Тамыздың 27-жұлдызында Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мәдени-ағарту бірлестігіне қарасты «Ардагер» клубы шахматтан турнир өткізді.
Қазақстан Республикасының Конституциясы мерекесіне орай ұйымдастырылған спорттық іс-шара «Белсенді ұзақ өмір» жобасы аясында өтті. Оған Орал қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев, Батыс Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген қатысып, клуб мүшелерін айтулы мерекемен құттықтады.
Шахмат турниріне «Ардагер» клубының шахматшылары мен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығы жанынан ашылған «Ten qogam» әлеуметтік қолдау орталығының тұрақты келушілері қатысты.
Қаладағы демалыс саябағында ашық аспан астында таза ауада арнайы шахмат алаңында өткізілген жарыста «Ten qogam» орталығының келушілері Жұмағали Джантурганов жүлделі екінші орынды, ал Асқат Зейнеденов үшінші орынды иеленді.