Пәлі! Құрылтайда бата берер ақсақалдар қайда?

Пәлі! Құрылтайда бата берер ақсақалдар қайда?

Қазақстандағы саяси және әлеуметтік реформалардың аясында 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған Ұлттық құрылтай елдің болашағына бағытталған маңызды қадамдардың бірі болатын. Құрылтайдың мақсаты – халық пен билік арасындағы байланысты нығайту, қоғамдық мәселелерді ашық талқылау және елдегі реформаларды тиімді жүзеге асыруға атсалысу-тын. Ол миссиясын атқарған сынды.

Иә, Құрылтайдың елге берері көп еді... Алайда халық арасында Заң шығарушы орган Парламент тұрғанда, Құрылтайдың не керегі бар деген сыңар езу пікірлер де жолығады. Бұл Құрылтайдың мақсаты мен мүддесіне түсінбеу ме? Талабына терең бойламау ма? Әлде ащы шындық па? Ол енді уақыттың еншісіндегі дүние.

Түсінікті болу үшін айта кетейік, құрамына саяси партиялар мен азаматтық қоғам өкілдері енген Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі елге көптен бері қажет заң жобаларын дайындап, саяси реформалар жүргізуге атсалысады делінген. Кеңес отырыстарының бірінде елдегі сайлау, саяси партиялар, бейбіт митингілер туралы заңдарды қайта қарау қажеттігі жайлы бастама көтерілген. Бірақ ол бастамалар толықтай жүзеге аспады... Бұл да бір түйткіл!

Жоғарыда айтылған сыни пікірлерге қарап, Құрылтайда ештеңе атқарылмады деп айтуға болмайды. Олай десек, обал жасаймыз! Қиянат болады.

Осыған дейін Құрылтай бастамасымен 26 заң қабылданды. Соның ішінде: Республика күні ұлттық мереке болды, Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілді, Әйелдер мен балаларды қорғау, вандализммен күрес, есірткі тасымалына жауапкершілікті күшейту заңмен бекітілді. Сондай-ақ вейптерге тыйым салу, лудоманияға қарсы шектеулер қою, БАҚ туралы жаңа заң, онлайн-платформаларды реттеу қолға алынды, ғылым мен білім заңнамасына түзетулер, Мемлекеттік наградаларды стандарттау, «Айбын» орденіне батырлар есімін беру, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру бойынша заңдар қабылданды. Құрылтай шешімімен бірнеше кешенді жоспар мен бағдарлама іске асырылуда. «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы енгізіліп, Ұлттық кітап күні белгіленді, Ясауи мұраларын зерттейтін ғылыми орталық құрылып, «Әзірет Сұлтан» қорығына ұлттық мәртебе берілді. Нашақорлыққа, лудоманияға қарсы және волонтерлікті дамытуға арналған 2026 жылға дейінгі жол карталары әзірленді. Басым бағыттардың тағы бірі – Тәуелсіздіктің 40 жылдығына дейін цифрландыру, ЖИ, көлік-транзит, энергетика, агроөнеркәсіп және адам капиталын дамыту басты назарда болады. Бесінші отырыста да осы бағыттарды дамытудың жаңа тетіктері талқыланды. Аз іс емес.

Сонымен Сыр еліндегі жиын Ұлттық құрылтай жұмысына нүкте қойды.

Қандай өзгерістер, қандай мәселелер көтерілгеніне барлығыңыз куә болдыңыздар. 145 депутаттың басын қосатын Парламент енді Құрылтай деп аталатын болды. Әрине, бүгінгінің басты жаңалығы осы. Құрылтайдың мүшелерін кім деп атайтынымыз әзірге белгісіз. Оның да бір ұлттық атауы табылып қалар.

Президент Тоқаев мұнан өзге де бірталай дүниенің басын шалды. Әсіресе тарихқа, елдің өткеніне, сонау Алтын ордадан бері үзілмей, сабақтасып келе жатқан рухани арқауға ерекше тоқталды. «Біз соңғы жылдары сан ғасырлық тарихи мұрамызды ғылыми тұрғыдан зерделеу және дәріптеу жолында біраз жетістікке жеттік» деген сөзі. Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, биыл Жошы хан туралы фильмнің түсірілімі аяқталады. Оның сыртында Алтын Ордаға қатысты халықаралық деңгейде симпозиум өтетіні айтылды.

Мұнан бөлек, бірнеше жылдан бері тікелей Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздің тарихына қатысты 7 томдық жазылып жатқаны баршаңызға аян.

Қалай дегенмен Тоқаев өзі басқарған 10 жылда елдің тарихын түгендеп, руханиятын серпілтіп, нағыз реформатор екенін танытуға бел буған сыңайлы. Бағасын уақыт берер...

Елімізде өтіп жатқан Құрылтайға да ел арасынан аманат арқалап келетін адамдар жетерлік. Биыл блогерлер қарасы көп секілді. Әйтеуір жарнамалары жер жарып тұр. Бірақ солардың сөздері Президент пен халыққа жетпей жатады. Бәлкім жеткізбей жатады. Бұл бір олқы тұс...

Жә, осы жерден тоқтап, бір нәрсенің басын ашып алған дұрыс. Бұл Құрылтай жалғыз қазақтың ғана еншісіне бұйырған жиын емес. Түркі жұртына ортақ сипат. Мұны да ескере жүрген абзал... 

Таяуда Қырғыз ағайындар да құрылтай өткізді – жақсы мен жайсаңын жинап. Креслоға жамбастары жабысып қалған шенеуніктерді емес, елдің ішінен аманат арқалап арнайы келген халыққа сөз берілді. Әсіресе шалғай ауылдардан келген ақсақалдарының сөз саптастары бөлек. Кәдімгідей айбынды. Айбарлы. Жалтақтау жоқ. Кімді болса да мысы басады. Тура айтады, кесіп тастайды.

Президентке жағайын, төсіме орден-медаль тағайын деген жарамсақтықтан ада. Сөзді әріден өрбітіп, Президенттің бүгінгі ұстанып отырған саясатына да соқтығып өткендер аз емес. Сол үшін оларды кінәлап, жауапқа тартып, қудалап жатқан біреуді көрмедік. Бәрі табиғи, сенімді. Елі де риза, Президенті де көңілді.

Айтпақшы, ел ақсақалдары Президент Садыр Жапаровтың алдында ауылдарының жолы мен ауызсуының проблемасын көтерді. Халқының тұрмысының бүгінгі жайынан да сөз өрбітті. Ертеңіміз не болады деген қауіп пен қатер де ескертілді. Мал бағасының құнсыздығы, ет пен терінің жайы да ортаға тасталды. Шекара мәселесі, көрші елдерге берілетін ағынды су да айтылды. Екі-үш күндей алқақотан отырып, іштегі шемен болған шерлерін ақтарып бір жасап қалды қырғыз халқы.

 

ҚЫРҒЫЗ ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ҚҰНДЫЛЫҒЫ НЕДЕ?

 

Регламентке бағынбай, төске шапқандары да кездесті. Айызымыздың бір қанғаны, Құрылтайда не айтылмады десеңізші. Бәрі де ел мұңы. Ел зары. Түймеден түйеге дейінгі жағдайдың бәрі көтерілді. Президенттің жеке басына да соқтығып, өткені мен кеткенін де қазбалаған адамдар болды. Жапаров та ер екен. Ауыр сынға да, дауылды ойларға да төтеп берді. Кейде күліп, кейде күрсіне отырып барлық сауалға жауап беруге тырысты. Ең маңызды, өзекті сауалдарды қойындәптеріне түртіп алып отырды. Демек, бәрі Президент назарында! Өзі қадағалайды. Көрші ел Президентінің бұл әдеті бізге де жұғысты болса игі!

Президент Садыр Жапаровтың құрылтайда айтқандарының, халыққа берген жауабының бір сыдырғысы мынаған сайды: «Қырғызстан құқықтық жүйеге ағылшын тілін енгізуді жоспарлап отыр. Егер біз халықаралық инвестиция нарығына шыққымыз келсе, ағылшын тілін енгізу міндет», – деді. Онан әрі: «Қырғызстанның барлық азаматтары қабылданған Конституциялық заңға сәйкес, қырғызша ойлап, қырғызша сөйлеуі керек», – деді. Елдің тұрмыс-тіршілігі туралы сөз ете келіп: «Шамамен 10 жылда елдегі кедейшілікті толық 100 пайызға болмаса да, 90 пайызға жеңеміз!» – деді.

Осыларды айтқан Президент Жапаров әрі қарай өзі һәм ел үкіметі қолға алып, 2023 жылы атқарған шаруалардың есебін оқыды. Осы жолғы құрылтайда талқы болған басты тақырыптың бірі – Қырғызстан туын өзгерту туралы бастама. Қырғыз жоғарғы Кеңесі осыған дейін ел туын өзгерту туралы мәселені қолдап дауыс берген. Жоба бойынша, Қырғыз байрағындағы күн шұғылалары иір емес, тік шашырайтын болады. Бұл бастаманы Президент Жапаров та қолдаған. Бізді таңғалдырғаны – құрылтайды өткізу форматтары бөлек, нағыз дала заңына орайластырылған, сонымен бірге құрылтайды өткізу салтанаты да қызық. Нағыз халықтық сипат көзге ұрады.

15-16 желтоқсан күні Қырғыз астанасында өткен екінші Халықтық құрылтайға Қырғызстанның бүкіл ауыл-аймақтарынан ұзын-ырғасы 700-ге жуық делегат қатысыпты. (Көрем деген адамға желіде видеосы да жүр).

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Ұлытауда өткен алғашқы отырысында: 

«Құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз. Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген. Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болған. Оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңде өткізілген. Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары жұртымызды ел қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды. Егемендік кезеңінде Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өткізілді. Бұл жиында сырттағы қандастарымыз атамекенге шақырылды. Біз бабалар жолын ұстанып, Құрылтай шақыру дәстүрін жаңғырттық. Елдігімізді нығайтып, бірлігімізді бекемдейік деп, бүгін бас қосып отырмыз», – деген еді.

Содан бері:

2022 жылы – Ұлытауда;

2023 жылы – Түркістанда;

2024 жылы – Атырауда;

2025 жылы – Бурабайда;

Міне, биыл Қызылорда қаласында өтіп жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында елдің көкейінде жүрген көптеген мәселені түйіндеді. Бұл халықтың көңілінен шыққан жиын болды.

– Бүгін Ұлттық құрылтай жиыны осымен бесінші рет шақырылып отыр. Бұл форумның алғашқы отырысы ұлт ұясы – Ұлытауда өтті. Екінші жиын түбі бір түркі жұртының қара шаңырағы – Түркістанда болды. Үшінші отырыс бірегей Атырау аумағында ұйымдастырылды. Ал былтыр тарихы бай Көкшетау төрінде жиналдық. Енді міне, қастерлі Қызылорда жерінде бас қосып отырмыз. Бұл – халқымыз үшін орны ерекше аймақ. «Сыр – Алаштың анасы» деген аталы сөз бар, – дей келе, Мемлекет басшысы осы атыраптағы Шірік-Рабат, Жанкент, Алтынасар, Баршынкент қалаларының орны көне заманның өзінде қазақ жерінде дамыған қала өркениеті болғанын аңғартатынын айтты.

– Қызылорданы сол әйгілі қалалардың заңды жалғасы дей аламыз. Бұл шаһардың тарихи мән-маңызы айрықша. Оның осыдан 1 ғасыр бұрын Қазақстан астанасы болғаны баршаға мәлім. Бұл жерде еліміздің болашағына қатысты аса маңызды шешімдер қабылданды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев кіріспе сөзінде. Сондай-ақ Президент Қызылордада жаңа драма театр, үлкен кітапхана салынатынын, мамыр айында Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиум өтетінін, ең бастысы еліміз өткен жылды табысты аяқтағанын айтты:

– Біз бір ел, бір халық болып жұмыла білгеннің арқасында өткен жылды мол табыспен аяқтадық. Былтыр экономикамыз 6,5 пайызға өсті. Еліміздің ішкі жалпы өнімі 300 млрд доллардан асты, ал жан басына шаққандағы үлесі Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет 15 мың доллар болды. Бұл – бүкіл Орталық Азия аймағы бойынша рекордтық көрсеткіш.

Ұлттық қордың валюталық активтері 5 млрд долларға ұлғайды. Алтын-валюта қорымыз ең жоғары деңгейге жетіп, 65 млрд доллардан асты. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайызға жақындады. Халық саны 20,5 миллионға жуықтады. Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетті. Ең бастысы, қоғам өзгерді, реформаларымыз тұрақты сипатқа ие болды, халықтың сана-сезімінде үлкен бетбұрыс жасалды.

Осы Құрылтайда Мемлекет басшысы Қызылорданың даму қарқынына жоғары баға берді. Құрылтайдың алғашқы күні «Әлеуметтік-мәдени даму», «Білім және ғылым», «Азаматтық қоғам», «Экономикалық даму» секцияларының жиыны мәнді де мазмұнды өтіп, онда түрлі көкейкесті мәселелер егжей-тегжейлі талқыланды. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Бурабайдағы Құрылтайдың нәтижесінде 6 заң қабылданып, 10 заң жұмысқа алынғанын айтты. Ал Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек:

– Қызылорда облысының әлеуметтік саласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте өңірдің жоғары білім мен ғылымдағы әлеуетін жан-жақты талқыладық. Облыстағы үш жоғары оқу орнында 20 мыңға жуық студент білім алуда, соңғы үш жылда студенттер саны 21 пайыздан астамға өсті. Бұл – өңір жастарының білімге деген сұранысы тұрақты екенін көрсететін маңызды көрсеткіш, – деді.

Қорыта айтқанда, Ұлттық құрылтай бастамаларын іске асыру шеңберінде 26 заң қабылданыпты. Бұл – құр сөз емес, нақты нәтиже!

 

Құрылтай енді 

Парламентке 

айналып, 

Ассамблеяның 

квотасы алынады

 

Енді жағымды жаңалықтарға тоқталайық. Жаңа Парламентті жасақтау тәртібі былай: депутаттар енді пропорционалды жүйе бойынша сайланады.

Парламентте бұрынғыдай Президент квотасы болмайды. Тек сайлау арқылы депутат болуға жол ашылмақ.

Тағы бір жағымды жаңалық, Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы квотасы да алынып тасталады. Бұл – халықтың қолдауына ие болар ұлы шешім. Себебі Қазақстан халқы құқықтық жағынан тең. Сондықтан өзге халықтарға Парламентте басымдық беру ақылға қонымсыз. Кеш жүзеге асса да, бұған да шүкір дейік!

Жаңа Парламентте депутаттарды 5 жылға сайлау көзделіп отыр. Парламентте мандат саны 145 болуы керек.

Жаңа Парламент – Құрылтай деп аталады. Ұлттық Құрылтай жұмысын тоқтатады.

Вице-президент мәртебесі белгіленеді. Оған кім лайық? Әзірге белгісіз. Мемлекеттік кеңесші қызметі жойылады. Мұның бәрінен көңілге түйетініміз – Конституцияға айтарлықтай өзгерістер енгізіледі деген сөз! Өзге де көңілге қонымды жетістіктер аз емес. Жалпы айтқанда, бесінші Ұлттық Құрылтай халықтың ойынан шықты. Ұлттық мүдде тұрғысынан да жетістігі көп болды. Әділетті Қазақстанның, Еститін Үкіметтің, күшті Парламенттің жарқырап таңы атып келе жатқан сияқты…

 

23.01.2026

Ұқсас жаңалықтар

Бауырлас елдерді барласақ
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 15.01.2026 426

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 22599
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 22355
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 38189
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 35933
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 39991