Сонау 90-жылдары жеке кәсібін ашып, уақыттың қатаң сынағынан өткен ақтөбелік кәсіпкер, «Бексұлтан» жеке қожалығының басшысы Батырбек Шәуленов бүгінде кәсібінің нәсібін малшаруашылығынан тауып отыр. Сұхбаттасқанымызда әңгімені әріден бастаған кейіпкеріміз ата кәсіп – малшаруашылығына бекерден-бекер келмегенін айтты.
– Туған жерім – Ақтөбе облысының Ойыл ауданындағы Көптоғай ауылы. Бұрын Құрман совхозы деп аталған осы ауылда он жылдық мектепті бітіргеннен кейін, Алматыдағы ауылшаруашылығы институтына агроном мамандығы бойынша құжат тапсырып, оқуға түсе алмадым. Содан Ақтөбенің ауылшаруашылығы техникумына электрофикация бөлімінде білім алып, әскерге барып келдім, кейін тағы 3-4 жыл оқып, инженер-энергетик болып еңбек жолымды бастадым. Алайда бұл ұзаққа бармады, себебі алғашқы еңбек жылдарым 90-жылдардағы тоқырауға тап келді де, заман ағымына байланысты күнкөріс көзін өзгертуге тура келді. Осылайша сауда-саттықпен айналыстық, Ресей, Польша, Беларусь секілді елдерден заттар әкеліп, базарға шығардық. Істемеген нәрсеміз жоқ – сауда, валюта айырбастау, көлік әкеліп сату... ыңғайымызға қандай жұмыс лайық келді, соның бәрін жасай бердік. Кейін өз қолымыз аузымызға жеткен соң отбасын құрып, балалы-шағалы болдық. 90-жылдардағы қиыншылықтардан өту оңай болмады, – деп еске алады ол.
Отбасындағы он баланың кенжесі Батырбек Шәуленов уақыттың сынағына сынбай, алға ұмтылудың құпиясы 40 жыл ұстаздық еткен, тоқсаннан асып дүниеден өткен әкесінің берген тәрбиесінде дейді.
– Әкем еңбексүйгіштікке, төзімділікке, шыдамдылыққа тәрбиеледі. Қанша жұмыстың басын қайырсақ та, көңілім ата кәсіпке – ауылшаруашылығына бұра берді. Осылайша 2006 жылы алдымен жермен жұмыс жасауды қолға алдық: егін ектік, бау-бақша ектік, оның да қиыншылықтары көп болды. Қуаңшылық болып, егін шықпай қалған кездер де болды, қаражатымыз да күйіп кетіп жатты. Одан соң Ақтөбе қаласының іргесіндегі Ақшат деген жерден 500 гектар жер алып, кәсібімді одан әрі жалғастырдым. Егіншаруашылығымен бірге малшаруашылығын да қолға алдық. Ресейден сүтті бағыттағы қырдың қызыл сиырын сатып алып келіп, сүт өнімдерін өндірумен айналыса бастадық. Сүтті бағыттағы мал бағу бейнеті көп жұмыс екен... Алдымен 50 бас сиыр алып келдік, бірақ ол бізге тиімсіз болды, себебі малшы 50 бас мал бақса да, 500 бас мал бақса да, сондай жалақы төлеу керек болды – шығын көп, табыс аз. Осылайша ойлана келе 300-400 бас қой алып, оны да дамыта бастадық. Қойдың төлі тез аяқтанады – көктемде туса, күзге дейін сата аласың. Осылайша несиелерімізді өтеп, шығындарымызды жауып, малдың жем-шөбін әзірлеуге мүмкіндігіміз артты, – дейді кейіпкеріміз.
Кәсіптің нәсібі көбейген сайын оны кеңейтуге де мүмкіндік артатыны айқын. Кейіпкеріміз ендігі жерде жылқы бағуды да қолға алады. Жылқы малы көп күтімді қажет етеді.
– Жылқы өсірудің малшаруашылығының басқа салаларынан ерекшелігі – төзімділікті қажет ететіндігі. Яғни жылқының тұяғы қандай қатты болса, оның иесі де сондай темірдей төзімді болуы керек, – дейді кейіпкеріміз.
Жылқының еті де, сүті де пайдалы. Әлемде коронавирус пандемиясы басталып, елімізде де осы қауіпті ауру асқынған уақытта тұрғындар тарапынан табиғи таза тағамдарға сұраныс күрт артқаны белгілі. Әсіресе саумалға сұраныс жоғары болды. Ақтөбе қаласының тұрғындары қала іргесіндегі жылқы бағатын ауылдарға барып, кезекке тұрып, саумал ішкені кешегідей көз алдымызда. Батырбек Шәуленовтің Ақтөбенің іргесіндегі Ақшат ауылындағы «Бексұлтан» жеке қожалығы да тұрғындардың сондай сұранысына барынша жауап беруге тырысты.
– Тұрғындар таң алагеуімнен келіп, саумал ішіп кетеді. Басқа сүт өнімдеріне қарағанда қымыздың, саумалдың денсаулыққа пайдасы зор. Мәселен, қымыздың құрамындағы «С» дәрумені сиыр сүтімен салыстырғанда он есе көп. Басқа да микроэлементтер, ферменттер, дәрумендер көп. Қымыздың жүрек-қантамыр, буын, ішкі құрылыстардың ауруларына дәру болатын қасиеті бар. Сондықтан көпшілікке қолжетімді болу үшін, әсіресе үлкен жолда кетіп бара жатқан жолаушыларға ыңғайлы болуы үшін жол жиегінен кемпинг аштық. Бұл тұтынушымен арадағы делдалдарды азайтуға да септігін тигізді. Себебі алыпсатарлар өнімді сенің ұсынған бағаңнан арзанға сұрайды, ал бұл төккен теріңді, еңбегіңді өтемейді, – дейді кейіпкеріміз.
Әр істің қиыншылығы болатыны белгілі. Ең алдымен қолбайлау болатыны – қаржы мәселесі. Бұл ретте кәсіпкер мемлекет тарапынан берілетін тиімді қаржы көмегін алып отырғанын айтады. Кезінде «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы және «Ақтөбе-несие» несие серіктестігі арқылы несиелік қаржы алған. Ауылшаруашылығы техникаларын алуға да мемлекеттік бағдарламалардың көмегі тиіп отыр.
– Шөп жинау науқаны барысында да техника алуға мемлекеттік бағдарламаларға жүгінеміз. «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы техника, қосалқы бөлшектер алу үшін қаражат алдық. Бүгінде ауылшаруашылығы техникалары қатты қымбаттап кетті. «Белорусь» тракторының өзі 11 млн теңгедей тұрады. Қосалқы бөлшектердің де құны аспандап кетті. Биылғы реформалар ауылшаруашылығы саласы үшін тиімді болып отыр. Жыл басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында халықтың тілек-талаптарын орындау мақсатында атқарылатын жұмыстарды баяндап, ауылшаруашылығы саласындағы бағдарламаларды қайта қарап, кәсіпкерлерге барынша қолдау жасалатынын жеткізді. «Субсидия алуды жеңілдетіп, оның қолжетімділігін және ашықтығын қамтамасыз етуге тиіспіз. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін 3 жылда түбегейлі шешуіміз керек. Егер нарықта азық-түлік қоры мол болмаса,инфляцияны ұстап тұруға еш амал көмектеспейді», – деді Мемлекет басшысы. Бұл – жергілікті ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің көңіліне де, кәсібіне де жағатын сөз. Өзге облыстармен салыстырғанда Ақтөбеде субсидияның көлемі соңғы екі жылда едәуір жақсарды. 2020 жылы субсидия көлемі 5,5 млрд теңге болса, былтыр 6,4 млрд теңгеге өсті. Еліміздің батыс өңірі бірнеше жылдан бері қуаңшылықтан көз ашпай келеді. Мал бағып отырған шаруаларға мал азығын дайындау оңай шаруа емес. Осыны ескерген Президенттің көңілге қонымды пікіріне қуанып қалдық. Оған қоса жергілікті атқарушы билік те ауылшаруашылығы саласына үлкен қолдау көрсетіп отыр. Ақтөбе облысы – еліміз бойынша шаруа қожалықтарындағы малдың жем-шөбіне субсидия бөлген жалғыз өңір. Яғни техника алуға республикалық бюджеттен беретін 25 пайыздық субсидияға қосымша жергілікті бюджеттен 10 пайыз көлемінде қаражат бөлініп отыр. Бұл қолдауға 2-3 жылдан бері ие болып келеміз. Осы ретте облыс әкімі Оңдасын Оразалинге алғысымыз шексіз, – дейді кәсіпкер.
Дегенмен мәселе әлі де бар – жұмысшы кадрлар жетіспейді. Бұл тек бір ғана өңір емес, тұтас республикадағы мәселе. Кейіпкеріміз жұмысшы кадрларға арнап үйін тұрғызып, барлық жағдайын жасап қойғанымен, жұмысшы таба алмай отырғанын айтады.
– Жастар мал бағуды қиынсынады. Үй салып, газын, жарығын тартып, жуынатын бөлмелерін жабдықтап бердік, бірақ соның өзінде адам тұрақтамайды. Жастар жағы қиындыққа шыдай алмай кетіп қалады. Ақтөбе қаласындағы ауылшаруашылығы колледжі басшыларымен кездесіп, осы мәселені талай көтердік, балалар осы саланы таңдағаннан кейін осы саланың ыстық-суығын көріп, еңбек еткені абзал. Марлен Баймағамбетов басқаратын Ақтөбе фермерлер одағы жиындарында да талай мәселелерді көтеріп отырамыз. Жер мәселесі де үлкен мәселе. Оның ішінде қаланың айналасынан жер табу қиын. Былтыр әзер дегенде 675 гектар жер алдық. Соған көшіп, малшаруашылығын одан әрі дамытуды қолға алып жатырмыз, – дейді Б.Шәуленов.
Мал баққан шаруаның тағы бір мәселесі – малдың жүні мен терісінің пайдаға аспай – өңделмей, далаға кетіп жатқаны. Бүгінде шаруалар жүн-жұрқа мен тері-терсекті лақтырып, өртеп жатыр. Кезінде ата-бабамыз бағалы шикізат ретінде пайдаға асырған тері мен жүннің құнсызданғаны – көптен бері айтылып келе жатқан мәселе.
– Еліміздің батыс өңірі бойынша тек Атырау облысында ғана жүн өңдеумен айналысатын жеке мекеме ашылған болатын, алайда жүннен жасалған заттарын нарықта өткізе алмағандықтан, жұмысты жүйелі істеп кету қиын болып отыр. Осы мәселеге қатысты мемлекеттен көмек болса, жақсы болар еді, – дейді ол.
Бүгінде «Бексұлтан» жеке қожалығының басшысы Бекболат Шәуленов пен оның отбасы малшаруашылығымен қоса бау-бақша ісінен де өнім алып отыр. Қауын-қарбызы, картобы бақшада пісіп тұр. Кемпинг жұмыс істейді, енді мейрамхана салу ісін де қолға алған.
Табиғи таза сүт өнімдеріне де сұраныс көп. Бекболат Шәуленовтың зайыбы Лиза Сұлтанғалиеваның да тірліктен қолы босамайды: сүт тартып, қаймақ-майын айырады, құрт-ірімшігін жасайды, қымызын баптайды.
– Шаруа қожалықтың атауын ұлымыз Бексұлтанның есімімен атадық. Ұлымыз бала кезден ұшқыш болуды армандап, бүгінде сол арманның жетегімен білім алып, ұшқыш мамандығын игеруде. Болашақта «Боинг» секілді алып ұшақтарды тізгіндеу мақсатында білімін ұштап жатыр. Екі егіз қызымыз 3-сыныпта оқиды. Екеуі де – менің, анасының көмекшілері. Атқа мініп, мал қайырысады, шаруашылықтағы басқа да жұмыстарды істеуге қолғабыс етеді. Жұмысшы болмай қалған кездері шаруашылықтағы барлық жұмысты өзіміз атқара береміз. Дәл қазіргі сәтте де малшы жоқ, малды өзім бағып жатырмын, – дейді кейіпкеріміз.
«Біреуге тіл тигізуден сақтан. Ашу – дұшпан, ақыл – дос. Әдептен аспай, кішілік көрсету арқылы кісілік танытуға тырысыңдар. Өз басыңа тілемейтін істі біреуге істеме, қиянаттан асқан қылмыс жоқ. Осыдан сақтан деп отырамын. Тек балаларым емес, барша жастарға айтар сөзім – осы». Бұл – Батырбек Шәуленовтың тоқсаннан асып дүниеден озған әкесінің ұрпағына айтып кеткен өсиеті. Батырбек те өз балаларына еңбектен асқан тәрбие жоқ екендігін, тек еңбек қана адамды биіктерге жетелейтінін үнемі айтып отырады...