Тоқаев Ұлттық құрылтайда дін, ұлттық құндылықтар мен отбасындағы әйелдерді кемсіту мәселесін сөз етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында қазақтардың дәстүрлі діні ханафи мазһабына ден қою жайлы сөз етті. Президент өз сөзінде бабаларымыздың мың жылдық діни білімі мен рухани нұсқауына сүйенуіміз керек деп ерекше атап өтті. Оның айтуынша, «радикалды неофиттар қоғамға жат діни мұраттарды, оның ішінде халқымыздың салтында жоқ киім үлгісін енгізуге ұмтылуы дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан шабуыл». «Дүниеге ақыл-парасатпен қарау және еркін ойлау секілді ханафизмге тән қасиеттер ислам өркениетінің қайта өрлеуіне жол ашты. Сондай-ақ біздің өңірде өнер-ғылымның өркендеуіне және Әл-Фараби сияқты ұлы ойшылдардың тарих сахнасына шығуына ықпал етті. Ислам дінінің Ұлы дала төрінде таралып, тамыр жаюына орасан зор үлес қосқан, түркі әлеміндегі сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге де айрықша назар аударған жөн. Бұл мәселе бойынша ең әуелі өз еліміздің және шетелдің ғалымдарын шақырып, арнайы симпозиум өткізу қажет», – деді. Сонымен қатар Қазақстан мемлекеттігі мен қоғамдық моралына қайшы келмейтін діни наным-сенімдер, түрлі танымдар мен ілімдердің бәріне түсіністікпен қарайтынын атап өтті. «Бірақ біз батыстың, я болмаса басқа да көзқарас иелерінің ықпалымен төл мәдениетімізге әрі әлемнің дуалистік негізіне кереғар құндылықтарды насихаттаушылардың жетегіне еріп кете алмаймыз, кетпейміз де», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондай-ақ Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде дәстүрлі отбасы құндылықтарын табанды түрде орнықтыра беру қажет екеніне айрықша тоқталды. Ол ислам қағидаларын өрескел бұрмалап, қатып қалған догма ретінде қабылдайтын отбасындағы әйелдерді кемсіту, тіпті қорлау фактілеріне ерекше назар аудару жайын айтты. Оның айтуынша, мұндай отбасылардың тұрмыс-тіршілігі қазіргі заман талабына мүлде келмейді. 2022 жылы халыққа Жолдауында Президент Ұлттық құрылтай құруды ұсынды. Алғашқы құрылтайды ұлт ұясы атанған Ұлытауда өткізу белгіленді. 16 маусымда Ұлытауда Ұлттық құрылтайдың І отырысы өтті. Сол кезде Тоқаев Қазақстан атауына қатысты ойын білдірген еді. «Кейбір азаматтарымыз референдум кезінде мемлекеттің атауы да өзгеруге тиіс еді деген пікір айтып жүр. Олар «Қазақстан» атауындағы «-стан» сөзін елімізге де, бүкіл Азияға да жат ұғым деп санайды. Мұны да қисынды деп айтуға болмайды. Себебі, әлемде дәл осындай Пәкістан, Үндістан, Ауғанстан және Орталық Азия мемлекеттері бар», – деді Тоқаев. Осылайша қазіргі жағдайда ел атын ауыстыру жауапсыз шешім болатынын айтты.
Бір жылдан кейін Түркістанда өткен II Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар тапсырмалар беріп, ұлттық нышан, ұлттық тәрбие мен құндылықтар жайында сөз қозғады.
Жөнсіз ескерткіш салмау
Қазақты бөліп-жаруға болмайды. Біз жалпыұлттық деңгейде ойлауға ұмтылуымыз керек. Мысалы, әрбір қазақ ата-бабасын құрметтейді, рухына тағзым етеді. Сондықтан шежіре біздің мәдени кодымыздың ажырамас бөлігіне айналған. Бірақ біз тек қана осы түсінікпен шектеліп қалмауымыз қажет. Ең бастысы, бұл мәселені ешқашан саясатпен араластыруға болмайды. Соңғы кезде ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұрап, ұжымдық хат жазу әдетке айналып барады. Атасына ескерткіш қоюды, көшеге атын беруді өтінетіндер көбейді. Бұл – жағымсыз жағдай. Мұндай ұстанымдар еліміздің біртұтас идеологиялық кеңістігіне зиян келтіреді. Ұрпақ тәрбиесіне кесірін тигізеді. Тіпті, шетелде бізді көне заманға және кеңестік кезеңге қатысты монументтер қаптаған «Ескерткіштер елі» деп айтатын болды.
Қазақ тілінің қолданысын күшейту
Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным. Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық. Қазір ірі кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың үлесі арта түсті. Соңғы кезде баспагерлердің жаңа буыны әлемдік бестселлерге айналған шығармаларды аударып жүр. Көптеген кітаптарды шығарып жатыр. Аударылған кітаптардың ішінде көркем әдебиет қана емес, іскерлік бағыттағы туындылар да көп. Мемлекеттік саясаттың мәні – осында.
Нашақорлық
Нашақорлық, әсіресе, балалар арасында тез таралып, жастарымыз уланып жатыр. Есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Қазір есірткі сатқан қылмыскер қатаң жазаға тартылады. Менің ұсынысым: есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет. Парламентті бұл бастаманы қолдауға шақырамын.
Лудомания
Сол сияқты тағы бір қауіпті кесел – лудомания, яғни құмарпаздық. Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады.
Герб ауыстыру жайы
Ұлттық құрылтайдың III отырысы Атырауда өтті. Президент отырыста сөйлеген сөзінде бірнеше мәселеге тоқталды. Соның бірі герб ауыстыру жайы болды.
«Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек. Ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады. Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Сосын Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.