынтуайтына келгенде, қазақ даласында оқу-білімнің шыңына көтерілген білім иелері қай кезде де болған. Сондай жанның бірі, біз тілге тиек етіп отырған Ақынбеков Исаның құдай қосқан жары – Ақынбекова Айнаш.
Айнаш апамыз қазіргі Түркістан облысына қарасты Бөген ауданының Төрткүл ауылында 1904 жылы дүниеге келген. Жоғарғы оқу орнын түгесіп, орыс, араб тілінде таза сөйлеген. Арыс қаласында мұғалім, Шымкент қаласында мектеп директоры, Қостанай облысында білім басқармасы саласында қызмет атқарған. Арыс қалалық партия ұйымының хатшысы да болған. Жалпы ел арасында Айнаш апамыз сынды есімдері елеусіз қалған қазақ қыздары аз емес. Өз басым кезінде Ақынбеков Исаның баласы Әбдікерім ағамызбен тілдескен едім. Алайда ол кісінің айтулы тұлғаның баласы екенін білмейтінбіз. Өзі бұл тақырып тұрғысында әңгіме қозғамайтын. Қозғамайтын да жөні бар. КСРО құзыры жүріп тұрған кез. Әкесі әлі ақталмаған. Соған орай Әбдікерім ағамыз да мен туған Көксарай ауылына іргелес Ақтөбе совxозында ұзақ жылдар прораб болып, «Халық жауының ұрпағы» деген қосымша таңбаны «сүйретіп», қоңырқай тіршілік кешті. Оның кезінде Оңтүстік Қазақстан өңірінің атқару комитетін басқарған атақты Ақынбеков Исаның ұлы екенін ешкім де білген жоқ. Ол кісінің анасы Семей өңірінің тумасы болатын. Облыстық сот төрағасының қызы Айнаш апамыздың да өмір жолы бір кітапқа арқау болады. Көпшілік қауым Әбдікерім ағамыздың азан шақырып қойған атын біле бермейтін. Сондықтан ауыл-аймақтың бәрі ол кісіні Майбас деп атайтын. Сол атауға жастайынан құлағы үйреніп кеткеннен бе екен, әйтеуір ағамыз да Майбас дегенге ренжи қоймайтын. Сірә Майбас есімі өзіне үйлескен соң үнсіз қалған шығар, алайда мына бір шындықты да ескерусіз қалдыруға болмайды. Біздіңше, ол атау «xалық жауы» баласын кемсіту мақсатында жас кезінен бастап әдейі телінген. Әкесі бір өңір билігінің шырқау басында тұрғанда оған ол есімді қосақтауға ешкімнің батылы бармас еді. Оның үстіне айтулы тұлғаның баласы шалғай ауылға қоныс теуіп, тұрақтап қалмас та еді. Бұл есім де жесір әйел, жетім баланың өмір соқпағынан қалған бір белгі.
Біз қуғын-сүргін құрбандары тізімі ішінен тек бір есімді ғана бөліп алдық. Ал ол тізім ішінде Ақынбеков Иса сынды есімдері ескерусіз қалған тұлғалар аз емес. Егер іздеушісі болса олардың қай-қайсысы да ел мақтанышына айналып, бір-бір көше атын иеленіп тұрары күмәнсіз. Сондай іс-шараны бүгінгі күні Арыс қаласының әкімшілігі қолға алды. Соған орай үстіміздегі жылдың 19 наурыз күні Арыс қаласында әкімшіліктің қолдауымен айтулы тұлғаға арналған арнайы іс-шаралар өтіп, өзінің есімімен аталған көше бойында Ақынбеков Исаға қойылған ескерткіштің ашылу салтанаты болмақ. Бұл игі шараға белгілі кәсіпкер Жанысбеков Оразхан мұрындық болуда. Жалпы бізге қуғын-сүргін құрбандары есімдерін жаңғырту үшін тап осындай Оразхандар керек. Сонда ғана Жаңа Қазақстан бой түзейді.