Әлеммен тілдескен Әліби әлі де талай шыңдарды бағындырады

Әлеммен тілдескен Әліби  әлі де талай шыңдарды бағындырады

«Біздің елдің жігіттері – жігіттердің төресі...»

Қызылорда облысы, Жалағаш ауданындағы біздің Мақпалкөлден, қазіргі Темірбек Жүргенов ауылынан жігіттің талай төресі шыққан. Сол алдыңғы буын әкелері мен ағаларының ізін басып келе жатқан, біздің бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері Әліби Бекжанов. Бұл күнде Әлібидің аты шартарапқа жайылып, елге белгілі тұлғаға айналды.

Алғашқы тәуекелдің жүгі ауыр

 1990 жылы Мақпалкөлдегі №117 орта мектепті  бітіріп,  Жамбыл     гидромелиорация-құрылыс институтының Қызылордадағы филиалының механика факультетіне құжат тапсырды. 1995 жылы институтты бітіріп, дипломын алып, ауылға келді. 

Бұл кезде ауылда Темірбек Жүргенов атындағы шаруашылықтың басшысы Сәбит Серікбаев ағамыз еді. Шаруашылықта бір жыл гидротехник-мұраб болып жұмыс істеді. Сәбит ағамыз басқарған жылдардың соңында совхоз шаруашылықтарға бөліне бастады. Бақытбек ақсақал күріш қоймасының меңгерушісі еді. Бұл 1996 жылдар еді. Еліміз егемендік алып, бұрынғы жүйе құрылымдық өзгерістерге ұшырап, шаруашылықтарда әркім өз күнін өзі көретін заман болды. Адамдар қолынан келетін кәсібімен айналыса бастады. Сол кезде қазақы диірмендер шықты. Аудан орталығында қолы жеткендер шағын диірмендерді құрып, трактордың артына жегіп, күріш ақтап, кәсіп қылды. Әліби осы диірмендердің жұмысын көріп қызықты. Бір күні әкесіне: «Көке, маған бір диірмен алып бер, сонымен кәсіп бастайын», – деді. Қолынан іс келетін Бақытбек ақсақал бір қазақы диірмен құрастырып істеп берді. Совхоздың директоры Серікбаев Сәбит: «Әліби, сенің диірменіңді орталыққа қояйық, совхоздың күрішін сен ақта, сөйтіп бірлесіп жұмыс істейік. Үстінен өзің пайдаңды көрерсің», – деп ұсыныс жасады. Сөйтіп жеке кәсіпкер болып, алғашқы кәсібін осы диірменмен бастап еді. Кәсіптің басы жақсы басталды. Совхоздың қанша күрішін ақтаса, сол күріштің 5-10 пайызы өзіне қалады. Жаман емес, азға қанағат. Алғаш рет нарықтағы «пайда» ұғымының мәнісін түсінді. Бірақ бұл пайда оңайлықпен келмейді екен, оны кейін білді. 

Бір-екі жылдан соң қазақы диірмен қолданыстан шығып, қытайдың диірмені келе бастады. Тағы да әкесіне қолқа салды: «Әке, қалада жұрт қытайдың диірменімен жұмыс істеп жатыр. Біздің диірменге қарағанда өнімді екен», – деді. Қытайдың диірменін сатып ала қоятын басы артық ақша да жоқ. Бірақ Әлібидің ішкі есебі бойынша қытайдың диірменін қарызға болса да ақша тауып алып, жұмыс істесе көп ұзатпай қарызын жабатынын білді. «Тәуекел түбі желқайық, өтесің де кетесің» дегендей, Қызылордада тұратын жездесі Нағымаддиннен 1700 АҚШ доллар ақшаны қарызға алды. Бұл сол кездегі өлшеммен көп ақша және Әлібидің өз кәсібіндегі алғашқы тәуекелі еді. Бұдан кейін де талай тәуекелдерге барды, бірақ осы алғаш рет үлкен жауапкершілікті мойынға алған қадамы есінен кетпейді. Сөйтіп 1999 жылы қытай диірменін ауылға бірінші рет Әліби алып келіп еді. Бұл диірмен расында өнімді болып шықты. Диірменді өз үйінің ауласына құрды. Тәулік бойы жұмыс бір тынбады. Күріш ақтатамын деген ағайындар тек ауылдан емес, көрші Мәдениет, Таң, Еңбек, Аққұм ауылдарынан келеді. Жұртта ақша жоқ, күрішпен есептеседі. Бір қап қара күріш ақтаса үш келі ақ күріш алады. Әлібиде ұйқы жоқ, шаршайды, бірақ өз бейнетінің табысы бойын ширатып, қунап сала береді. Сонымен не керек бір айдың көлемінде алған 1700 доллар қарызын жапты. Әрі қарай таза пайдасы шықты. Әліби өзінің о бастағы есебінің дұрыс екеніне, әрбір істі бастағанда жеті рет өлшеп, бір рет кесіп, есеппен  жұмыс істегенде нәтижеге жететінін түсінді.

 

Жапонның «Hitachi»-і құтқарды

Алғашқы табысына су жаңа «Супер УАЗ» деген мәшине алды. Сол кезде сол мәшинелердің құны он сегіз тонна ақ күріш болатын. 

1990 жылдардың соңында шаруашылықтан 20 гектар үлес жерін бөліп алды. Жиырма гектар жерге өзінің жинаған қара күрішін екті. Өзінде техника жоқ, шаруашылықтың өзінде екі-үш трактор ғана бар. Сол трактордың егесіне жағдай айтып, тиын-тебенін беріп, жерін жыртты, тұқымын септі. Онда да күндіз емес, түнде олар өз жұмысынан босаған кезде істейді. Бірінші жыл өнім болмады. Бұл заңды еді. Расында сол кезде күріш егу деген кәсіптің не екенін, оның қыр-сырын білмейтін. Еккен 20 гектар күріштен 24 центнерден ғана өнім алды. Екінші жылы да өнім мардымды болмады. Дегенмен бұл Әлібиді мойыта алмады. Ағаларының ақыл-кеңесімен келесі жылы тағы екті. Тынымсыз еңбек өз жемісін бере бастады. Алғашқы жылдардағы табысына «Т-150» маркалы трактор алды. Кейін бір комбайн алды. Табысынан ауыстырып-түйістіріп бір тіркеме алып алды. Іске техника қосылғасын кәсібі де дөңгеленіп жүре берді. Нақ осы кездерде ауылдағы майда шаруашылықтар нарыққа төтеп бере алмай, ыдырай бастады. Нарықтың заңы емес пе, кім мықты сол қалады, кім әлсіз сол кетеді. Бұл кезде жеке шаруашылығында біраз тәжірибе жинаған Әліби де кімнің жоспары, мақсаты, есебі дұрыс соның ғана жұмысы жүретінін түсіне бастады. 20 гектар жерін 30 гектарға ұлғайтты. Кейін егіс көлемін 60 гектарға жеткізді. 

Қазір екі шаруашылық бар. 2003 жылы құрған «Ер-Әли» шаруа қожалығы және «Құрманбай ата» шаруа қожалығы. Екіншісін 2011 жылы құрды. 

2005 жылы «Қазагроқаржы» мекемесі арқылы лизингке су жаңа «МТЗ-80» маркалы трактор алды. Бұл алғашқы жаңа техникасы еді. 2007 жылы «Т-150» тракторы мен 2-3 комбайн алды. Бұрын өзінде бар баяғы кеңестік кезеңнен қалған бір «ДТ-75» тракторы мен «Т-150» тракторының қасында мына жарқыраған су жаңа техникалар көңілге қуаныш ұялатып, болашаққа деген сенімін де нығайтты. Ал 2011 жылы «Қазагроқаржы» мекемесі арқылы лизингпен Американың «Keis» деген комбайнын алды. Бұл Әлібидің ең алғашқы шетелдік техникасы еді. Бұл комбайнды алдымен 15 пайыз құнын төлеп, сол кездегі бағамен 50 миллион теңгеге төрт пайызбен он жылға рәсімдеді. Бұл шаруашылыққа көп көмек болды, ол кезде төрт пайызбен несие жоқ. Бірақ Әліби үшін осының өзі үлкен тәуекел еді. 

Шаруашылықты меңгеріп, күріш егудің қыр-сырына қанығып қалған Әлібидің алдынан бұл кезде жаңа проблемалар шыға бастады. Бұрын шаруашылықтың қыр-сырын меңгере қоймағасын, көп нәрсеге мән бермеген екен. Егіс алқабындағы арық-жаптар, жалпы су жолдарының бәрі ескірген, көміле бастаған, қамыс басып кеткен екен. Сол сияқты атыздар да біркелкі тегістігін жоғалтқан. Бір жері биік, бір жері ой. Атызға су жібергенде әлгі биік жерге су апару үшін ойпаң жерлер жарты метрден астам суға толады. Соның өзінде су биік жердің бетін ғана шайып жатады. Жұмыс істейтін, жұмыстың көзін білетін адам өзіне-өзі мәселе тауып алатыны белгілі. Бірақ соны шешу жолдарын да өзі табады. Бұл мәселені Әліби көп ойланды, әкесімен ақылдасты. Қалай болғанда да арық-жаптарды тазартпай болмайтын еді. Шаруашылыққа жан беріп, бойына қан жүгіртетін жүйе су жолдары. Олай болса жедел түрде су жолдарын тазартуды қолға алу керек. Ал енді оны немен тазартады? Өзінің шаруашылығында ондай техника жоқ, бұрынғы совхоздың ізіндегі шаруашылықта өкпесін зорға сүйретіп жүрген ескі жер қазатын трактор бар. Ол өздерінен ауыспайды және үлкен жаптарды қазуға шамасы да келмейді.

Ойлана келе 2013 жылы күзде ұзақ мерзімді несиеге тағы да «Қазагроқаржы» мекемесі арқылы 26 миллион теңгеге Жапонияның «Hitachi» деген экскаваторын алды. Не дегенмен өркениетті, ғылымы мен техникасы дамыған мемлекеттер емес пе? Техникаларының ерекшелігі көзге ұрып тұр, жұмысы өнімді, сапалы. Ауылдың механизатор жігіттері аз уақытта-ақ жапондық эксковаторды меңгеріп, жұмысқа кірісіп те кетті.  

 

Инвестормен келісіп, немістердің сеніміне кірді

2004 жылдар. Бұл кезде банктен ақша алу қиынның қиыны. Ең бірінші «Ауыл Банк» деген құрылды. Сол банктен 4 миллион теңге несие алам деп жарты жыл жүргені бар. «Мынадай құжат әкел, анадай құжат әкел, мынадай кепіл керек» дейді, қойшы әйтеуір сұрамайтыны жоқ. Бұл 4 миллион теңге көктемгі егіске жұмсайтын ақша еді. Ақыры банк ақша бермеді. «Кепілге қойған дүниең жетпейді» – деді. «Әй, мен енді әйелім мен баламды қоймасам, басқа дүние жоқ менде!» – деп бұл да қатты кеткен. Бүкіл дүниесін кепілге қойып, әбден әбігерге түсіп, жүйкесі тозып, ақырында мұрнынан қан кетіп ауырып, ауруханадан бір-ақ шыққан. 

Көктемгі егістің уақыты болса келіп қалды, енді қимылдамаса болмайды. Банктен қайран жоқ, суға кеткен тал қармайдының кері, ауылда пайызға ақша беретін бір апасы бар еді, соған барды. Жағдайын айтты: «Апа, жағдай осылай болып тұр, маған өзіңіз белгілеген пайызыңызбен ақша беріңіз, бірақ күзде қайтарамын», – деді. Апасы да бұның қиналып келіп тұрғанын білді. «Қанша керек?», – деді. «Апа, егер болып жатса ең болмаса екі жарым миллиондай тауып беріңіз», – деді бұл. Бала-шағасының рахатын көргір апасы сұраған ақшасын тауып бере қойды. Тағы бір жерден қарызға ақша алып, сол жылғы көктемгі егісті қиналып егіп еді. Әліби көктемгі егісін егіп болған кезде «Ауыл банк» рәсімдеген ақшасын берді. Егер банктің ақшасына қараса, сол жылы құр алақан қалатын еді. Бұл жерде де көзсіз тәуекелге, жансебілдікке барды. Кәсіпте, шаруашылықта сондай тәуекелдерге бармаса, жұмыс та бітпес еді. Бұны Әліби шаруашылықтың жұмысын бастағанда-ақ түсінген. Банктің берген 4 миллион теңгесімен алған қарыздарынан құтылды. Сөйтіп ол өзін-өзі жапты. 

Осыдан кейін Әліби банкке жоламайтын болды. Расында кейін шетелдерде болып, ондағы қаржыландыру, банк жүйесімен танысқан кезде біздің банктердің бәрі қанаушы банк екенін білді. Пайыз өте жоғары, екінің бірі біздің банктерден несие ала алмайды.

«Инвестордан ақша алу банктен ақша алғаннан әлдеқайда оңай, – дейді Әліби. – Инвестор сенен кепіл сұрамайды. Айталық мысалы ол қара күріштің келісіне 25 теңгеден ақша салады, күзде сол 25 теңгені қайтарамын. Яғни сол ақшаға шағып күріш берем, әрі қарай оны өзі ақтап, үстіндегі пайдасын көреді. Келісімшартқа отырамыз. Бір парақ қағазға қол қоямыз, болды. Банктегідей салақұлаш қағаздар толтыру, анкета толтыру, кепіл сұрау деген инвесторда жоқ. Біз қазір инвестормен жұмыс істеуге үйрендік, бұл біріншіден, оңай. Екіншіден, сенімді. Қанша сұрасаң да береді, өзіңе қажетті соманы аласың. Миллиардқа дейін ақша алуға болады. Үшіншіден, қағазбастылықтан құтқарады, неше алуан құжаттар рәсімдемейсің. Ең бастысы үстінде пайыз жоқ».

Инвестордың да өз есебі бар. Олар да кез келген адамға ақша бермейді. Ақша беретін адамын олар да зерттейді. Берген ақшаны қайтара ала ма, жоқ па, оны да тексереді. Қанша күріш егетінін сұрайды, екеуара нақпа-нақ есеп болады. Әліби осындай қатаң есеппен, жүйелі тәртіппен 2006 жылдан бастап инвестормен жұмыс істей бастады. Сонау кәсіпті алғашқы бастаған жылдары гектарына 24 центнерден өнім алса, кейін күріштің әр гектарынан алынатын өнім 80 центнерге жетті. Соңғы жылдары бұл көрсеткіш гектарына 97 центнерге көтерілді. Бұл облыстағы ең жоғары көрсеткіш. 

Қиын күндер артта қалды. Небір қиындықтарды бастан өткерді. Шаруашылық инвесторға өндірілген өнімнің 80 пайызын беретін дәрежеге дейін барған кездері болды. Бұл инвесторға толық тәуелді болу деген сөз еді. Алмайын десе болмайды, қаншама шетелдік техникалар алып жатыр, құрылыстар салып жатыр, алу қажет. Ақшасыз жұмыс жүрмейді, бірақ осының бәрі көзсіз тәуекел болатын. Сол тәуекелдің адам психологиясына әсер ететінін ескерсек, бұл заманда тәуекелге бару да ерлік. Бірақ қажырлы еңбектің арқасында қиындықтардың бәрін еңсерді. Өнімнің инвесторға беретін көлемі азая берді, 70 пайыз, 50-30 пайызға түсті. 2021 жылдан бастап, инвестордан ақша алуды тоқтатты, себебі бұл кезде шаруашылық өзін-өзі толық қамтамасыз ететіндей жағдайға келді. 

Кәсіпкер шаруа үнемі ізденісте жүреді. Қалай болғанда шаруам жақсы жүреді, қайтсем шығын аз болады, шығынсыз іс жүргізудің қандай жолдары бар деген сияқты сауалдар Әлібиді де үнемі мазалайтын. Ауылшаруашылығы техникаларын «Қазагроқаржы» мекемесі арқылы лизингкке алатын болса, енді сол техникаларды шыққан жерінен тікелей алудың мүмкіндіктерін іздей бастады. «Ізденген жетер мұратқа» дегендей, оның да жолы бар екен. Германияға барған сапарында комбайндарды немістерден делдалсыз, қарызға алуға қол жеткізді. «Сен маған техниканы лизингкке емес, қарызға бер» – деді Әліби немістерге. Не дегенмен мәдениетті, өркениетті халық қой, «қарыз» ұғымына сәл тосырқап қарағанмен келісті. Сөйтіп қарызға немістерді де үйретті. Бірақ бұл шаруашылыққа тиімді болды, ортада ешкім жоқ, немістермен тікелей өзі жұмыс істейді. Ортадағы делдалға кететін пайыздар өзінің қалтасында қалды. Былтыр 150 миллион теңгенің комбайнын немістерден қарызға алды. Алдын ала 20 миллион теңгесін төледі. «Қалғанын мамыр айында берейін, күзде берейін», – деді. Әлібидің несие тарихының таза екенін, шаруашылықтың несие алуға қауқарлы екенін немістер де білетін. Сондықтан Әлібидің талаптарымен келісті. Бірақ сол комбайнның 150 миллион теңгесін мерзімнен бұрын жапты. Әлібидің бұнысына немістер тәнті болды. Немістердің сеніміне кіріп, биыл тағы да екі трактор алды. Бұл техникалары 100 миллион теңге болды. Бұл дүниелерінің ақшасын 2022 жылдың мамыр айына дейін жабамын деп келісті. Сөйтіп қазір «Қазагроқаржыдан» техника алуды тоқтатты. Бұл өзіне де тиімді болды. «Қазагроқаржыдан» 100 миллион теңгеге трактор алса, оны 10 жылда 130 миллион теңге қылып қайтарады екен. Ал немістерден өз бағасына алады, олар біздегідей жосықсыз өсім қоймайды. 

Қазір шаруашылықтың барлық техникасы жаңаланды. Әлібидің шаруашылығында қазір баяғы бір совхоздың техникасы бар. Оның ішінде орыстың да, ағылшынның да, немістің де, қытайдың да техникалары бар. Басым бөлігі жетілдірілген шетелдік техникалар. Себебі қазір шетелдік жетілдірілген техникамен жұмыс істегенде ғана өнім болады. 

 

Бәрінен де Украинаның күріші, Италияның техникасы озды

Осыдан үш жыл бұрын 2018 жылдары тұқым шаруашылығын құрып, тұқым шаруашылығы мәртебесін алды. Ресейден элита тұқым сорттарын әкеліп егіп, көбейтіп, облыстың ішкі шаруашылықтарына сата бастады. Біраз шетелдерде болып жүр, көрші Ресейден бастап Украина, Белоруссия, Германия, Жапония, Түркия, Америка, Иран елдерінде болды. Ол жаққа барғанда, әрине бірінші кезекте ол елдің ауылшаруашылығы саласындағы жұмыстарына зер салады. Ол жақтағы жағдайды елдегі өзінің шаруашылығымен салыстырады. Екеуі жер мен көктей. Еуропа елдерінде егін егу мәдениеті, жерді пайдалану, өңдеу мәдениеті өте жоғары. Иранда күрішті екі рет егіп алады екен, бірақ өнімділігі тым мардымсыз. Гектарынан 30-32 центнерден ғана өнім алады, шығымы да, жұғымдылығы да төмен. Біздің күрішпен салыстыруға мүлде келмейді. Әліби шетелдің тәжірибесін үнемі өз шаруасында қолдануға тырысады.

Соңғы кезде ауа райының едәуір өзгергенін байқайды. Әлі есінде, сонау ертеректе 1970-1980 жылдары қыркүйек-қазан айларында жаздың ыстығы әлі қайта қоймайтын. Комбайншы жігіттердің комбайнның кабинасында  ыстықтап, терлеп отыратыны көз алдында. Ауа райының осылай өзгеруіне, судың тапшылығына байланысты күріштің ерте пісетін сорттарын егуді қолға ала бастады. Осы мақсатпен екі жыл қатарынан Украинаға барып қайтты. Кезінде «Рис Қазақстан» деген мекеме болды. Сол Ресейдің, Краснодар өлкесінен 2000 жылдары күріштің «Лидер» деген сортын әкелді. Әліби 2008 жылы осы «Лидер» деген сортты екті.Сол кезде 25 тамызда күріш пісіп, егінге орақ түскен. «Лидердің» өнімділігі өзіміздің «Маржан» сортына қарағанда жоғары екен. Сол кездерде «Маржаннан» гектарына 40-42 центнерден өнім алса, «Лидерден» 58-60 центнерден өнім болды. Бұл сол кезде тым-жақсы өнім еді. 

Ал енді мына жағдайды қараңыз, 2008-2021 жылдар арасында, яғни, он үш жылда күріштің жетіліп, пісуінде қандай өзгерістер болған. 2008 жылы «Лидер» сортын егіп, 25 тамызда күріш пісіп, егінге орақ түссе, 2020 жылы «Лидерді» 15 қыркүйекте орды. Сонда 13 жылда күріштің пісу уақыты 20 күнге ұзарған. 20 күн дегеніңіз шаруаның бір науқаны ғой, яғни бір науқанның уақытынан ұтылып тұр. Бұл жергілікті ауа райына да байланысты, кейде қатты ыстық болып кетсе де күрішке әсер етеді. Кейде салқындап кетсе де болмайды. 

Украинаға барған сапарында тағы да күріштің төрт түрлі сортынан алып келді. Олар «Премиум», «Маршал», «Виконта», «Лазурит» деген сорттары еді. Дәміне, пісу уақытына, сапасына қарап таңдап алды. Былтыр сол сорттарды егіп көрді. Екеуін қолданыстан шығарып, «Виконта», «Премиум» деп аталатын екі сортын алып қалды. Бұлар біреуі 105 күнде, екіншісі 115 күнде пісетін күріш екен. «Лидер» 130 күнде піссе, бұл тұқым 105-115 күнде піседі. Арасы – 10-25 күн. Жалпы ғылымда ерте пісетін күріш өнімді болмайды деген тұжырым бар. Ерте піседі, бірақ анау айтқандай өнім бермейді. Күріштің пісу уақыты ұзаған сайын, өнімі жоғары болады. Енді мына қызықты қараңыз, Әліби сол Украинадан әкелген 105 күнде пісетін күрішті егіп, гектарына 93 центнерден өнім алды. Бұл өте жоғары өнім еді. Сөйтіп ғалымдардың әлгі қағидасын теріске шығарғандай болды. Күріш ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары, баяғыда институтта оқып жүргенде өзіне сабақ берген ұстазы Серікбай Өмірзақов бірде телефон арқылы сөйлескенде осы жайды тілге тиек етіп: «Әліби, сен ерте пісетін күріштен адам сенгісіз өнім алып, ғылымда төңкеріс жасадың, дәлелденген қағиданы бұздың, енді ғылыми нормаларды өзгерту керек болды-ау», – дегені бар.

Әлібидің соңғы алған шетелдік комбайндары баяғы орыстың комбайны сияқты шынжыр табанды емес, доңғалақты болып келді. Атыздың бір жері биік, бір жер ой, ой жерде жиналып, тартылмай қалған су бар. Әлгі доңғалақты шетелдік комбайндарды алып келіп, атызға салған кезде су жиналған ойпаң жерлерде батып қалды. Оны трактормен тартып, әлекке түсіп құрғаққа шығарып жүрді. Италиялық «MARA» лазерлік жер тегістегішін алу Әлібидің ойына осы тұста келді. «Шетелдік техникаларды қолдану үшін, алдымен атыздарды тегістеп алу керек екен» – деп ойлады. 

Италияның жер тегістейтін лазерлік техникасын ең алғаш 2005-2006 жылдары «Алуанас», «Шапағат», «Жихан» деген компаниялар алып келді. Жұмыс істеп көрді, бір атызда шыр айналып, таңертеңнен кешке дейін жүретін бұл техниканы, «Мынау өнбейді екен, тұрғанымен шығын, тиімсіз екен» – деп бұл жер тегістегішті қойды. Бірақ италиялық «МARA» лазерлік жер тегістегішін пайдаланудың болашағы зор екенін Әліби білді. Италияның жер тегістейтін «MARA» лазерный планировчик деп аталатын техникасын 2013 жылы күзде 7 жарым миллион теңгеге сатып алды. «Шығын болса бір жыл шығын болар, шаршасақ бір жыл шаршармыз, бірақ есесіне бүкіл атызыңды тақтайдай етіп тегістеп аласың. Су бармайтын жер болмайды, бүкіл атызыңды бір деңгейде су басады, сондықтан бұның шығынынан қашпайық» – деді жігіттеріне. Қазір осындай лазерлік жер тегістегіштің Әлібиде үшеуі бар. 2015 жылы орыстың ақшасы түсті, жұрттың бәрі мәшине тасып жатқан кезде Әліби су жаңа үш «Т-150» тракторын сатып алды. Сол кезде құны түскен орыстың ақшасымен бұл трактордың біреуі 5 миллион рубль болды, үшеуін 15 миллион рубльге алып келді. Сол үш тракторге бірыңғай лазерлік жер тегістегішті жегіп, өзінше бір бригада құрды. Рөлге алты жас жігітті отырғызды, айлық жалақысын жақсылап төледі. Жастар шаршай ма, тәулік бойы бір тынбайды, трактордан бірі түссе бірі мінеді, күнімен-түнімен жұмыс істеді. Сөйтіп жеті жылда бүкіл егіс алқабы қолмен қойғандай тегістелді. Лазерлік жер тегістегішті пайдалануды жігіттері де меңгерді. Әрине, жер тегістелгесін, атызды түгел біркелкі су басқасын, өнім де жоғарылады, ең бастысы су үнемделді. Әлібидің бұл жұмыстарын көрген облыстағы өзге шаруашылықтар италиялық «МARA» лазерлік жер тегістегішті пайдалануды қайтадан қолға ала бастады. Осы ретте «МARA»  лазерлік жер тегістегішті пайдалануды, оның әдістемесін егін шаруашылығына қайтадан алып келген тағы да Әліби еді. Бұны әріптестері де мойындады, «Әліби, сен дегенмен «МARA-ның» тиімділігін дәлелдедің», –  дейді кездескенде олар. Расында облыста жері жүз пайыз мінсіз, түбегейлі тегістелген Әлібидің шаруашылығы. Бұның өзі қаншама суды үнемдейді. Қазір италиялық «МARA»  лазерлік жер тегістегішті пайдалануға жаппай бетбұрыс басталды. 

 

   

20 гектардан  2800 гектарға  шарықтаған шаруашылық

2000 жылдары тәй-тәй басқан шаруашылық 20 гектар күріш ексе, қазір егілетін егіс көлемі 2300 гектарға жетті. Оның 800 гектары жоңышқа, 1400 гектардай күріш. Ең алғашқы алған өнім 24 сентнер болса, қазір әр гектардан 93 сентнерге дейін өнім алады. Әрине, бұл айтуға ғана оңай, әйтпесе осы сентнерлер мен гектарлар оңайлықпен келген жоқ. Бұл жетістіктер мен табыстардың аржағында қаншама жылғы еңбек пен тәжірибе, ұйқысыз түндер, сергелдеңге салған күндер, майталман механизаторлардың табан ақы, маңдай тері жатыр. Бұлар тауарлы күріш, тұқымдық күріш өндіріп сатады. Соңғы жылдары жылына 2000 тоннаның үстінде тұқымдық күріш сатты. Облыс аймағындағы шаруашылықтар көбіне тұқымды Әлібиден алады. Бұл шаруашылықтың тұқым күріші туралы жақсы пікір қалыптасқан. Яғни, жоғары өнім алып келе жатқан шаруашылықтың өнімділігі жоғары, сапалы күріш тұқымынан ексе мол өнім алатынына кепіл бар. Расында Әлібидің тұқым күрішін алып еккен шаруашылықтар мол өнім алып келеді. Олар келесі жылы да тұқымды Әлібиден алады. Сөйтіп бұл шаруашылықтың тұқым күріші де аймақта танымал болған...

2018 жыл. Ауылда алма бақ еккісі келіп жүретін, 5-6 гектар жер керек. Бірақ жер тым қымбат. Бір жиында облыс әкімі Қырымбек Көшербаевқа осы мәселені айтты. «Осындай ой-жоспарларымыз бар, бірақ жер жоқ, алайық десек тым қымбат. Біздің ауылдың жері Оңтүстік Қазақстанның немесе сонау Жетісудағы не ексең де шығатын құнарлы, шұрайлы жер емес, ылғы шеңгел мен жыңғылдың асты, тұзданған, сорланған, сондықтан жердің бағасын қолжетімді деңгеймен беруге болмай ма бізге?» – деді. Әкім Әлібидің ұсынысын мақұлдады, сол жерде тиісті кісілерге тапсырма берді. Сонымен жер бөліміндегі жігіттер заңдылықтарын қарап, бір жолдарын тапты. 5 гектар жерді он жылға жалға берді. Сөйтіп іске кірісіп кетті, осыдан үш жыл бұрын Сарағаш ауданының көшет сататын Аманкелді жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен  5 мың түп алма ағашын әкеліп екті. «GALA-М9», «Goldеn-М9» сортты сол алмалары қазір жеміс беріп, халық игілігін көруде. Әлібидің алмасы ешқандай қоспасыз, табиғи, экологиялық таза өнім. Мекемелер, ұжымдар, үлкен компаниялар сатып алып кетеді. «Алманың бұл сорты он жылдық, биыл үшінші жыл, ендігі жылдан бастап өнімді төгіп береді. Менің есебім бойынша әр түп кемінде 12-15 келі алма беру керек. Сонда 70 тоннадай өнім береді, бұл сатуға да, беруге де, ауылдағы ағайынның жеуіне де жетеді» – дейді Әліби...

 

Шаруашылықта қазір 110 жұмысшы бар, осы жұмысшылар уақытылы айлық-жалақысын алып тұр. Зейнетақы қорына ақшасы уақытылы аударылады. Өз кәсібін сонау еліміз тәуелсіздік алған тұста бастаған Әліби тәуелсіз елмен бірге өсіп келеді. Елінің әрбір табысына қуанады, заман тыныш болып, әркім өзі қалаған кәсібімен еркін айналысса екен дейді. Десе де Әлібиді мазалайтын жайлар көп, әсіресе су мәселесі. «Сулы жер – нулы жер» – деген, баяғы шалқып-тасыған, жағасын ит тұмсығы батпайтын ну қамыс басып, арасында жолбарыс жортқан Сырдың қазіргі халі мүшкіл. Кіші Аралға құятын судың өзі мұң балғандай халде. Қазақстанда тоғыз су қоймасы салынады деп жатыр. Бұл дегеніңіз теңізге құятын азғантай суды мүлдем тоқтату емес пе?! Дегенмен бұл ауылда жүрген азаматтардың шешетін мәселесі емес. Мемлекет басшыларының мәмілесімен шешімін тапса екен дейді...

Жанкешті еңбек мемлекет тарапынан бағаланғаны қуантады. Жас та болса, бас болған, тәжірибелі диқанның омырауында «Құрмет» ордені, «Халық алғысы» және басқа да мерекелік медальдар жарқырайды. Иә, ел осындай ерлерімен еңселі, біздің елдің жігіттері жігіттердің төресі. Жерді анасындай аялаған, табиғатпен тілдескен еңбек майданының майталманы Әлібидің алдағы істеріне сәттілік тілейміз!  

Тұрақ Адисұлы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
09.12.2021

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 75
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 597
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 714
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 626
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 636

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8771
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8171
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11400
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9154
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10385