ҚЫМЫЗ КОРОЛІ

ҚЫМЫЗ КОРОЛІ

Кезінде өзінің іскерлігімен, шаруаға ептілігімен мал табудың жолын меңгеріп, мол байлыққа ие болып, халықтың қошеметіне бөленген, маңайындағыларға қол ұшын берудегі мырзалығымен де аты шыққан, өз алдымызға ел боламыз деп, іске білек сыбана кіріскен, Алашордалықтарға қолдан келген көмегін аямаған, ақырында бай болғаны үшін Кеңес өкіметінен опық жеген атақты Әлти қажының әулетінен тарайтын, оған шөбере болып келетін Нағашыбай Барлыбаев қаншама қиындықты бастан кешсе де, Әлти әулетінің сағы сынған жоқ. Кеңес үкіметінің кезінде оның ұрпақтарының бірі шаруашылық басқарса, енді бірі аудандық атқару комитетінің төрағасы болып еңбек етті. Ал тәуелсіздік жылдарында нарық заманының талабын меңгеріп, кәсіппен шұғылданудың қыр-сырына ден қойды. Солардың бірі – Нағашыбай Барлыбаев кеңестік кезеңде шаруашылық басқарса, бүгінде қазақтың ұлттық тағамы – қымыз өндіруді өндірістік бағытқа қоя білген ірі кәсіпкер. Сөз ретіне қарай Н.Барлыбаевтың осы кәсібі жөнінде аз-кем әңгімелей кетейік.

СҚО-да кәсіпкер ішкі сұранысты қамтамасыз ету үшін Ресейге қымыз экспортын  тоқтатты

Нағашыбай Сабырұлы Петропавл Педагогикалық институтын география-биология мамандығы бойынша бітіріп, одан кейінгі білімін Қорған ауылшаруашылық институтының агрономиялық факультетінде жалғайды. Нағашыбайдың осы оқу орнын бітірген жылдары атақты Терентий Мальцевтің осында еңбек етіп, атағы бүкіл Одаққа тараған кезі болатын. Нағашыбай  ғылымға да бейім екендігін дәлелдеп, осы институттың ғылыми кеңесінде ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты атағын сәтті қорғап шықты. Одан кейінгі өмірінің барлығы дерлік ауылшаруашылығы саласымен тікелей байланысты болды. Оның балалық шағы малды ауылда өтті. Бітірген оқуларының бәрі ауылшаруашылығымен байланысты. Ауыл қарттарының айтатын әңгімесі де оның құлағына жастайынан сіңді. Сондықтан да болар, оның жылқы туралы айтатын әңгімелері алпыс екі тамырыңды иітіп, санаңда осы түлікке деген құштарлықты оятады. 

Оның еңбек жолы ферма меңгерушісі, бас агроном, совхоз директоры болып жалғаса берді. Бабалардан қалған ауылшаруашылығымен байланысты жақсы дәстүрді жалғастырумен болды. Оның ішінде желдей ескен арғымақ мініп, байтақ далада мал басын еселеп өсіру оның арманы болатын. Елімізде басталған нарықтық экономика бар біліміңді, дағдыңды, тәжірибеңді жарқыратып көрсетер дәуірдің келгенін сезінген ол, өз басына дербес «Арқалық» ұжымдық шаруашылығын, жауапкершілігі шектеулі серіктестігін ашады. 10 000 га жерді толық игеріп, жыл сайын мал өнімдерін еселеп арттырып келеді. 

Қазақтың брендіне айналған сусын

Жабы – шаруаның жылқысы. Оның ет, сүт өнімдері өзге тұқымдардан басым түседі. Бұл мал семіргенде сала құлаш жайып ұлғаяды, салмағы артады. Тек күзде сойған дөнежін биелерінен орта есеппен 278-285 келі ет түседі. Жаз бойы сауғанда бие басынан үш мың литрден сүт өндіруге болады. Жабы төзімділігі, көнбістілігі және күштілігі жөнінен Азиядағы жылқы тұқымдарының алдыңғы легінде келеді. Қазақы жылқының қай түрі болмасын ұлтымызды, халықты арзан етпен қамтамасыз етудің тиімді көзінің бірі. 

Жылқыны үй жануары, адамның адал серігі, мініс көлігі, түрлі додаларда бәйгеге қосар тұлпар ретінде пайдаланумен қатар жүрек жалғап, қарын тойдырар азық ретінде де қарастырамыз. Қазақтар қымыз ішіп, қазы айналдырып, шұжық жасауды ертеден игергенін еске алсақ, соңғы жылдары еуропалық көршілеріміз де жылқы етін жоғары бағалайтынын байқадық.

Жылқының тағы бір қасиеті – сүтінде. Қазақтың ғасырлар бойғы көшпелі өмірінде ауруға ем болып, сауға қуат берген – осы қымыз. Ғалымдар атап көрсеткендей, бие сүтінде қант көбірек болады. Бие сүтін қымызға айналдыратын да сүттің табиғатында бар осы қант. Бие сүті қанттың көмегімен ашып, қымызға айналғанда қымызда 3-4 пайыз спирт болады. Қалыпты бір аяқ қымыздың өзі әркімді-ақ едәуір желпіндіреді. «Түнемелі» қымыз күшті келеді. «Құнан», «Дөнен» қымыздардың әлсізді ұрып жығатыны жайлы аңыз-әңгімелер жетерлік.Қымыз қазақтың ұлттық брендіне айналған сусын екені рас. Оның сары қымыз, уыз қымыз, бесті қымыз, дөнен қымыз, құнан қымыз, жуас қымыз, қысырақ қымыз сияқты түрлері бар. 

Соңғы кезде оның құрғақ түрі өндіріле бастады. Құрғақ қымызға Еуропа елдері, Біріккен Араб Әмірліктері, Қытай, Корея т.б. елдер қызығушылық танытуда. Жалпы, шетел азаматтарының қазақ қымызына қызығуына жердің табиғи құнарлылығы және жергілікті жылқылардың биологиялық ерекшеліктері себеп. Қымыздың майы – дәмді, белогы – жұғымды. Оның құрамында көмір қышқылдары көп болмаса да, ол адамның тәбетін ашып, асқазанның жақсы жұмыс істеуіне жәрдемдеседі. Сонымен бірге бие сүтінде «С» дәрумені мол. Ол өкпе ауруын емдеуде де жоғары бағаланады. Ресейдің Самара қаласы іргесінде өкпе ауруын қымызбен емдеу курорты бұдан бір жарым ғасыр бұрын – 1858 жылы ашылса, ол әлгі уәжіміздің бір ғана дәлелі. 

Ел іші ойын-сауықсыз, болмайды. Әсіресе, жер-жерге сауын айтып өткізілетін астардың орны мұндайда ерекше бөлек. Төрт құбыласы түгел, ауқатты әулеттер ондай астардың мерейін асыруға барын салған. Ондай тойлар мен астардың ең қызығы ат шабысы болса, оны өткізу дағдылы дәстүрге айналған. Ондай астарда бәйгеге жүздеген ат қосылып, мәреге бірінші келген тұлпардың бәйгесі бір тайпа елге ырыздық болған кездері де тарихтан белгілі.

Ол үлкен сұранысқа ие

Сөйтіп, Нағашыбай Сабырұлы бабалар сапырған сары қымызды өндірістік жолға қойып, Солтүстік Қазақстан облысындағы өзі басқаратын ұжымдық шаруашылықтың тізгінін ұстады. Бұл шаруашылық өндірген қымыз Қазақстанның бірнеше облыстары мен Ресей Федерациясының аумағында да сұранысқа ие. 

Жылқы шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандарымен бірлесіп, Қазақстанда тұңғыш рет өндірістік негізде жүзеге асырылған қымызды өндіру жұртшылықтың да көңілінен шығып отыр. Әсіресе, осы шаруашылықта өндірілетін қымыздың классикалық түрі кеңінен тарауда. Өйткені бие сүтінен өндірілетін қымыздың бұл түрі ұлттық дәстүрге негізделген рецептура бойынша жасалады. Оған сұраныстың көп болатыны да сондықтан. Атап айтқанда, Петропавлдан, Астанадан, Көкшетаудан сұраныс көп түседі. Ресейдің сонау шалғайдағы Сургут және Краснодар қалалары да қымыздың осы түріне тапсырыс береді. Шынын айтқанда, көрші елде де қымыз өндірушілер бар. Соған қарамастан, олар ішкі тұтыныстың 10-15-ақ пайызын құрайды екен. 

Иә, қымызды ұлттық дәстүр аясында өндіруді жолға қоя білген шаруа қожалығының бүгінде тасы өрге домалап тұр. Әрі оны өндірістік ауқымда жүзеге асыру да істің алға жылжуына жәрдемін тигізді. Қазір шаруашылықтың шағын зауытынан тәулігіне 1000 литр қымыз шығарылып, тұтынушыларға жол тартады. Бұл шаруашылықтың өнімдері үнемі республикалық және халықаралық көрмелердің жеңімпазы атанумен келеді. «Эрнст энд Янг» Халықаралық компаниясы 2008 жылдың «Қазақстандағы үздік кәсіпкер» және «Дәстүрлі ұлттық құндылықтарды қолдау» Халықаралық байқауының лауреаты атанса,  шаруашылықта өндірілетін «Қызыл ой» және «Тентек» деп аталатын қымыздар өнімі Алматыда өткізілген «Қазақстанның азық-түлік нарығы – 2008» Халықаралық көрмесінде сол кездегі Ауыл шаруашылығы министрі А.К. Күрішбаевтың қолы қойылған диплом мен алтын медальға ие болды. 2008 жылы тамыз айында өткізілген өңірлік «Алтын сапа» конкурсында Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің дипломымен марапатталды. Сол жылы қазан айында «Озық инновациялық жоба» конкурсында шаруашылық жүлделі екінші орынды иеленді. ҚР Президентінің «Парыз – 2010» байқауында «Әлеуметтік жауапкершілігі жоғары кәсіпорынның» алтын медалін, «Қараөткел – 2010» агроөндірістік кешеннің жетістіктері атты  ІV Қазақстандық жәрмеңке дипломының иегері, 2016 жылы Якутск қаласында ІІ Халықаралық «Кымыс-Айыы Аһа» фестивалының жеңімпазы атанды. Бұл тізімді одан әрі жалғастыра беруге болады. Нағашыбай басқаратын ұжым өз өнімдерін шығарған халықаралық және еліміздегі байқаулардың бәрінде дерлік табыспен оралып келеді. Осының бәрі шаруашылық шығаратын қымыз өнімінің халыққа ұнағанын көрсетеді.

Нағашыбай Барлыбаев: Қымызға деген сұраныс ешқашан да төмендемейді |  «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы

Қымыз өндіру 2007 жылдан бастап қолға алынып, оның көлемі жылдан-жылға артып келеді. 2021 жылы 36 мыңнан астам литр өнім шығарылса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 50 мың литрден асып түсті. Шаруашылықтың ендігі мақсаты – қымыз өнімін өндіруді еселей түсу үшін мал санын көбейту, жайылым мәселесін шешу, техника санын арттыру. Сол арқылы сүт өнімін беретін бие санын 200-ге дейін жеткізбекші. Сондай-ақ жыл бойы жайылымда ұсталатын жылқы санын 500-ге жеткізу жоспарлануда. Бұл кәсіпорында экономиканы дамытып, қаражат ағымдарын алдын ала жоспарлау дағдыға айналған. Бұл шаруашылықта еңбектің қауіпсіздігі мен оны қорғауға ерекше мән беріледі. Жұмысшыларды әлеуметтік қорғауға, олардың денсаулығын және технологиялық құрал-жабдықтарды пайдалану қауіпсіздігін сақтауға ерекше мән беріледі. Бұл кәсіпорынның аумағында көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жоғары деңгейге жеткізілген. Еңбек етушілердің әлеуметтік мәселелерін шешу – ең негізгі міндет. Өндіріс басшысы өндіріс үдерістерін тиімді пайдаланып және өз қызметтерін сапалы атқарған қызметкерлерге материалдық ынталандыру жүйесі құрылған. Кәсіпорын зейнеткерлерге, жетім-жесірлерге, мұқтаж отбасыларға үнемі материалдық көмек көрсетіп келеді. Жыл сайын 1 қазан күні қарт адамдарға қамқорлық көрсетіліп, демеушілік көмек беріледі. Мектеп оқушыларына ыстық тамақ ұйымдастырылған. Жөндеу жұмыстарына, мәдени шараларды өткізуге үнемі қаражат бөлінеді. Осының бәрі Нағашыбай Сабырұлының беделін өсіріп, халық құрметінің биігіне көтерді. 

СҚО-да кәсіпкер ішкі сұранысты қамтамасыз ету үшін Ресейге қымыз экспортын  тоқтатты

 

Адамдарға қол ұшын беру – нағыз бақыт

Үнемі ізденіс үстінде жүретін Нағашыбай жаңалықтарды оқып, үйреніп, өз ұжымында пайдаланады. Ол адамдарға қол ұшын созып, көмек көрсетуден қуат алады. Жеке әңгімеде бұл менің өмірлік мұратым дейді ол. Әсіресе, балаларға көмек көрсетіп, олардың күлген жүзін көруден сонша шабыт алады екен. Содан ол мына төмендегі жайды асықпай, саспай баяндап берген еді. 

Радио жүргізушісі нигериялық миллиардер Феми Отедоладан телефон арқылы берген сұхбатында: «Мырза, Сізді өмірдегі ең бақытты адам еткен жәйт есіңізде ме?» – деп сұрайды. Фемидің жауабы былай болды: «Мен өмірдегі бақыттың төрт кезеңінен өттім және ақырында шынайы бақыттың не екенін түсіндім».

Бірінші кезең байлық пен қаражат жинау болды. Бірақ бұл кезеңде мен қалаған бақытты ала алмадым. Содан кейін құндылықтар мен бағалы заттарды жинаудың екінші кезеңі келді. Бірақ мен мұның  әсері де уақытша екенін және құнды заттардың жылтырақтығы ұзаққа созылмайтынын түсіндім. Содан кейін үлкен жобаларды алудың үшінші кезеңі келді. Бұл менің  Нигерия мен Африкаға дизель отынын тасымалдаудың 95%  иеленген кезеңім еді. Сонымен қатар, сол кезде  Африка мен Азиядағы ең ірі кеме компаниясының иесі болдым. Бірақ мұнда да  армандаған бақытты таба алмадым. Төртінші кезеңде досым мүгедек балаларға арналған арбаны сатып алуымды өтінді. Барлығы 200-ге жуық арба керек еді. Досымның өтініші бойынша, мен бірден мүгедектер арбасын сатып алдым. Бірақ досым онымен  бірге барып, арбаларды балаларға өзімнің табыстауымды өтінді. Мен жиналып, онымен бірге барып, арбаларды өз қолыммен тапсырдым. Олардың жүздерінен бақыттың ерекше жарқылын көрдім. Балалардың мүгедектер арбасында отырғанын, қозғалғанын және көңіл көтергенін қызықтадым. Олар пикник алаңына келіп,  үлкен бір  джекпотты ұтып алып, бөлісіп жатқандай әсерде болды. Мен өзімнің тұла бойымда  нағыз қуанышты  сезіндім. Содан, кетейін деп жатқанымда  балалардың бірі аяғымнан ұстап алды. Мен аяғымды ақырын босатуға тырыстым, бірақ бала менің бетіме қарап, аяғымды жіберер емес. Мен еңкейіп, баладан: «Саған тағы бір нәрсе керек пе?» – деп сұрадым.

Бұл баланың маған берген жауабы менің санамды толығымен және өмірге деген көзқарасымды түбегейлі өзгертті. Ол: «Мен сенің жүзіңді есімде сақтағым келеді, сені көкте – періштелер мекенінде кездестіргенде танитындай болып, тағы да алғыс айта аламын ба?» – дегенде, менің бойымды кернеген қуаныш шуағы бұрын өмірімде кездеспеген күйге түсірді. Менің өңімді, бет-бейнемді тағы да, тіпті періштелер мекенінде шын жүректен көруге құштар жан барына қуандым. Бұл менің нағыз бақытты шағым еді», – дейді миллиардер. Нағашыбай мырза бұл әңгімені айтқан кезде өңі нұрланып, берекет тапқандай күйде болды. 

 

Қымыз-балшықпен емдеу зор серпіліс әкеледі

Шаруашылық сапа мәселесіне де қатты көңіл бөледі. Түрлі қоспаларсыз (консерванттар, т.б.) таза табиғи өнім өндіру шаруашылықтың негізгі бағыты болғандықтан, сан қуып, сапаны төмендетіп алмау үшін ұжым өндіріс көлемін тым үлкейтіп жібермеу жағын назарда ұстайды. Қымыз сусынының ағзаға пайдалылығы мен сапасын сақтау басты мақсат болғандықтан, экспорт көлемін арттыруға асықпайды. Оның есесіне шаруашылықта қымызбен емдеу орталығын ашуға күш салынуда. Шаруашылықтың бұл бастамасы облыс басшылығының тарапынан қолдау тауып, «Даму» қоры арқылы қаржыландырылды. 

Іскер азамат былай дейді:

«Бірнеше жылдан бері қымыз-балшықпен емдеу мекемесінің жобасын іске асырсам деймін. Біздің қожалыққа жақын маңда «Мыңкесер» атты ерекше көл бар. Күкірт сутегіне бай емдік балшығымен кеңінен танымал.  Өткен ғасырдың 30-жылдары басында Қызылжарда физикалық тәсілмен емдейтін тұңғыш қазақ аймақтық институты ашылған болатын. Сол кездің өзінде ғалымдар осы көл балшығының емдік қасиеттерін  нақты сипаттап, бірқатар  кеселді ауруларға ем екенін дәлелдеп берді. Өткен ғасырдың 30-жылдарының басында ғана Петропавлда балшықтың физикалық әдістерін Қазақ өлкелік институты ғалымдары көл балшығының қажетті бальнеологиялық қасиеттердің барлық түрлеріне ие екендігін және көбінесе ұзақ уақыттық терапияны талап ететін бірқатар науқастарды емдеу үшін пайдаланылуы мүмкін екендігін мойындаған еді. Іс жүзінде ол Ресейдің Ставрополь өлкесіндегі Тамбукан, Қорған облысындағы Медвежье, Новосібір облысындағы Горькое және Карачи сияқты көлдеріндегі, сонымен қатар, Орта Азиядағы шипажай аймақтары және тіпті, Израильдегі Өлі теңіз балшықтарына ұқсас. Осыны біле тұрып, біз өзімізге неліктен жеке қымыз-балшық емдік орнын ашпасқа деген сауал қойдық. Бір айта кететіні, бұл идеяға облыс әкімі қолдау көрсетіп, «Даму» қоры арқылы 20 миллион теңге алдық және 2009 жылы Петропавлда құрылысты бастап та кеттік. Қазірде СҚО Кәсіпкерлер палатасының көмегімен аппликация қолдану мақсатында материал – емдік балшықты алу жағынан балшықпен емдеу орны үшін лицензия алу жайлы мәселені шешуге тырысып жүрмін.

Егерде бұл біздің қолдан  келсе, үлкен серпіліс болар еді. Өйткені ең жақын балшықпен емдеу орны бізден 400 шақырым жерде, Қостанай облысындағы «Сосновый бор». Бірақ, онда қымызбен емдеу жоқ. Сондықтан да,  аса тиімді осы қымыз-балшықпен емдеу орнын ашуға бар күш-жігерді жұмсауға ниеттімін.

Көріп отырғанымыздай, ата-бабадан жалғасып келе жатқан дәулет Әлти байдың ұрпағы Нағашыбай Барлыбаевтың алдына қайта оралды. Құдай берген дәулет еш сарқылмай, ол жүздеген жылқы, мыңдаған қой, «Арқалық» агрофирмасы болып көрініс тапты. Жүздеген адамдарға жұмыс тауып берді. Олардың отбасы, дастарқанына несібе болып жетті. Ол да өзінің ұлы бабасы сияқты өз дәуірінің ең озық техникасын, құралдарын, қондырғыларын пайдаланатын ірі фирма арқылы мол табыстарға қолы жетті. Мал және егін шаруашылығында көптеген шетелдік әріптестерімен тіл табысып, олардың озық технологиясын өз шаруашылығына әкеліп енгізді. Биелерді аппараттармен сауу, қорадағы малдарға ұқсатылған жем-шөп тарату, малдың астын тазалау т.б. ауылшаруашылығының осындай жұмыстарының барлығы машиналар арқылы орындалады. 

 

Осы салаға түбегейлі бетбұрыс қажет

Нағашыбай Сабырұлы ғалым, ірі шаруашылық басшысы ретінде осы саланың біраз проблемаларына, сан қилы мәселелеріне тоқталды:

– Мал өсіруде саннан гөрі сапаға көшкен уақытта асыл тұқымның жайын күйттеу де оңай болмас. Өйткені бұрынғыдай емес, қазір ауылшаруашылық саласындағы мамандар тапшы. Жылқы танитын жастар азайып кеткен. Қазіргі таңдағы ең даулы болып отырған жер мәселесі тағы бар. Шаруа қожалықтарымен қатар, жеке тұрғындардың да малы өсті. Күндіз-түні жайылатын жылқыға кең өріс керек. Әркім шабындықтарын қалың жылқыдан қорғап әлек. Жасыратыны жоқ, мал бағуда әлі де бұрынғы ата-бабаларымыздың тәжірибесіне сүйеніп келеміз. Бірақ ғылыми жұмыстар да қатар жүргізілуі тиіс. Ең маңыздысы – селекциялық жұмыстарды тоқтатпау. 

Мал шаруашылығы мамандыққа қызығушылық танытып тұрған жастар да жоқтың қасы. Фермерлер өздерінің балаларын бұл салаға бере бермейді. Негізі, әр шаруа қожалық иелері өздерінің бір баласын осы мамандыққа оқытқаны абзал деп есептеймін, – дейді ғалым. 

Қымыз – қазақ халқының ұлттық тағамдарының ішіндегі ең құрметті дастарқан дәмінің бірі. Ол бие сүтінен  ашытылады. Әдетте сауылатын биелер сақа бие, қулық бие, қысырақ бие деп үшке бөлінеді. Қазіргі қысылтаяң шақта иммунитетіңізді көтеретін бірден-бір ем – жылқының сүті мен жылқының еті. Бұл туралы тек біз емес, еліміздің дәрігер мамандары кеңес беріп отыр. Қазақ халқы үшін жылқы үлкен қасиетке ие асылтұқымды жануар. Мінсе көлік, жесе тамақ, ішсе сусын болған төрт түліктің киесінің емдік қасиеттері бар екенін біреу білсе, біреу білмес. Халық арасында «Қымыз қырық ауруға ем» деген сөзде желдей есіп жүр. Әңгіме, бұл жерде, «жанға дәру – бал қымызы» жайлы өрбімек. Жылқы сусыны қымыз – жай ғана сусын түрі емес, емдеу мақсатында қолданылатын өнім. Қазіргінің тілімен айтсақ, осы заманның «энергетик» сусыны. Ел арасында қымызды көңіл сергіту үшін, денсаулықты қалпына келтіріп, ұзақ жасау үшін пайдаланған. Халық емшілері қымызды адамның ішкі органдарын емдейтін айрықша дәрі деп санаған. Айталық, асқазан, тыныс жолдары, ішек ауруларының алдын алуға болады екен. Қымыздың құрамындағы барлық элементтер адамның бойына тез тарайды. Жылқы сүтінің майлылығы тіл үйіреді, ақуызы сіңімді. Бастапқы 7-10 күнде оның құрамындағы емдік қасиеттер сақталады. Қымызды қазақтар ет жегеннен кейін ауыр асты қорыту үшін ішкен. Яғни, қымыз құрамындағы көмір қышқылы тәбетті басып, асқазан жұмысын жеңілдетеді. Жылқының жаңа сауылған саумалының құрамында «С» дәрумені мол. Қазіргі таңдағы иммунитеттің қорғаны, вирустың алдын алушы да осы дәрумен екені белгілі. Сол себепті өкпе-тыныс ауруларымен ауырған адам ең бірінші саумал ішкені дұрыс. Ал еліміздегі қымыз арқылы емдейтін бірінші сауықтыру орны 1910 жылы ашылған. Ол Көкшедегі жер жетпес Бурабайда орналасқан. Қымыз жүйке жүйесін тыныштандырады. Ал, өкпе ауруымен ауырған науқастың дәрумен бұзылушылық ақауын реттеп, қымызбен емдеген. Осы аурудан қымыз ішу арқылы жазылған науқастар да баршылық. Ғылымда қымыздың пайдасы мен емдік негіздері ашылған сәттен бастап барлық дәрігерлердің нұсқаулығында дәрі-дәрмек ретінде көрсетіліп келеді. Заман дамып, сусынның неше түрі шығарылып жатқанымен, ешбір сусын қымызбен тең түскен емес. Қымыз ас қорыту жүйесін реттеп, адам бойында жасырынып жатқан ісік ауруының алдын алады екен. Ол ас қорытуды жақсартып, жүрек-қан тамырларды реттеп, жүйке жүйесін қалыпқа түсіреді. Оның адам денсаулығына тигізер пайдасы ұшан-теңіз. 

«Адамдар басында сенімсіздікпен қарап, «осынша көлемде таза қымыз шығаруға бола ма», «оның сапасы, табиғи таза дәмі қалай, бал тати ма, болмаса су тати ма» деген сауалдар қойып жатты. Басындағы бұл секемдену бізге де ауыр тиді... Өзімнің басты арманым да осы істі бір бастау болатын. Әу бастан,  осындай ірі көлемдегі қымыз өндірісін дамытуды қолға алу еді.  Сөйтіп, осы істің ізашары ретінде тарихта есімім қалса, арманым орындалғаны. Қандай жағдай болса да тізе бүкпедім, бар қажыр-қайратымды  осы  іске арнап кірісіп кеткен соң, тек алға жылжуды ойладым. Сол үшін де өзіме дән ризамын, –  дейді әйгілі мал маманы Нағашыбай.

СҚО-да кәсіпкер ішкі сұранысты қамтамасыз ету үшін Ресейге қымыз экспортын  тоқтатты

Бүгінгі таңда жастардың көпшілігі шетелдік газдалған сусындарына әуес. Әсіресе, «Coca cola», «Pepsi» сынды брендтік сусындарды жиі ішіп жүр. Қанша жерден ағзаға зиян екенін, семіздік, қант диабеті, жүрек пен қан тамырларының ауруына алып келетіні айтылса да, көпшілік бұдан бас тартар емес. Бұл жағдайда денсаулығын сақтаса, ұлттық өніміміздің артықшылықтарын пайдаланса екен деген тілек қана туады. Мысалы, газдалған сусындардың бала денсаулығына зиян екенін әлем елдері жариялап та келеді. Тіпті, кейбір елдер аталған сусындардың өз елдерінде сатылуына тыйым салған.

Қазіргі таңда ағзамызға осындай зиянды өнімдерді пайдалану арқылы қастандық жасалып отыр. Ал бойға қуат болар қымыз бен саумалдың емдік қасиеті туралы көбірек айтылса, зиянды сусындардың орнын алмастырып қалуы да мүмкін.

– Өкініштісі сол, ұлттық бренд көзден бұлбұл ұшпасын деңіз. Балбармақты аналарымыз қазір жоқтың қасы,  қас-қағым сәттік баюды ойлаушылар қолда бар жылқы төлін өсіріп үлгірмей-ақ, пышаққа ұрып,  етке жіберуде.  Үкімет тарапынан да  ауылшаруашылығының осы маңызды саласына түбегейлі бетбұрыс қажет, – дейді Нағашыбай Сабырұлы.

ӨМІРЗАҚ ОЗҒАНБАЕВ
13.04.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 70
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 592
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 708
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 621
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 631

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8767
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8166
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11395
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9149
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10380