Ахмет Аляз газетке жай тілші болып келіп, кейін түрікше шығатын «ZAMAN» газетінің шығарушысы, ал 2005 жылдан бастап газеттің директоры болып оншақты жыл қызмет етті. Қазір АҚШ-та отбасымен тұрып жатыр. Біз Ахметпен хабарласып, сұхбат беруін өтінген едік. Ахмет мырза «Qazaqstan dauiri» газетінің 30 жылдығы мерейтойымен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.
– Ахмет Аляз мырза, сұрағымызды газетіміздің ашылу тарихынан бастасақ.
– Біраз қоғам қайраткерлері, жазушылар газеттің дүниеге келуіне ықпал етті. Осы мәселені газеттің ашылу тарихы десек те болады. Сол кездері үкіметтік қаулы қабылданып, келіссөздерден кейін «Zaman – Қазақстан» халықаралық газеті 1992 жылы 17 қаңтарда шыға бастады. Бұл – ең алғашқы еларалық еркін газет. Себебі, Қазақстанның тәуелсіздік алғанынан бір ай бір күннен соң шыққан шетелдік басылым. Ол кезде барлығы 8 бет, 4 беті қазақша, 4 беті түрікше шығады. Түрікшесі Түркияда дайындалып, тікелей әуе рейсі болмағандықтан Әзірбайжанға, одан Қазақстанға жеткізілетін болған, ал қазақшасы осында дайындалады. 1992 жылдың 8-9 айларынан бастап Түркиядан Әли Байрам бастаған журналистер тобы келіп жұмыс жасай бастады. Осыдан 1993 жылдың тамыз айына дейін жұмыс істеп, сол уақытта құрылтайшылар арасындағы келіспеушіліктің кесірінен өз жұмысын уақытша тоқтатты. 1994 жылдың екінші жартысында қайта жарыққа шығып, бас редакторлыққа Болат Бодаубай деген ағамыз келеді. Сол қайта шыққан күнінен бастап қазақстандық зиялы қауымның газетіне айналды. Бұл сол кездегі газет бас редакторының, оның құрамының, журналистердің еңбегі. 1998 жылғы әлемдік дағдарысқа байланысты Түркия экономикалық қиындыққа ұшырап, бір жылға жуық тағы да жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Бұрын «ZAMAN – Қазақстан» деп аталса, 2000 жылдың қаңтарында қайта өз жұмысын бастағанда «Қазақстан – ZAMAN» атауына өзгерді. Әлі күнге дейін көптеген оқырмандарымыз бұрынғы атымен біледі. Қайта ашылғанда бас редактор бастапқы кезде Жұмабай Шаштайұлы болды, кейін басқа жұмысқа ауысуына байланысты Марат Тоқашбаев ағамыз келді. 2002 жылдан бастап газет қабырғасынан балаларға арналған «Мөлдір бұлақ» журналы ашылды. Бүгінде ол жас журналистерді тәрбиелеп жатқан салмақты журналға айналды. Алғашқы кезде екі ел арасындағы мәдени жаңалықтарды жазып тұратын болса, заманның, қоғамның сұранысына орай 2000 жылдан бері қазақтың ұлттық мүддесі, діні, тілі, тарихы кеңінен қозғалды, ел үшін өзіндік үлесін қосты. Қазір, Құдайға шүкір, елдегі белді, беделді газеттерінің арасына кірді. Таралымы, ықпалдылығы жағынан да биік белестерге жетті деуге болады. 2004 жылдың аяғынан бастап бұрын түрікше шығатын «ZAMAN» газеті бөлініп шықты. Оған себеп: біріншіден, оқырмандардың көпшілігі түрікше түсіне алмайтын, екіншіден, бұл жерде жұмыс істеп жатқан ағайындарға жаңалықты жеткізуде бар болғаны шығатын бір-екі бет аздық етті. Сондықтан оларды жаңалыққа қанықтыра алатындай газет шығару керек болды.
– Газетке кімдердің сіңірген еңбегін ерекше атар едіңіз?
– Ашуға үлесін қосқан Қалтай ағамызды, Ислам Жеменейді атауға болады, асқар таудай еңбек еткендер көп. Жарыққа шығуына рұқсат еткен басшымыз Президентке, Премьер-министрге, Мырзатай ағаларға рақмет айту керек. Мұнда Рақымбай Ханалы ағамыз да тек қана фототілші қызметін емес, газетті қазақ қоғамына сіңіруде, танытуда өзіне жүктелген міндетті абыроймен орындаған. Оны фототілші қызметінен бас директордың орынбасары қызметіне жоғарылатуы – еңбегінің бағалануы. Өзім Жұмабай Шаштайұлының бас редакторлығы кезінде газетке араласа бастадым. Ағамыздың ерен еңбегінің арқасында сол кезең газеттің ерекше құлпырған кезі болды. Сол кезде жұмыс жасаған Дидар Амантай, түрік азаматы Энес Жансүйер, одан кейін Манаш Қозыбаев, Марат Тоқашбаев, соңғы уақыттардағы Ертай Айғалиұлы ағамыздың, Сәуле Мешітбайқызы апамыздың еңбектері ерен, барлығының атын атап жату мүмкін емес. Мысалы, Ринат Кертаев оқып жүріп журналистік қызметін осы газеттен бастаған. Ахмет Байтұрсынұлы: «Газет – халықтың көзі, құлағы, һәм тілі», – деген ғой. Осы жолда көптеген қаламгерлеріміз қаламды қару етіп баспасөз майданында күрес жүргізді, елінің елдігі, ертеңі үшін аянбай тер төкті.
– Газет қазақ ұлтының мүддесі үшін қаншалықты еңбек етті деп ойлайсыз?
– 1994-1995 жылдан бастап қарасаңыз, шындықты бетке тура айтып, шырылдап әділдікті жазатын жалғыз газеттің бірі осы десек, еш қателеспейміз. Зиялы қауым сөйлейтін мінберін осы газеттен тапты. Таза қазақы, ұлттық газетке айналу барысында, оның тілінің тұғырына қонуына, ұлттық мүддесін қорғауда тікелей еңбегі зор. Әлі де өз үлесін қоса бермек. Елдегі халықаралық мәселелерге, елдік, ұлттық мүддеге байланысты көзқарасын ашық байқатып, қазақтың намысын қорғай білді. 2006 жылы газет «Алтын жұлдыз» сыйлығына ие болды. Біздің басты арманымыз – Қазақстанның Орта Азияда, әлемде беделді, даңқты да танымал ел болуына үлесімізді қосу еді. Оны қолдан келгенше жүзеге асырдық деп ойлаймын. Еліміз енді бодандық қамытын кимей, мәңгі егемен болсын!
– Түбі бір түркілердің бірлігіне қаншалықты үлес қосты?
– Түбі бір түркінің ұрпағы екеніміз айқын. Қаншама ақын-жазушыларымыз бұны шығармаларында көрсетті. Әлі күнге екі халықтың бірлігі жайлы кеңінен насихатталып келеді. Қазақстандағы игі істерді Түркияға «ZAMAN – Қазақстан» жеткізіп тұрса, «ZAMAN» газетінің жанынан ашылған «Жихан» ақпараттық агенттігінің де бұл игі іске қосқан үлесі зор. Екі елді бір-біріне танытуда кезінде миллионға жуық таралымы бар Түркиядағы «ZAMAN» газеті осы мемлекеттің 20 жылдығына орай «Қазақстан» деген арнайы қосымша газет шығарды. Қазақ елі туралы түрік елінің бірнеше телеарнасында деректі фильмдер, Қазақ елінің ықпалды қоғам қайраткерлерімен сұхбаттар ұйымдастыруда осы газет басы-қасында болды. Ол бауырлас елдегі экономикалық жобалар туралы Түркия халқына таныстырып, олардың Қазақстанға инвестиция құюына да ықпал етті.
– Газеттегі еңбек жолыңызды тілге тиек етсеңіз?
– 1996 жылы студент кезімде Сократ туралы шағын ғана зерттеу мақаламды әкелгенмін, бас редактор Жұмабай Шаштайұлы ағамызға ұнады да: «Осындай мақалалар әкеліп тұрсаңшы», – деп өтінді. Содан кейін атақты кісілердің соңғы күндері туралы зерттеп, тұрақты айдар ретінде бере бастадым. Сөйтіп, газет жұмысына араластым. Мұның алдында да менің қазақша жетік білетіндігімнің арқасында жұмысқа шақырған, бірақ студент болғандықтан, оқуымды бітірген соң ғана 1997 жылы осында корректордың көмекшісі ретінде еңбек жолымды бастадым. Кейін жауапты хатшының орынбасары, бас редактордың орынбасары, бас директордың орынбасары қызметін атқардым.
Бір кездері «Жихан» ақпарат агенттігінің осы мемлекеттегі өкілі болдым. Содан соң қайта газетке келіп, 2005 жылдан бастап бас директор қызметін атқарып келемін. Шамамен 15 жылдай қызмет еткен кезімде біраз мәселелерді атқарып, халыққа пайдамызды тигіздік деп ойлаймын. Еңбегімді, Құдайға шүкір, халқым да, мемлекет те бағалады. Мысалы, кезінде «Тіл жанашыры» деп тапқан қоғамдыққа үлкен рақметімді айтамын. Ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасын алдым. Қарамағымыздағы «Мөлдір бұлақ» журналы да бір кезде «Алтын жұлдыз» сыйлығын алды. 2007 жылы Қазақстан Журналистер одағының мүшесіне қабылдауы мен үшін үлкен жетістік.
– Сұхбатыңызға рахмет!