Ауыл әкімдері әр күн сайын кем дегенде бір үйге кіріп, жағдайымен танысып отыруы тиіс. Осылайша бір жылда сол ауылдағы барлық отбасыны қамтып, олардың ахуалынан хабардар бола алады. Бұл туралы Талас ауданының даму жоспары талқыланған кеңесте облыс әкімі Нұржан Нұржігітов айрықша атап өтіп, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Басқосуда аймақ басшысы Ел Президентінің тапсырмаларына сәйкес тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру, ауылдағы әр отбасының тұрақты табысының болуы, жұмыссыздарды азайту секілді мәселелерге баса назар аудару керектігін баса айтты.
Жиында Талас ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек ағымдағы жылдың қаңтар-наурыз айларында қалыптасқан негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге тоқталып, алдағы жоспарлар жөнінде жан-жақты баяндама жасады. Оның айтуынша, ауданда жалпы өндірілген өнімнің және қызметтердің көлемі 10 млрд. 773 млн. теңгені құраған.
Аудан аумағында барлығы 23 елді мекен бар болса, 14 елді мекен газдандырылған (60,9 пайыз). Тағы алты ауылға көгілдір отын тарту үшін құжаттама жұмыстары жүргізілуде. Қалған үш елді мекенді газбен қамту мәселесі 2026 жылға дейін шешімін таппақ.
Сол секілді 16 елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген (69,5 пайыз). Қазіргі таңда Қайыр, Ақтөбе, Арал елді-мекендерін (халық саны 200 адамнан аз) ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында мембрандық қондырғы орнатуға және Тұрымқұл, Қожағаппар, Қараой, Сейілбек елді мекендері үшін ЖСҚ әзірлеуге аудандық бюджеттен 25 млн. теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары атқарылуда.
2022-2025 жылдар аралығында ауданда 7 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Оның төртеуі өңдеу өнеркәсібіне, үшеуі жаңартылатын энергия көздеріне тиесілі. Бұл жобалар бойынша 711 жаңа жұмыс орындары ашылатын болады.
Бұдан бөлек осы жылдар ішінде 149 шағын жобаларды іске асыру көзделуде. Оның ішінде агроөнеркәсіп кешені бойынша 60 жоба, балық шаруашылығы бойынша 4 жоба, шағын кәсіпкерлік бойынша 85 жоба қамтылған.
Облыс әкімі жобалардың барлығын әр жылға және ауылдық округтерге бөліп, жоспарлау керектігін ескертті.
— Жұмыс істемей тұрғын кәсіпкерлік субъектілеріне талдау жүргізіп, зерделеу қажет. Ауыл тұрғындарының табысын арттыруда кәсіпкерлікпен қатар ауыл шаруашылығына да баса назар аударған жөн.
Біз мәселелерді тек анықтап қоймай, оның шешілуі жолында нәтижелуі шаралар қабылдап, жұмыс істеуге тиіспіз. Барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілер осы міндетті сезініп, түсінуі маңызды,-деді Н. Нұржігітов.
Аймақ басшысы ауданға қатысты жоспарлар мен мәселелер бойынша бірқатар басқарма басшысыларының да есебін тыңдап, аудандық бөлім басшылар мен ауылдық округ әкімдерінен жауаптар алды.