Жасыл экономиканың бір саласы- Жел Электр Стансасы

Жасыл экономиканың бір саласы- Жел Электр Стансасы

Жасыл экономика деген атау қазіргі таңда адамдар санасына орныға бастаған терминдердің қатарына енді. Бұл қоршаған ортаны аялай отырып, табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланып, экономикалық табыс табу моделі деген сөз. Табиғатты аялау, қоршаған ортаның сапасын жақсарту, адамдардың өмір сапасын арттыру сынды негізгі мақсаттар көзде ұсталады. Мұнда ең алдымен жаңартылатын энергия көздерінен пайдалана отырып, зиянсыз энергия өндіру, электр қуатын тиімді әрі үнемдеп пайдалану, түрлі қалдықтарды қайта өңдеу арқылы энергия өндіру немесе қалдықтарды қайта кәдеге жарату, жанар-жағар маймен жүретін көліктерді электромобильдерге алмасытру сынды бағыттар көзде ұсталады. Бұл бағыттардың барлығының өзіндік артықшылықтары мен тиімділігі әлдеқашан дәлелденгендігін ерекше атап өткен жөн. 

Қазақстанда 2013 жылғы мамырдың соңында мемлекеттің инновациялық іскерлігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған «Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы» бекітілді. Сонан берігі уақытта елімізде қыруар игі істер атқарылып, нақты практикаға көшу үрдісі басталды. Мысалы Ақмола, Қарағанды, Жетісу, Алматы, Жамбыл облыстарныда жел генераторларынан пайдалана отырып электр қуатын өндіру істері басталды. Көптеген қалаларда тұрмыстық қалдықтарды, қатты қалдықтарды өңдейтін, сұрыптайтын кәсіпорындар ашылды.

Жақында сондай бір игі жобаның тұсауы кесілді. 16 наурыз күні Жамбыл облысында «Мирный» жел электр станциясы құрылысының іргетасына капсула салу рәсімі өтті. Бұл туралы ақпарат, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ сайтында хабарланды.

-Жобаны Қазақстан Республикасы мен Франция Республикасы арасындағы стратегиялық серіктестік аясында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ және «TotalEnergies» энергетика компаниясы бірлесіп іске асыруда. Қуаты 1 ГВт болатын ЖЭС Мойынқұм ауданында салынатын болыпты. Бұл станция энергияны жинақтаудың озық жүйесімен жабдықталады. Инвестицияның жалпы көлемі шамамен $1,2 млрд құрайды, оның басым бөлігі – шетел капиталы. Ол 2028 жылдың IV тоқсанында пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

-Жаңа жел электр станциясының Қазақстан үшін стратегиялық маңызы зор. Жоба еліміздің оңтүстік өңірлерін энергиямен жабдықтау сенімділігін күшейтуге бағытталған. Оны іске асыру ҚР энергия жүйесін нығайтуға, жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етіп, Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосымша серпін береді,- деп атап өтті ҚМГ Басқарма төрағасының орынбасары Қазбек Құсайынов.

Бұл бірегей жобаға Франция мен Қазақстаннан бөлек қытайлық Шанхай электр жабдықтары корпорациясы (Shanghai Electric Group Co., Ltd) бас мердігерлер бірлестігінің жетекшісі ретінде қатысапақ.

«Мирный» жел электр станциясы қолданысқа берілгеннен кейін жылдық электр энергиясын өндіру көлемі 4 миллиард киловатт-сағатқа жетуі мүмкін. Есесіне табиғатқа таралатын көмірқышқыл газының шығарындылары жылына 3,2 миллион тоннаға дейін азаяды. Міне, қоршаған ортаға зиян жеткізбей энергия өнідрудің озық үлгісінің бірі осы болса керек.

Осында аталған деректерге қосымша ретінде біраз ақпарат айта кеткен жөн. Қазіргі таңда жаңартылатын энергия көздерін дамытуға қатысты жұмыстар Еуропа елдері мен Қытайда жедел жүріп жатыр. Мәселен жыл бойы жел соғып тұратын өңірлерде жел генераторларын көптеп қою, күн нұры мол түсетін, шаруашылыққа қолайсыз иен жерлерге күн панелдерін көптеп орнату ісі Қытайдың әрбір аудандарына дейін жалпыласа бастады. Ал Еуропа елдері де түрлі жобаларын дайындап, жүзеге асырып жатыр. Мұнда жел генераторларын құрлықтан бөлек, теңіз бетіне орнату ісі қарқын алып келеді. Осындай талпыныстардың нәтижесінде 2025 жылдың қортындысы бойынша тұтас Еуропада жаңа энергия көздерінен алынған қуат алғаш рет көмір мен газдан асып түскен. Қазір Еуропадада электр энергиясының 30 пайызын жел мен күн нұрынан алады екен.

Мамандардың айтуынша жаңа энергия көздерін пайдалану табиғатты қорғаудың, қоршаған ортаның табиғи қалпын сақтаудың бірегей тәсілі болмақ. Дегенмен қазіргі таңда мұндай энергияны іркіліссіз жеткізу мәселесінде бірақ қиыншылықтар сақталып отыр. Яғни жел саябырлап қалса, бұлтты күндер көп болса энергия өндіру күрт төмендейтіні сөзсіз. Бұл жүйенің теңгерілімі мен басқару әдістерін сынға салатын проблема ретінде аталады. Келесі бір қиыншылық- құрлыстың инфрақұрлымына көп мөлшерде инвестиция салуды қажет етеді. Бұл жүйе іске қосылғаннан кейін белгілі мерзімде өзін өзі ақтай бастауы мүмкін. Сондықтан мемлекеттік деңгейде қаржылық қолдау айырықша маңыз алады. Яғни ұзақ болашаққа салынатын инвестицияны жеке сектордан гөрі, мемлекеттің арқалай алатын әлеуеті бар деген сөз. 

PS: Жасыл экономиканы дамыту ісінде Қазақстанның да алға қойған мақсаттары айқын. Мұнда 2030 жылға қарай қажетті электр энергиясының 30 пайызын жаңартылатын көздерін алу, 2050 жылға қарай 50 пайызға дейін көтеру басты нысана ретінде аталып отыр. 

Ерқазы Сейтқали

 

 

 

18.03.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24578
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24243
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41691
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37580
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41963