Сұрақтардың тууы –
жадының оянуы
Адам дүниеге келгенде оның санасы дайын тарихи біліммен келмейді. Бірақ ол бірден белгілі бір рухани ортаға енеді. Анасының үнін естиді. Туған тілдің әуезін қабылдайды. Отбасындағы сөзді, туыстық атауларды, жер-су атауларын, табиғат құбылыстарын, үлкен мен кішінің қарым-қатынасын сезіне бастайды. Сөйтіп, адам дүниені біртіндеп өзінің мәдени жады арқылы тұтас қабылдаудың тірі жүйесіне енеді. Осы алғашқы қабылдауды мен Уызсананың табиғи бастауы деп түсінемін.
Уызсана – дайын қағида емес. Ол – адамның туған ортасынан нәр алып, өмір бойы толығып отыратын рухани әрекет. Адам өскен сайын оның бойындағы алғашқы таным сұраққа айналады: Мен кіммін? Мен қайдан келдім? Менің тілім қандай? Менің халқым нені бастан өткерді? Менің жерімнің тарихы қандай? Ата-бабам қандай құндылықтарды аманат етті? Осы сұрақтардың тууы – жадының оянуы. Ал жадының оянуы – Уызсананың тереңдей бастауы. Сондықтан мен «жадының шөлдеуі» деген ұғымды да осы жерде қолданамын.
Жады да су сияқты. Ол өз бастауын іздейді. Адам өзінің тарихи тамырынан алыстаған сайын ішкі бір бос кеңістікті сезінуі мүмкін. Кейде ол бос кеңістікті сыртқы тұтынумен, шамадан тыс құмарлықпен, мағынасыз көңіл көтерумен немесе дайын ұғымдарды қабылдаумен толтырғысы келеді. Бірақ рухани қажеттілік сыртқы дүниенің көптігімен әрдайым өтеле бермейді. Адамға өзінің бастауын тану қажет. Осы жерде Уызсананың тәрбиелік және қоғамдық маңызы ашылады.
Біз баланы тек ақпаратпен толтырмауымыз керек. Оған мағына беруіміз керек. Оған тіл үйретумен қатар, тілдің артындағы дүниені танытуымыз керек. Дәстүрді үйретумен қатар, дәстүрдің мәнін ұғындыруымыз керек. Тарихты жаттатумен қатар, тарихи тәжірибеден сабақ алуға үйретуіміз керек. Сонда ғана білім санаға айналады. Сана мінезге айналады. Мінез әрекетке айналады. Әрекет азаматтық жауапкершілікке айналады. Меніңше, Уызсананың негізгі күші осында. Ол адамды өткенге байлап қоймайды. Керісінше, өткенді түсіну арқылы бүгінге жауапкершілікпен қарауға және болашақты саналы қалыптастыруға жетелейді.
Рухани вандализм деген не?
Осы жерде мені көптен бері толғандыратын тағы бір мәселе – рухани вандализм.
Рухани вандализмді тек тарихи ескерткішті қирату, мәдени мұраны бүлдіру сияқты сыртқы әрекеттермен шектеу жеткіліксіз. Материалдық вандализм көзге көрінеді.
Рухани вандализм адамның ішіне енуі мүмкін. Ол бірден байқалмайды. Ол адамның әдетінен басталады. Қоғамдық мінезден көрінеді. Тілге деген немқұрайдылықтан байқалады. Тарихқа селқостықтан білінеді. Дәстүрдің мәнін жоғалтып, оның сыртқы рәсімін ғана қалдырудан көрінеді.
Рухани вандализм – адамның өз рухани әлемін өзі бүлдіруі. Ол қоғамның кез келген қабатына енуі мүмкін. Отбасына да. Білімге де. Мәдениетке де. Қоғамдық қатынасқа да. Басқару жүйесіне де. Мемлекеттік санаға да. Оның ең қауіпті жері – адам өзінің рухани азуын қалыпты нәрсе деп қабылдай бастағанда.
Тіл бар, бірақ тілдік жауапкершілік жоқ. Тарих бар, бірақ тарихи сабақ жоқ. Мәдениет бар, бірақ мәдени мағына жоқ. Білім бар, бірақ терең ой жоқ. Ақпарат бар, бірақ талғам жоқ.
Бостандық бар, бірақ жауапкершілік жоқ. Осындай жағдайда қоғамның үстін рухани тұман басады. Ал рухани тұманның соңы мәнсіздікке, меңіреу мешеулікке, қоғамдық азуға ұласуы мүмкін. Сондықтан рухани вандализмге қарсы тұрудың ең тиімді жолдарының бірі – адамның ішкі рухани иммунитетін қалыптастыру.
Мен иммунитетті қорғаныс шеңбері деп түсінемін. Адамның тәндік иммунитеті ағзаға түскен нәрсені ажыратуға көмектессе, рухани иммунитет адамның санасына келген құбылыстарды саралауға мүмкіндік береді. Бұл – дүниеден оқшаулану емес. Бұл – дүниені талғаммен қабылдау. Жаңаның бәрін қабылдай беру де дұрыс емес. Ескінің бәрін қасиетті санау да дұрыс емес. Маңыздысы – олардың адамдық, ұлттық және өркениеттік мәнін ажырата білу. Осы жерде Уызсана рухани сүзгі қызметін атқарады.
Қоғам алдындағы
4 жауапкершілік
Меніңше, адам мен қоғамның алдында төрт түрлі жауапкершілік бір-бірімен сабақтасып жатады: перзенттік жауапкершілік, азаматтық жауапкершілік, қоғамдық жауапкершілік және мемлекеттік жауапкершілік. Перзенттік жауапкершілік – ата-ананы, туған жерді, ана тілді, ата-баба аманатын құрметтеуден басталады.
Азаматтық жауапкершілік – адал еңбекпен, біліммен, заңға құрметпен және елге қызмет етумен көрінеді.
Қоғамдық жауапкершілік – өзара сенімнен, бірліктен, әділеттен, қоғамдық әдептен және ортақ мүддені түсінуден тұрады.
Ал мемлекеттік жауапкершілік – ұлттың тіліне, тарихына, мәдениетіне, біліміне, ғылымына және болашағына жүйелі түрде қамқорлық жасаудан көрінеді.
Бұлардың бәрінің түпкі негізінде бір ғана сұрақ бар:
Мен өзімнен кейін не қалдырамын?
Бұл сұрақ мені жеке адамның тағдырынан қоғамның тағдырына қарай жетелейді.
Осы жерде мен қоғамшыл мұң деген ұғымды да маңызды деп санаймын.
Қоғамшыл мұң – торығу емес. Ол – елдің ертеңін ойлаған сананың бұлты. Үміт пен сенімнің жарығы бар жерде де терең ой болуы керек.
Жетістік пен жеңіс бар жерде де тарихи тәлім мен қоғамдық жауапкершілік болуы керек.
Адам тек қуанышпен өмір сүрмейді. Оған ой керек. Оған ізденіс керек. Оған тарихи сабақ керек. Оған ертеңгі күннің қамын ойлау керек.
Ойдың бұлты болмаса, көңілдің жайлылығы біртіндеп рухани тоқырауға айналуы мүмкін. Сондықтан қоғамшыл мұң – өмірге қарсы көңіл күй емес.
Ол – өмірді мағыналы етуге ұмтылған ой.
Ол адамды әрекетке шақырады.
Ойдан еңбек туады.
Еңбектен нәтиже туады.
Білімнен талғам туады.
Талғамнан таңдау туады.
Таңдаудан жауапкершілік туады. Ал жауапкершілік қоғамның рухани сапасын қалыптастырады.
Осы тұста менің бұрынғы еңбектерім мен қоғамдық ізденістерімнің өзара сабақтастығын да атап өткім келеді. 2021 жылы Алматыдағы «Өнер» баспасынан жарық көрген «Уыз Ана» атты кітабымда қазақ тілінің тарихы мен қасіретін, ана тілінің ұлт тағдырындағы орнын сөз еттім.
Ал 2024 жылы «Өнер» баспасынан шыққан «Алаштың Әлімханы» атты кітабымда «Уыз той» идеясын атап өттім. Мен үшін бұл екі ұғым да кейінгі Уызсана және Уызмәдениет туралы пайымдардан бөлек тұрған дүниелер емес. «Уыз Ана» – бастау мен тілдің, аналық рух пен ұлттық жадтың мәселесін көтерсе, «Уыз той» – сол рухани бастау мен жаңарудың қоғамдық сипатқа ие болуын бейнелейді. Ал Амал мерекесі осы тұрғыдан қарағанда, тек күнтізбелік мереке емес. Ол – көрісу, қауышу, жаңару, өткенді еске алу, тіршілікті қайта бастау, ағайынның арасын жақындастыру сияқты терең әлеуметтік-рухани мазмұнды қамтитын дәстүр. Сондықтан оны Уыз той ұғымымен сабақтастыра қарастырудың өзіндік танымдық негізі бар деп ойлаймын.
Қазақ тілі мен ұлттық жадының бірігуі
Менің тілдік ізденістерім де осы арнадан туындайды. «Керуен көшеді» атты кітабымда және өлеңдер жинақтарымда қазақ тілінің ішкі бейнелік мүмкіндігін пайдаланып, қазіргі ұғымдарға төл балама іздеген мысалдарым бар. Мәселен, құрылыс арматурасын «сіңірсым», мұнай качалкасын «майшығыр», балконды «жартелім» деп атау жөніндегі ізденістерімді айтуға болады. Бұл жерде мен өзімді сөз жасаушы ерекше тапқыр адам ретінде көрсеткім келмейді. Керісінше, меніңше, олардың ар жағында қазақ тілінің және ұлттық жадының сақталған бейнелік мүмкіндігі жатыр.
Сіңір адамның денесін біріктіреді.
Арматура құрылыс құрылымын біріктіреді.
Шығыр суды көтереді.
Майшығыр мұнайды көтеретін механизм ретінде сол бейнемен сабақтасады.
Жартелім – үйдің жарынан берілген телім деген ұғымдық қисынды білдіреді.
Мұнда ең маңыздысы – атаудың өзі емес. Маңыздысы – дүниені өз тіліміздің бейнесімен тану қабілетінің сақталуы.
Тіл – дайын сөздердің қоймасы емес. Ол – жаңа дүниені танитын, салыстыратын, бейнелейтін және атайтын тірі сана. Сондықтан ұлттық тілдің өміршеңдігі оның өткен сөздерді қанша сақтағанымен ғана емес, жаңа заманның құбылыстарын өз ішкі заңдылығымен қалай атай алатындығымен де өлшенеді. Бұл – Уызсананың тілдік қыры.
Адам жаңа дүниені өз тілінде атай алса, ол жаңа дүниені өзінің танымдық кеңістігіне енгізеді. Сол арқылы ұлттық мәдениет заманнан артта қалмайды. Керісінше, өзінің ішкі табиғатын сақтай отырып жаңарады. Осыдан мен тағы бір маңызды тұжырымға келемін:
Біз өз дәуірімізді Уызсана мен ұлттық жадымыздың, ана тіліміз бен мәдениетіміздің сүзгісінен өткізіп, оның табиғи дамуына жол ашуымыз керек.
Бұл – жаңалықтан бас тарту емес.
Бұл – жаңалықты өз болмысымыз арқылы игеру.
Бұл – әлемнен оқшаулану емес.
Бұл – әлеммен өз тамырыңды жоғалтпай сұхбаттасу.
Өткенді сол күйінде қайталау – даму емес. Бірақ өткенді ұмыту арқылы даму да мүмкін емес. Нағыз мәдени даму – сабақтастық пен жаңарудың тепе-теңдігін табу. Сондықтан Уызмәдениет өткенді бүгінге қатырып көшірмейді. Ол өткеннің нәрін бүгінге жеткізеді.
Бүгінгі дүниені ұлттық жадымен саралайды. Жаңаны тілмен игереді. Мәдениетпен үйлестіреді. Адамдық өлшеммен бағалайды. Осылайша мәдениет тірі күйінде қалады.
«Адай Ата – Отпан тау» тұжырымдамасы нені меңзейді?
Бұл мәселе менің «Адай Ата – Отпан тау» этномәдени орталығы туралы ұзақ жылдар бойғы қоғамдық және шығармашылық ізденістеріммен де тікелей сабақтас. Мен бұл идеяның алғашқы үндеуін «Үш Қиян» атты тәуелсіз газетте көтердім. Кейін этномәдени орталықтың жалпы тұжырымдамалық концепциясын жазып, жарияладым. Осы идеяны жүзеге асыру мақсатында арнайы қор құрып, оны өзім басқардым. 2007 жылы халықаралық деңгейдегі ашылу салтанатын тұтас ел болып ұйымдастырдық.
Ал 2026 жылы «Адай Ата – Отпан тау» этномәдени орталығы тұжырымдамасының авторы деген авторлық куәліктің мемлекеттік тіркеуден өтуі – осы ұзақ жолдың авторлық сабақтастығын айқындайтын маңызды кезең болды.
Мен үшін Отпан – тек географиялық нүкте емес.
Ол – тарихи жадты қоғамдық әрекетке айналдырудың мәдени кеңістігі.
От – жарық.
От – жылу.
От – тіршілік.
От – тазалық.
От – ұрпаққа берілетін белгі.
Ал тау – биіктік, тұрақтылық, уақыт пен кеңістіктің куәсі. Сондықтан Отпан феноменін Уызмәдениет тұрғысынан қарастыру – тарихи мекенді ғана дәріптеу емес, халықтың бірлігі мен тарихи жадын, мәдениетін және рухани сабақтастығын бір кеңістікке тоғыстыру.
Амал, Уыз той, Ұран от, қарашаңырақ, қарақазан, көрісу, домбыра, күй, жыр-терме, ұлттық қолөнер, дәстүрлі тағам және басқа да этномәдени құбылыстар жеке-жеке шара ретінде ғана қалмай, біртұтас танымдық жүйеге айналғанда олардың қоғамдық мәні тереңдей түседі. Өйткені мәдениеттің түпкі нәтижесі ғимарат емес.
Сана.
Ғимарат – құрал.
Мәдени шара – мүмкіндік.
Ал түпкі мақсат – адамның өзгеруі.
Егер мәдени кеңістік адамды тарихын тануға жетелесе – ол өмір сүріп тұр.
Егер мереке адамды бірлікке шақырса – ол рухани қызмет атқарып тұр.
Егер дәстүр адамды адамдыққа тәрбиелесе – ол тірі мәдениет.
Егер тіл жаңа дүниені өз болмысымен атай алса – ол өміршең тіл.
Егер тарихи жады болашаққа бағыт бере алса – ол тірі жады.
Осы тұтастықты сақтайтын рухани иммунитетті қалыптастыру – бүгінгі қоғамның маңызды міндеттерінің бірі. Бірақ бұл міндет тек өткенді қорғаумен аяқталмайды.
Біз өз дәуірімізге де жауаптымыз. Өйткені біздің бүгінгі өміріміз бір күні тарихқа айналады.
Бүгінгі сөз – ертеңгі дерек.
Бүгінгі мәдениет – ертеңгі мұра.
Бүгінгі қоғамдық мінез – болашақтың бағасы.
Бүгінгі әрекет – ертеңгі тарихи белгі.
Бір кезде біздің дәуіріміз де этноархивтік дәуірге айналады.
Болашақ ұрпақ біздің заманымызды кітаптардан, архивтерден, суреттерден, бейнетаспалардан, ғимараттардан, әндерден, күйлерден, сөздерден, құжаттардан таниды.
Сонда олар:
«Бұл дәуірдегі адамдар қалай өмір сүрді?», «Олар неге сенді?», «Нені қадірледі?», «Не үшін күресті?», «Ұрпағына не қалдырды?» деп сұрайды. Демек, біз бүгін болашақтың тарихын жасап жатырмыз. Сондықтан ұрпақ пен дәуір ұғымдарын бір-бірінен ажырата қарауға болмайды. Дәуір өтеді. Ұрпақ жалғасады.
Бүгінгі ұрпақтың
келешек ұрпақ
алдындағы
жауапкершілігі
«Ұрпақ мәңгілік» дегенде мен жеке адамның мәңгілігін емес, рухани сабақтастықтың мәңгілігін айтып отырмын. Біз кетеміз. Бірақ сөзіміз қалуы мүмкін. Ісіміз қалуы мүмкін. Жақсылығымыз да, қателігіміз де қалуы мүмкін. Сондықтан бүгінгі ұрпақ келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілігін сезінуі керек. Біздің міндетіміз – өз дәуірімізді жай ғана өткізіп жіберу емес. Оны болашақ ұрпаққа жарамды рухани мұраға айналдыру.
Осы жерде Уызсананың уақыттық өлшемі ашылады. Уызсана – өткенге ғана қарайтын сана емес. Ол өткеннен бүгінге, бүгіннен болашаққа қарайтын сана.
Ұлттық жады – өткеннің қоймасы ғана емес. Ол болашақты таңдауға көмектесетін рухани компас.
Ана тілі – өткеннің сөзі ғана емес. Ол жаңа дүниені ұлттық бейнемен атауға мүмкіндік беретін тірі құрал.
Мәдениет – өткеннің мұрасы ғана емес. Ол бүгінгі өмірді қалыптастырып, ертеңгі ұрпаққа өтетін әрекеттік жүйе. Сондықтан Уызмәдениетті мен өткенге қайту деп емес, бастаудан болашаққа қарай жүру мәдениеті деп түсінемін.
Ол – ұлттың өз тамырын сақтай отырып жаңаруы. Ол – қоғамның тарихи жадын сақтай отырып өркениетке ұмтылуы. Ол – мемлекеттің материалдық дамуымен қатар рухани жауапкершілігін күшейтуі. Ол – ұрпақтың ата-баба аманатын қабылдап қана қоймай, оны жаңа дәуірдің талабымен жалғастыра білуі.
Сондықтан менің бүгінгі ойларымның түпкі сауалы біреу:
Біз өз дәуірімізді болашаққа қандай күйде қалдырамыз?
Егер тіл бар, бірақ тілдік сана жоқ болса – бұл жеткіліксіз.
Егер тарих бар, бірақ тарихи жад жоқ болса – бұл жеткіліксіз.
Егер мәдениет бар, бірақ оның рухани мәні жоқ болса – бұл жеткіліксіз.
Егер мемлекет бар, бірақ азаматтық жауапкершілік әлсіз болса – бұл да жеткіліксіз.
Қоғамның рухани беріктігі осы құндылықтардың бір-бірімен байланысынан туындайды.
Сондықтан менің пайымымда:
Уызсана – алғашқы рухани сәуле.
Ұлттық жады – сол сәуленің тарихи жалғасы.
Ана тілі – жадының тірі үні.
Мәдениет – сананың әрекетке айналған формасы.
Рухани иммунитет – осы жүйені қорғайтын шеңбер.
Әділет – оның адамдық өлшемі.
Еңбек пен білім – оның қозғалыс күші.
Бірлік – оның қоғамдық тұтастығы.
Ұрпақ – оның болашақтағы жалғастығы.
Ал рухани вандализм – осы табиғи сабақтастықты іштен бұзатын дерт. Оған қарсы тұрудың ең терең жолы – адамды өз бастауынан ажыратпау. Оны ана тілінен алыстатпау. Тарихи жадын өшірмеу. Мәдениетін сыртқы рәсімге түсірмеу. Қоғамдық жауапкершілігін әлсіретпеу. Мемлекеттік санасын рухани негізден ажыратпау. Сонда ғана адамда да, қоғамда да рухани иммунитет қалыптасады.
Менің «Уыз Анадан» басталған тілдік-рухани ізденістерім, «Алаштың Әлімханындағы» «Уыз той» идеясы, «Керуен көшеді» атты кітабымдағы тілдік пайымдарым, «Адай Ата – Отпан тау» этномәдени орталығы туралы қоғамдық бастамам мен бүгінгі Уызсана, Уызмәдениет туралы тұжырымдарым – менің таным жолымдағы бір-бірінен бөлек ойлар емес.
Дәуір – бізден кейін тарихқа айналатын аманат
Бұлар – бір өзектің әр кезеңде әр қырынан ашылған сабақтас көріністері.
Менің мақсатым – осы ұғымдарды соңғы ақиқат ретінде ұсыну емес. Керісінше, оларды ғылыми ойдың талқысына салу.
Тарихшыларға – тарихи негізін.
Философтарға – дүниетанымдық табиғатын.
Этнографтарға – этномәдени сабақтастығын.
Тіл мамандарына – тілдік және ұғымдық жүйесін.
Педагогтерге – тәрбиелік мүмкіндігін.
Мәдениеттанушыларға – қоғамдық және өркениеттік мәнін зерттеуге мүмкіндік беру.
Меніңше, үлкен ғылыми ойдың табиғаты да осында.
Бір адамның ойы халықтың көп жылғы тәжірибесінен нәр алуы мүмкін, бірақ ол ой ғылыми талқылаудан өткенде ғана кең қоғамдық танымға айналады. Сондықтан мен «Этномәдениет – Уызмәдениет» тұжырымын жабық шеңбер емес, зерттеуге ашық ұғым ретінде ұсынамын.
Оның ең басты мақсаты – ұлттың өткенін ғана сақтау емес. Ұлттық жадының бүгінгі күнді саралап, ертеңгі күнді қалыптастыру қабілетін сақтау. Өйткені біз бүгін қандай дәуір жасасақ, ертеңгі ұрпақ сол дәуірді тарих ретінде қабылдайды.
Біздің заманымыз бір күні этноархивке айналады. Ал сол архивтен болашақ ұрпақ біздің рухымызды іздейді. Сондықтан бүгінгі міндет – болашақтың архивіне тек зат қалдыру емес. – Мағына қалдыру.
Тек ғимарат қалдыру емес. – Рух қалдыру.
Тек сөз қалдыру емес. Тілдің өмірін қалдыру.
Тек тарих қалдыру емес. Тарихи жад қалдыру.
Тек мәдениет қалдыру емес. Мәдениеттің уызын қалдыру.
Осыдан менің түйінді ойым туындайды:
Ұрпақ мәңгілік, ал дәуір – өткінші. Сондықтан әр ұрпақ өз дәуірін ұлттық жадының, Уызсананың, ана тілінің және мәдениеттің сүзгісінен өткізіп, келешекке рухани тұрғыдан жарамды күйде табыстауға міндетті.
Бұл – менің Уызмәдениет туралы ойымның азаматтық және тарихи жауапкершілікке ұласқан тұсы.
Уыз – бастау. Уызсана – нұр. Жады – тамыр. Тіл – бейне. Мәдениет – әрекет.
Иммунитет – қорғаныс. Әділет – өлшем. Бірлік – тұтастық.
Ұрпақ – жалғастық. Ал дәуір – бізден кейінгі тарихқа айналатын аманат.















