Ел тағдырын айқындайтын басты құжат – Ата Заң. Ал референдумға шығарылған жаңа жоба – уақыт талабынан туындаған стратегиялық шешім. Әлемдік саяси ахуал құбылып тұрған кезеңде Қазақстан үшін берік құқықтық негіз аса қажет.
Қазақстандағы конституциялық референдум елдің ішкі саяси өміріндегі елеулі оқиғаға айналып қана қоймай, шетелдік мамандардың да назарын аударды. Маңызды шараға байланысты еуропалық сарапшылар өз пікірін білдіріп жатыр. Олардың айтуынша, жаңа Ата заң демократиялық өзгерістерге жетелейтін маңызды кезеңдердің бірі. Талдаушылар негізгі өзгерістер ретінде вице-президент институтының енгізілуін, парламенттің бір палаталы жүйеге көшуін және азаматтардың саяси бастамаларға тікелей араласуын атап өтті. Сарапшылардың пікірінше, жаңа Ата заң басқару жүйесінің тиімділігін арттырып, мемлекеттік шығындарды қысқартуға және саяси жаңғыруға жаңа серпін береді.
Орталық Азия бойынша сарапшы Дерия Сойсал: “Қазақстан бүгін демократиялық өзгерістер үдерісінде көш бастап келе жатқан елдердің бірі. Сондықтан конституциялық реформаны заңды әрі уақытылы жасалған қадам деп бағалауға болады. Меніңше, мұндай өзгерістерге қажеттілік бұрыннан бар еді, ал референдум азаматтарға мемлекеттің болашақ құрылымын айқындауға тікелей қатысуға мүмкіндік берді” дейді.
Жалпы Референдумда 33 бапқа 56 толықтыру енгізілді. Енді бұл қандай өзгерістер дегенге қысқаша тоқталсақ, Конституцияда «суперпрезиденттік» басқару үлгісінен ықпалды Парламенті және есеп беретін Үкіметі бар президенттік республикаға түбегейлі көшу, мәслихаттардың ықпалын арттыру, Мәжіліс пен облыстық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың аралас мажоритарлы-пропорционалды моделін енгізу көзделіп отыр. Сонымен қоса Президенттің барлық саяси күштер мен партиялардан дербестігін бекіту, Мемлекет басшысының жақын туыстарына саяси лауазым иеленуге және квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқаруға тыйым салу секілді мәселелері қамтылған. Бұдан бөлек құқық қорғау саласы бойынша маңызды өзгерістер енгізіледі. Атап айтсақ, Конституциялық сот құрылады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, яғни омбудсменнің мәртебесі Ата заңмен айқындалады. Елімізде өлім жазасы мүлде жойылады.
Мемлекет басшысы өз сөзінде мұның бәрі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін жасалып жатқанын, алдағы конституциялық реформа ел дамуының жаңа кезеңі басталғанын көрсететінін баса айтып өткен еді.
Қазақстанда референдум арқылы Ата заңға (Конституцияға) өзгерістер енгізу немесе жаңа Ата заң қабылдау мәселесі бойынша мамандар мен сарапшылардың пікірі бірнеше негізгі бағытқа бөлінеді. 2026 жылғы жаңа Ата заңды конституциялық реформалар аясында жүрген мамандар демократиялық институттың көрінісі деп бағалайды. Еліміздегі саясаткерлер референдумды – халықтың мемлекеттік маңызды мәселелерді тікелей дауыс беру арқылы шешуінің ең жоғарғы демократиялық нысаны деп отыр.
2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда жаңа Конституция жобасы қабылданды. Дауыс берушілердің басым көпшілігі (89,86%) жаңа Ата заңды қолдады. Бұл тарихи шешім мемлекеттің алдағы даму бағытын айқындап, құқықтық жүйесіне түбегейлі өзгерістер әкелді.
Жаңа Конституция жобасы «Иә» (89,86%) дауыс санымен бекітілді. Дауыс беру 2026 жылғы 15 наурызда өтті. Құжат мемлекеттің жаңа саяси-құқықтық даму бағытын айқындайтыны сөзсіз. Осы референдум күні елімізде 585 бала дүниеге келді. Бұл да болса жақсылық нышаны.













