ҚР Премьер министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Түркістан облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі ірі су қоймаларының қазіргі жай-күйін бақылады. Алдымен тікұшақпен «Бөген», «Бәйдібек ата», «Шардара» су қоймаларына әуеден визуалды бақылау жасалды. Судың мөлшері, жайылуы, толымдылығы зерделенді. Одан кейін «Көксарай» контрреттегішіне арнайы барып, жағдайын қадағалады. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Төтенше жағдайдың алдын алуға жауапты басшылардың су тасқынына қарсы дайындық жұмыстары мен жоспарларын тыңдады.
«Көксарай» су реттегішінің жалпы сыйымдылығы 3 млрд текше метрді құрайды. Бірақ қазіргі уақытта техникалық жағдайына байланысты 1,5 млрд текше метр ғана су қабылдайды. Сондықтан «Көксарай» су реттегішін реконструкциялауға Су шаруашылығы комитеті тарапынан ЖСҚ әзірленді. Биыл «Ислам даму банкінің» қолдауымен құрылыс-монтаж жұмыстарын бастауды жоспарланып отыр. Жобаны іске асыру арқылы контрреттегіште екі есе көп, яғни, 3 млрд текше метр су жинауға мүмкіндік туады.
Сондай-ақ Қанат Бозымбаевқа «Бөген», «Шардара» және «Бәйдібек ата» су қоймаларының қазіргі ахуалы таныстырылды. Бүгінде «Шардара» су қоймасының толу көрсеткіші 85 пайыздан сәл асты, бұл өткен жылдың осы кезеңдегі көлемінен жоғары. Мамандар су деңгейін бақылауда ұстайды. «Шардара» су қоймасы бөгетінің сейсмотұрақтылығын қайта құру және нығайту нысаны бойынша республикалық бюджеттен 7,7 млрд теңге қаржы қаралып, 2024 жылы құрылыс жұмыстары аяқталды.
«Бөген» – оңтүстіктегі ең ескі су қоймаларының бірі, 1962 жылдан бері жұмыс істейді және жөндеуді қажет етеді. Су қойма 67,8 мың гектар жерді ағын сумен қамтамасыз етеді. 2021-2022 жылдары су қоймада төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында көпфакторлы зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды.
Ал Бәйдібек ауданындағы «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысы өткен жылы көктемгі тасқын суларды жинау мақсатында басталған болатын. Жалпы құны 15,7 млрд теңге болатын нысанның сыйымдылығы – 68 млн м3. Бұған дейін бөлінген қаржы игеріліп, жұмыстар атқарылды. Тиісті қаржы толық бөлінген жағдайда, құрылыс жұмыстарын 2025 жылы толық аяқтауға мүмкіндік бар. Негізгі су көзі – Бөген өзені, жалпы ауданы – 680 гектар. Бөгеттің ұзындығы – 1,75 шақырым, ал биіктігі – 26 метр. Аталған каналдың бойында 1 369 гектар суармалы жер тұрақты ағын сумен қамтамасыз етіледі.