Орал қаласындағы 14 мектеп ғимаратының шатырлары жөнделді. Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалғанда қала әкімі Абат Шыныбеков шаһардағы жөндеу жүргізіліп жатқан білім ұяларының дайындығын тексерді.
Ағымдағы жылдың 3-9 маусымы аралығында болған нөсер жауын кезінде облыс орталығындағы 14 мектептің шатырынан су кетіп, төтенше жағдай орын алған еді. Мектептердің жағдайын қалпына келтіру үшін жергілікті қазынадан қаражат бөлініп, соған сәйкес жөндеу жүргізілді. Білім ордаларына барған қала басшысы жөндеу жұмыстарының барысын қадағалап, мердігер мекемелерге білім күніне дейін жұмыстарды аяқтауды тапсырған болатын.
Мәселен, №3 орта мектептің төбесі екі жерден опырылып кеткен. Білім ошағының басшысы Л.Юшинаның айтуынша, ғимараттың ашылғанына 70 жылдай уақыт өткен. Ағымдағы жөндеу уақтылы жүргізілгенімен, шатырына 15 жыл бұрын жөндеу жасалыпты. Әбден ескіріп, жаңбыр жауса су сорғалайтын көрінеді. Енді ол күндер артта қалатынына қуанышты. Жаңа оқу жылында бұл білім ұясында 700-ден астам оқушы білім алады.
Ал А.С.Макаренко атындағы №6 орта мектептің шатырынан бөлек «Б» блогындағы 1200 шақырым аумақта жөндеу жүргізілген. Мектепте биыл 1200-ден астам оқушы білім алмақ.
Жалпы Орал қаласы бойынша 51 мектепте биыл 55 мыңнан астам оқушы оқиды. Бұл өткен жылғы оқушылар контингентінен 3000-дай балаға көп.