Менің есімім – Хамзина Алия. 1953 жылы 28 қазанда дүниеге келгенмін. Қостанай облысы Жангельдин ауданы 21 партсъезд совхозында орта мектепті бітіргенмін. Жамбыл зоотехникалық малдәрігерлік техникумына оқуға түсіп, оны ойдағыдай бітіріп шықтым. Группаласым Дүйсембек Ниязұлы Тауасаров есімді жігітпен танысып, бірге білім қуып, жылдар өте сезім оты оянып, екеуміз бас қосып жанұя құрдық.
Жолдасым Дуйсембек еңбектен қол үзбей жұмыс атқара жүріп, Алматы қаласындағы зоотехникалық малдәрігерлік институтына сырттай оқуға түскен кезең болатын. Ызғарлы 1986 жылы 15 желтоқсан күні астанамыз Алматы қаласына күйеуім Тауасаров Дүйсембек сессияларын жабу үшін оқу орнына жол жүрген кезі еді. «Мені ала кетіңізші» деп жолдасым Дүйсембекке жабыса кеттім. Қаншама уақыт өтсе де, әлі күнге дейін мазалайтын бір ой, жолдасым екеумізді тағдырдың сынағы күтіп тұрғанын кім білген?!.
Ойымда түк жоқ, 16-шы желтоқсан күні таң ата жолдасым Дүйсембек оқитын Алматы қаласындағы мал шаруашылық институтына бардық. Дүйсембек деканатқа жолығып мән-жайды сұрастырып өзіне керекті жұмыстарының басын ашып реттеп алды. Шаруамызды бітірген соң Абай даңғылымен жоғары көтеріліп А.С.Пушкин кітапханасынан өте Фурманов көшесіне қарай бет алдық. Жан-жағыма қарап келе жатып, байқағаным алдымызда топ-топ болып жиналған халық бір-бірімен әңгімелесіп тұрған еді, жақындай келе топтасқан адамдар жастар екені белгілі болды. Жиналған жастардың көңіл күйлерінің құлазып тұрғаның байқадым. Жолдасым Дүйсембек екеуміз жиналған халықтың әңгімелерінің төркінін тындай келе біраз ақпараттарды білдік. Наразы болған халық Д.Қонаев атамызды қызметінен босатып, орнына елімізге аты беймәлім Г.Колбин деген өзге ұлт азаматын Қазақстан мемлекетін басқаруға тағайындапты деген сөздерді айтып жатты. «Мәскеудің мұндай шовинизмдік шешіміне келіспейміз, Л.Брежнев аланына барып өзіміздін наразылығымызды білдірейік, қашанға дейін үндемей жүре береміз? Қазақстанның болашақ тағдыры біздің өзіміздің қолымызда, әрқайсымыз өз үлесімізді қолдан келгенше қосайық» деп ұрандатқан топ алға қарай жүріп кетті.
Елмен бірге қатардан қалмай, намысқа тырысып өз қарсылығымызды білдіру үшін жолдасым Дүйсембекпен бірге топқа ілесіп, жүріп кеттік. Жолшыбай жастар өлең айтып, ұрандатып келді. «Қазағым, бірігіңдер ел болайық, ата-бабамыздан қалған жерімізді ешкімге таптатпаймыз, біз тәуелсіз мемлекетпіз!» деп алаңға да жеттік. Алаңға жеткенде қоршап тұрған милициялар мен курсанттарды байқадым, бірақ та олар бізге тосқауыл қойған жоқ.
Алаңға жиналған «Қазағым» деген намыс оты лаулаған жастарымыздың көз жанарларын, соққан жүректерінің дүрсілдерін еске алсам көзіме жас келеді. Оларды алға қойған мақсатынан тайдыру немесе қорқыту мүмкін емес еді...
Алаңда ұрандатып жүргенімізде күйеуім Дүйсембек есімі Сагидулин деген Жамбыл қаласының азаматымен танысқан болатын. Қасында серіктес екі інісі бар екен, біреуінің аты Мұқан ал екіншісінің аты Сәкен болатын. Жолдасым Дүйсембек «Чехословакия» мемлекетіңде интернационалдық борышымызды бірге атқарғанбыз деп айтқаны есімде. Жан-жағымды бақылай келе байқағаным Мырзабаев Сагидулин өзінің қасына ілестіріп жүрген інілері Сәкен Нұрмаханұлы мен Мұкан Нұрмаханұлы үшін алаңдап тұрғаның сездіріп қойды. Өйткені екі інісі өзі сияқты құрдас қыз-жігіттермен бірігіп, ұрандатқан сөздерді айқайлап айтып, бір орында тұрмай ары-бері жүрумен болды. «Қазақстанды қазақ азаматы басқару керек, өзге ұлтты неге сайлайды, кең байтақ жерімізде бірде-бір қазақтың табылмағаны ма?» деген сөздерді айқайлап айтып жатты. Күйеуім Дүйсембек, Сагидулин екеуінің әңгімелері жараса кетті. Алаңға жиналған жастарға қарағанда екеуі ақыл тоқтатқан кезеңдері болатын.
Сол сәтте Алла Тағаланың құдіретінде шек жоқ қой, Калинин колхозында тұратын жездем Темірше Сарыбаев және әпкем Қубашаева Ғалиямен алаңда кездесіп қалдық. Ойламаған жерден кездескенімізге қуанып біраз әңгіме айтып шерімізді тарқаттық. Бұл кезде ымырт түсіп келе жатқан кез еді. «Мен қала прокурорымын. Тараңдар, үйлеріне қайтыңдар!» деп дауыс күшейткішпен айқайлап жатты. Көп өтпей тәртіп сақшылары жиналған жастарды тарату мақсатында, халықты ұрып соғып, ал қарсылық көрсетендерге күш көрсетіп, қолдарын қайырып шаштарынан сүйреп арнайы көліктерге отырғыза бастады. Мен үрейім ұшып, жаным аузымнан шығып кете жаздады. Қорыққан себебім: өзімнің қу басым үшін емес мынау алаңға әділдік іздеп шыққан жап-жас ұл-қыздарымыз бостан босқа жазым болып кететін болды ғой деген ой бойымды жаулап, жүрегімді қан жылатып, елжіретіп жіберді.
Алаңға жиналған халық ары-бері қаша бастады, намысты қайсар қазақ жігіттері, қазақ қыздарына күш көрсетіп шаштарынаң сүйреп, ұрып-соққан милиция қызметкерлерін соққыға жыққан сәттерін көрдім.
Құлағыма өзіме таныс дауыс жақын жерден шыққаның шалып қалды. Қарасам әлгі күйеуім Дүйсембек таныстырған Сагидулин деген жігітті милиция қызметкерлері ортаға алып, қолдарындағы шоқпарларымен тоқпақтап, ұрып соғып жерге жықты. Сол кезде сырт жақтан екі жігіт жүгіріп келіп орталарына араша түсіп кірді де кетті. Жабылып жатқан милицияларды қолдарымен итеріп, аяқ астында жатқан адамды тұрғызбақшы болды, сол-ақ екен мұны көрген солдаттар мен милициялар бір сәтте жан-жақтан қаптап кетті. Көптің аты көп қой, дубинкаларымен тоқпақтап, қолдарындағы күректерімен ұрып-соғып, үшеуін де жерге жығып, қолдарын қайырып, арнайы көлікке отырғыза бастағанын көрген кезімде, шыңғырған дауысым әлемді жарғандай болды. Себебі алаңда танысқан Сағидулин деген жігітке көмекке ұмтылғандар туған бауырлары Сәкен мен Мұқан екенің айқын көріп, таныдым.
Менің даусымнан шошып кеткен күйеуім Дүйсембек, мен қарап тұрған жаққа қарады да, мән-жайды бірден түсіне қойды. Мұндай әділетсіздікке шыдай алмай, ол бар даусымен: «Қанішерлер, не болған сендерге, фашистер де мұндай қиянатты өз халқына істемейді ғой» деп айтып үлгермеді. Оны және қасында тұрған жездем Теміршені қолдарындағы дубинка, күректерімен ұрып-соға бастады. Біз айқайға басып араша түсіп Ғалия тәтем екеуміз жолдастарымызды құтқаруға әрекет жасап, ажырамай жабысып өзімізбен бірге алып шықтық. Ұрып-соққаннаң жарақат алған жолдастарымызды әрең дегенде орындарынаң тұрғызып алаңнан алып кеттік. Айналамдағы болып жатқан көріністен көзім тұманданып қарауытып кетті, біраз уақытқа дейін мең-зең болып, әрең дегенде есімді жинадым.
Жылдар өте елеске айналған, ұмытайын десем де естен ешқашан шықпайтын Желтоқсан көтерілісі мен үшін үлкен маңызы бар естелік болып қалады. Сол кездегі ұл-қыздарымыздың өз Отанының, ұлтының нағыз патриоттары екенін бүкіл әлемге дәлелдегені, қайрат күші, ұйымшылдығы, өжеттілігінің арқасында тәуелсіздікке қол жеткіздік деп ойлаймын. Мұның жалғасы өсіп өніп келе жатқан еліміздің болшақ ұрпақтарына аманат.
Желтоқсан көтерілісінің куәсі болғанымды мақтан тұтамын. Сол желтоқсанда алаңда болғаным мәртебемді биіктетеді. Еліме халқыма, жеріме кең дүниенің тынысын тілей отырып, бәрімізге Аллам зор денсалық, мол береке-байлық және молшылық сыйласын дегім келеді.