Түркістан облысындағы «Дарбаза» оқу полигонында Қарулы күштердегі жауынгерлік даярлық жоспары шеңберінде алтыншы механикаландырылған бригада бөлімшелерін үйлестіру аяқталуда. Бұл кезең бөлімшелердің жауынгерлік атыс жаттығуларын өткізумен қорытындыланады. Бүгінгі таңда бригаданың тоқсанғаға жуық бөлімшесі жаттығулар бағдарламасын сәтті орындап, оған 158 мерзімді қызмет сарбазы қатысты.

Оқу-жаттығу барысында мамандық бойынша дайындықтан өткен және тактиканың теориялық негіздерін меңгерген жеке құрам штаттық қаруды қолдана отырып, шартты қарсыласпен ұрыс жүргізді. Әскери қызметшілер «шерудегі бөлімше», «елді мекендердегі ұрыс-қимылдар» және «қорғанысты ұйымдастыру» сияқты негізгі тақырыптар бойынша дағдыларды жетілдірді.
Оқу-жаттығу бағдарламасына әртүрлі жауынгерлік жағдайларды имитациялайтын сценарийлер де қосылды: әуе шабуылына тойтарыс беру, диверсиялық топтарды анықтау және жою, мина және жарылғыш тосқауылдарды қолдана отырып қорғаныс әрекеттерін жүргізу, сондай-ақ қорғаныстың алдыңғы шебінде жаудың көзін жою тәсілдері пысықталды.
– Бөлімшелердің жауынгерлік атыстарының негізгі мақсаты –командирлер мен бөлімшелерді атыс құралдарын нақты қолдана отырып, тиімді ұрыс-қимылдарын жүргізуге үйрету. Сабақ барысында шартты жау нысаналармен, имитациялық және басқа құралдармен белгіленеді. Атысты сауатты басқарудың және жауынгерлік бұйрықтардың нақты берілуінің арқасында командирлер қойылған міндеттерді ойдағыдай орындады, – деп атап өтті бригада командирінің жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары майор Ержан Сабырбекұлы.
Жауынгерлік атыс басталар алдында әскери қызметшілермен нұсқау-әдістемелік сабақтар өткізілді. Ұйымдастырылған оқу орындарында офицерлер мен сержанттарға бөлімшелердің жауынгерлік атыстарын өткізудің әртүрлі кезеңдеріндегі міндеттері туралы нұсқау берілді. Әскери қызметшілер қарулы қақтығыстардың заманауи тәжірибесін зерттеп, жеке құраммен жұмыс істеудің тиімді әдістерін қарастырды.