"ҚАЗАҚСТАН батыс әлемі алдында өз сенімін жоғалтты" деп «Қаңтар оқиғасына» баға берген әлем баспасөзі тағы не дейді?

"ҚАЗАҚСТАН батыс әлемі алдында өз сенімін жоғалтты" деп «Қаңтар оқиғасына» баға берген әлем баспасөзі тағы не дейді?

Қазақстандағы «Қаңтар оқиғасы» әлем баспасөзіндегі айтулы оқиғалардың біріне айналып шыға келді. Ресей мен Украина арасының ушыға түсуі, НАТО мен Ресей арасындағы нәтижесіз келіссөздер сынды халықаралық тақырыптар сәл де болса саябырсып, әлем баспасөзінің назары Орталық Азиядағы алып елге ауды. Алғашында халықтық шерулерді хабарлап жатқан БАҚ-тар көп өтпей негізінен Алматыдағы қақтығыстарды жарыса жазып жатты. Сонымен қоса Президент Қ.Тоқаевтың теледидар арқылы сөйлеген сөзіндегі «террористік әрекеттер шетелерде жоспарланған болуы мүмкін» деген сөзіне ауды.  Бейжіңнің көшесінде келе жатып сүрініп кетсе де, америкалықтардан көретін кейбір қытайлық сарапшылар бірден – «бүліктің артында АҚШ тұруы мүмкін» деген күдіктерін жасырған жоқ. Оған ілесе Ресейден де бұл пікірді қостаушылар табыла кетті. 

Америка дауысы» мен «Азаттық» радиосы Ресейде шетелдік агенттермен  жарияланды - ForumDaily«Америка дауысы радиосы» 14 қаңтар күні Имамова атты автордың «Сарапшылар Қазақстанның Ресей мен Қытайға бетбұруын, авторитаризмнің асқынуына әкеліп соғуы мүмкін деп алаңдайды» атты мақаласын жариялады.

Қазіргі таңда бұл қанды оқиғаның басты ұйымдастырушылары анықталмағанымен, оған сырттай баға беріп, болжамдар айтып жатқан адамдар көп. Кейбір танымал басылымдар бұл туралы сараптамалық материалдар жариялап, «Қаңтар оқиғасы» және Қазақстанның саяси ахуалы туралы бағаларын беріп жатыр. Төменде солардың бірнешеуіне тоқталып, «сырткөз сыншылардың», Қазақстандағы «Қаңтар оқиғасы» мен елдің саяси өміріне деген көзқарастарын оқырмандарымызға ұсына кеткенді жөн көрдік. BBC агенттігі 13 қаңтар күнгі «Қазақстандағы бүлік: Ресейдің ықпал ету аймағы және Қытайдың бір белдеу, бір жол стратегиясының маңызды серіктесі» атты мақала жариялады. Онда «Қаңтар оқиғасының» соңы Президент Тоқаевпен экс-президент Назарбаев командасы арасындағы құқықтық тартыспен аяқталды» деп жазыпты. Бұдан ары Ресейдің Орталық Азия аймағындағы ықпалы, ҰҚШҰ және Қытайдың «бір белдеу, бір жол стратегиясы» және Қазақстанның Ресей мен Қытай үшін қаншалық маңызды екендігіне тоқталған. 

«Америка дауысы радиосы» 14 қаңтар күні Имамова атты автордың «Сарапшылар Қазақстанның Ресей мен Қытайға бетбұруын, авторитаризмнің асқынуына әкеліп соғуы мүмкін деп алаңдайды» атты мақаласын жариялады. «Әлем назары Қазақстандағы қауіпсіздік күштері мен шерушілер арасындағы қақтығыстарға ауды. Алайда тәуелсіз сарапшыларды бұдан гөрі Тоқаев пен Назарбаев блогы арасындағы тартыстар қызықтырып тұр», – деп бастаған автор мақаласында Ресейдің, Қазақстанның және АҚШ-тағы саясаттанушыларының пікірлерін келтірген.   

Мұнайлы Қазақстандағы қымбатшылыққа наразылық білдірген халықтық толқулар, іле-шала саяси талаптар қоюға ұласып барып, соңында қанды қырғынмен аяқталғандығын жазған Имамова қақтығыстың туу себептеріне елдің ішіндегі қордаланған түрлі мәселелермен байланыстырған. «2019 жылы биліктен кеткен Назарбаев іс жүзінде Қауіпсіздік кеңесінің өмір бойы төрағасы және елдегі жетекші саяси партияның төрағалығы сынды маңызды қызметтерін сақтап қалды. Бұл Назарбаевтың елдегі ең жоғары ықпалын азайтқан жоқ», – деген автор ары қарай халықтық шерулер кезінде айтылған талаптар мен ұрандарды да қалыс қалдырмаған. 

Мичиган университетінің қызметкері Паулина Джонс (Pauline Jones): «Назарбаев нарықтық экономиканы жолға қоюмен бірге «жұмсақ авторитаризм» арқылы тұрақтылық пен өркендеуге бет алған өзіндік даму моделін қалыптастырғандығы үшін ресми және бейресми беделге ие болды. Назарбаев өз мұрасының заманауи, тұрақты және гүлденген Қазақстан болғанын қалайтын еді. Бірақ енді оның жүргізген саясатына – «жүйелі түрде нәзік, қысымшыл және билікті сақтау үшін шетелдік интервенцияға көбірек тәуелді болды» деген баға берілетін болады. Ендігі жерде Назарбаевтың «мұқият және кәсіби түрде қалыптастырған» ұлттық имиджді жойылды. Бұл жолғы шеруден кейінгі ең үлкен өзгеріс – биліктің Назарбаевтан алшақтағаны болды. Тоқаев оны ресми түрде қызметінен айырып қана қоймай, елдің қауіпсіздік аппаратындағы одақтастарын тазартып, оларды өз адамдарымен ауыстыруға кірісті.

Тоқаевтың қоғамдық наразылықтарды күшпен басып-жаншу және ескертусіз ату туралы бұйрықтары мемлекеттік зорлық-зомбылықты режим тұрақтылығының құралы ретінде пайдалануға жол ашты. Тоқаев реформаны таңдайтын болса, халықтың белгілі деңгейде қолдауы мен заңдық орнын бекемдей түсуіне ықпал етуі мүмкін. Ол тіпті алдағы уақытта сайлау өткізіп, көріністе болса да аздап саяси бәсекелестікке жол беруі ғажап емес. Алайда Қазақстан басшысының Ресей мен Қытайға бетбұруы Қазақстандағы автократиялық режимді одан ары бекемдей түседі. Өйткені Қазақстанның автократиялық көршілері қай кезде де  Қазақстанға көбірек ықпал етуді қалайды. Қазақстан қазір батыс әлемі алдында өз сенімін жоғалтты» дегенді айтыпты.  

Ал Мәскеудегі Карнеги орталығының маманы Темур Умаров: «Халық Назарбаевтың жүйенің бір бөлігін әлі де ұстап отырғандығына наразылық танытты. Біз шеруге шыққан адамдардың бұл туралы ашық ұрандатқандығын өз құлағымызбен естідік» деген. Умаров сонымен қоса «Сын сағаттарды өткерген Тоқаев және оның қайта құрған Үкіметі бұдан былай халықтың бостандығын шектейтін, белсенділерді агрессивті түрде қудалайтын, Үкіметтік емес ұйымдарға, бұқаралық ақпарат құралдарына және қоғамдық жиналыстарды шектейтін заңдарды қабылдауы мүмкін. Тоқаевтың наразылық шерулерін тоқтату үшін Ресей басқаратын ҰҚШҰ-ның әскерлерін «бітімгершілік» миссиясына шақыру туралы шешімі Қазақстанның ұлы державалар арасындағы тепе-теңдікті ұстанатын «плюралистік» дипломатиясын Мәскеудің пайдасына бұрады» деген екен.

АҚШ-тағы Пицера колледжінің профессоры Барбара Жүнісбай ханым: «Мен бұрын Қазақстандағы бейбіт шерулерге қатынасқанмын. Ондайда полиция мен әскер бірден араласатын еді. Осы жолғы Алматыдағы шерулер кезінде қауіпсіздік күштерінің зорлық-зомбылықтарды тоқтата алмағаны «тым ғажап» болды», – деп таңғалыпты.   

АҚШ тарапы бұл оқиғалармен еш қатысы жоқ екендігін, «бүліктің шығу себебі ел ішінде талай жылдан бері қордаланған саяси-экономикалық мәселелермен тікелей байланысты екендігін» айтып ақталып шықты.

Гарвард университетінің қызметкері Наргиз Қасенованың ойы да басқа сарапшылармен ұқсас шыққан. «Халықтың әлеуметтік-экономикалық салаға деген сенімсіздігі мен мемлекеттік басқарудың дұрыс болмауы және сыбайлас жемқорлықтың дендеп кетуі демонстрацияларға себеп болады. Экономикалық жағдайдың одан әрі нашарлауы және індеттің созылып кетуі де  бұл наразылықтардың бұрқ ете түсуіне мүмкіндік берді. Тоқаевта соңғы күндерге дейін нақты билік болмады. Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы билікке келді дегенмен, ол өтпелі кезеңдегі фигура ғана еді», – деген. 

Казанова сонымен қоса саясаттанушыларды «Қаңтар оқиғасы» туралы тәуелсіз зерттеулер жүргізуге шақырған. «Жағдай нашар сияқты, бірақ реформаларды білікті мамандар қолға алар болса Қазақстанда өзгерістер болуы мүмкін. Бұлардың ешқайсысы бір күнде өзгермейді. Ендігі мәселе саяси элитаның «елдің тұрақтылығына пайдалы тепе-теңдікті» таба алу-алмауында», – деген ойын айтыпты.

Сарапшылар Қ.Тоқаевтың кезектегі шұғыл шешімдеріне қарата: «реформадан гөрі күш қолдануды таңдады, сондай-ақ наразылық білдірушілерді «террористер» деп атады» деп сынаған екен.

Халықтың бейбіт шерулерін жаппай тәртіпсіздіктерге айналдырушылар мен  бүлікті ұйымдастырушылардың кім екендігі туралы ақиқат алдағы уақытта әлем алдында жария болар күн де келер. Дегенмен бізді сыртымыздан бағып отырған әлемнің сын айтуға келгенде бетің бар, жүзің бар демейтінін ұмытпаған да жөн сияқты...

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
27.01.2022

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 822
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6896
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10732
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 6965
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7104