Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің Орынбасары
А.С.Көлгіновке
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Алтай Сейдірұлы!
Менің бүгінгі депутаттық сауалым мәдениет саласына қатысты болмақ.
Бәсекеге қабілетті мемлекет дегеніміз тек экономикалық даму көрсеткіштерінен тұрмайды, ол сонымен қатар, мүмкін тіпті бірінші кезекте, бәсекеге қабілетті мәдениетті қалыптастырудан, өз мәдени жетістіктерін әлемге таныта алудан тұрады деп ойлаймын. Сол себепті де кез-келген мемлекет, әсіресе дамыған мемлекеттер бірінші кезекте өз елінің ұлттық мәдениетін, өнерін, әдебиетін қызғыштай қорғайтыны заңдылық болса керек.
Қазақ мәдениетініңде тамыры өте тереңде, әлем бойынша ойып тұрып алар өзіндік орны бар. Оған нақты мысал ретінде домбырада күй орындау мен айтыс өнерінің Юнесконың шешімімен бейматериалдық мұралар тізіміне енгізілгенін атап өтуге болады.
Енді басқасын айтпай ақ, осы Юнеско тізіміне енген екі өнер саласына қатысты біздің ұлттық заңнамамызда бірде-бір норма жоқ екенін қалай түсінуге болады? Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, Европа елдері одағы тек қана өздерінің ұлттық мәдени мұраларын сақтау әрі дамыту бағытында 400-ден астам құқықтық және нормативтік актілер қабылдаған.
Және бір мысал, бізде жырдың ондаған түрі бар, өңірлерге байланысты бірнешеге бөлінеді, олардың ішінде көне заманнан келе жатқан жырлардың жөні бөлек.
Көршілес қырғыз елінде «Манас эпосы» туралы арнайы, өз алдына бөлек заң бар, ал біздің «Мәдениет туралы» заңымызда балет бишілері, олардың арнайы статусы туралы жазылсада, жыр, жырау, жыршылар туралы, жалпы қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мен өнеріне қатысты бір ауыз сөз жоқ.
ХХ ғасырда қазақ халқының мәдени жүйесiне үш түрлi мәдениет: дәстүрлi, отаршыл, батыстық мәдениет әсер еткені тарихтан белгілі, үлкен өкінішке қарай батыс мәдениетіне еліктеу, сол жолда өз дәстүрлі мәдениетінен жеріну әлі күнге жалғасын табуда.
Енді сөзден нақты сандарға көшпес бұрын мәдениет саласының шенеуніктері қалыптастырған өнерге қатысты екі ұғымға түсінік бере кетейік, олар; дәстүрлі және классикалық өнер туындылары. Осы бір бейресми түрде болса да, санамызға әбден сіңіп қалған екі терминге сәйкес, дәстүрлі деп қазақ халқының ұлттық өнерін, классикалық деп, әдетте батыс елдері өнер туындыларын түсінетін болдық.
Мәдениет дегенде алдымен музыка, сөз өнері, жыр, ауыз және жазба әдебиеті, бейнелеу, театр, кино туындыларын айтамыз. Мен осылардың ішінен тек театрларға қатысты бүгінде қалыптасқан жағдайға тоқталайын:
Өзіңізге белгілі, мәжіліс мерзімінен бұрын таратылып, сайлау жүріп жатқан кезеңде еліміздің 3 жылдық бюджеті бекітіліп кетті, қазір сол құжатты зерделеп жатқан жәйім бар.
Енді Республикалық театрларға 2023 жылға қаражат бөлінуіне назар аударайық; Астана қаласында орналасқан «Астана опера театры» мен «Астана балет театрына» бөлінген қаржыға, қалған қазақ, орыс, ұйғыр, неміс ұлттық театрларының барлығына бөлінген қаражатты түгел қоссақта жетпейді. Неге? Өйткені алдыңғы екеуі классикалық, яғни батыс өнеріне жатса, қалғандары, соның ішінде қазақ театрлары ұлттық-дәстүрлі өнер қатарына жатады.
Мысалы, «Астана опера театрының» биылғы жылдық бюджеті – 5 578 541 теңгені құраса, 4 миллиардтан астам бюджеті бар «Астана балет театрына» қатысты жағдай тіптен қызық, мемлекет өз есебінен салып берген ғимаратты өзі жалға алуға мәжбүр болып отыр.
Классикалық театр мен қазақ театры қызметкерлерінің алатын жалақысына дейін едәуір айырмашылық бар. Оған негіз – «Астана балетте», «Астана операда» Үкімет Қаулысымен коммерциялық емес акционерлік қоғам болып құрылған, сол арқылы қызметкерлеріне көтеріңкі жалақы төлеуге мүмкіндіктері бар, ал іргетасы сонау 1926 жылы қаланған, ғасырлық тарихы бар «Мұқтар Әуезов» академиялық театрынан бастап қалған театрлар республикалық қазыналық кәсіпорны ретінде ондай мүмкіндікке ие емес.
Сыртқы елдерге гастролдық сапарлар мәселесінде дәстүрлі өнер иелері емес, классикалық, яғни жоғарыда атап өткенімдей батыс мәдениеті өкілдеріне басымдық беріледі.
Осы мысалдардан көріп отырғанымыздай дәстүрлі мәдениетіміз заң жүзінде де, іс жүзінде де қорғалмаған деп айтуға негіз бар. Қазақ ұлттық мәдениеті қашанғы өз елінде өгейдің күйін кешпек?
Құрметті Алтай Сейдірұлы!
Менің бұл жерде бюджеттен жаңадан қаражат бөлдіру мәселесін көтеріп отырмағанымды, мемлекеттік бюджетте қарастырылған қаражаттың әділ бөлінуі туралы мәселе көтеріп отырғанымды қабылдауыңызды сұраймын.
Сонымен қатар, ұлттық мәдениетке қатысты жаңа концепция қабылдау қажеттігі кезек күттірмес мәселе деп есептеймін. Егер қазақ мәдениетін дамыту мәселесі бойынша ұзақ жылдарға негізделген ұлттық концепция жасақтар болсақ, тиісті заңнаманы да сол концепцияға сай қабылдатып, қалыптасқан келеңсіз тәжірибені де өзгертуге жол ашылған болар еді.
Бірақ, ол мәселе тек министрлік өкілдері тарапынан емес, міндетті түрде еліміздің мәдениеттану саласына қатысы бар ғалымдарымыздың қатысуымен қаралса деген ұсынысым бар.
Құрметпен,
Қазақстан Республикасы
Парламент Мәжілісінің
депутаты А.Т.Құспан
Орындаушы: Ә.Шуақбаев
Телефон: 74-63-56