Орал қаласында қоғамдық көліктерде сақталуы тиіс карантиндік талаптарды бақылау күшейтілетін болады.
Бұл туралы осы аптада Батыс Қазақсан облысы әкімдігінде өткен коронавирусқа қарсы жедел штаб отырысында айтылды. БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың айтуынша, індет жұқтырған тұрғындар арасында жүргізілген сауалнамалар бойынша, олардың 70 пайызы ауруды бетперде режимі сақталмайтын, жолаушыға лық толы қоғамдық көліктерде жұқтырғанын алға тартқан.
Облыс басшысы Ғали Есқалиев өткен демалыс күндерінде ұйымдастырылған рейд барысында көпшілік қоғамдық көліктерде осындай тәртіпсіздік орын алғанын жасырмады. Сондай-ақ мұндай жағдай жалғаса берсе, ауру жұқтыру оқиғалары белең ала түсетінін айтты.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ағымдағы жылдың тамызында коронавиуспен ауырғандар саны алдыңғы аймен салыстырғанда 39 пайызға төмендеген. Соңғы күндері жұқпалы аурулар ауруханасындағы орын толымдылығы тоғыз пайызға азайғаны байқалған. Алайда жансақтау бөлімдеріндегі орындар толымдылығы 4,6 пайызға өсіп отыр.
– Өкінішке орай, көптеген адамдардың өз бетімен емделіп, ауруын ушықтырып алатын жағдайлар орын алуда. Егде және ұлғайған жастағы науқастар арасында өлім жағдайы көп тіркеліп, жыл басынан бері 503-ке жеткен. Атап өтсек, қайтыс болғандардың 71 пайызы – 65 жастан асқан тұрғындар, 28 пайызы – 40-65 жас аралығындағылар. Сонымен бірге стационарлардағы ауыр және аса ауыр жағдайдағы науқастардың ішінде вакцина алғандары жоқ. Екпе індеттен толықтай қорғамаса да, адам ағзасын аурумен күресуге дайындайды. Коронавирусқа қарсы вакцина салдыртқан адам ауру жұқтырған жағдайда жеңіл өтіп, тез сауығады. Жерлестерімізді өз бетімен ем қабылдамауға шақырамыз. Дене қызуы көтеріліп, тамақ немесе көкірек тұсы ауырған жағдайда немесе жөтел пайда болса, дереу емхана дәрігерінің көмегіне жүгінгені дұрыс, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибеков.
Өңір басшысы Ғали Нәжімеденұлы әлі де сақтық шараларын сақтау керектігін еске салды. Сондай-ақ облыс әкімі қоғамдық көліктерде бетперде режимін сақтау мәселесіне айрықша назар аударды. Бұл жағдайға жауапкершілікпен қарап, автобус жүргізушілерімен және кондукторлармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін жеткізді. Оған қоса облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалымен бірлесіп, «Ashyq» мобилді қосымшасының тиімділігін тексеру бойынша мониторингтік топтардың жұмысын күшейтуді тапсырды.