Адамның қаны – су емес! (Соғыс философиясы туралы...)

Адамның қаны – су емес! (Соғыс философиясы туралы...)

Адамзат өзін батырлар арқылы таниды. Тарихты да солар арқылы есте сақтайды. Біреуін жаулап алушы дейді, біреуін азат етуші дейді. Бірінің мүсіні алаңда тұр, бірінің аты оқулықта жазулы. Бірақ тарихтың өзі бір сұраққа жауап бере алмайды: соғыстан жаны аман болып қайтқан адам жоқ. Иә, тірі қалғандар, марапат алғандар, атаққа ие болғандар бар. Ал соғыстан жаны аман шыққандар бар ма?..

Жас ұлғайған сайын адам өткеніне қайта-қайта оралады екен. Бұл – ностальгия да, есеп те емес шығар. Бәлкім, өмір бойы үнсіз жатқан сұрақтардың бірінен соң бірі оянып, алдыңнан шығуы ма екен? Мен де соңғы кездері осындай ішкі соттың алдында жүргендеймін. Бұл мазасыздық әуелі Қасым Қайсеновпен, кейін Қара Майормен әңгімелескеннен кейін туған еді. Ал шын мәнінде, ол жолдың бәрі өз ар-ұжданыма апаратын жол екен...

Соғыс белгілі бір ғасырдың қатесі, белгілі бір халықтың күнәсі де емес. Соғыс деген – саясаттың адам өмірінен қымбат болып кеткен сәті. Ал саясат дегеніңіз – өз шешімінің өтеуін өзгелердің қанымен төлейтін суық механизм ғой. Біз соғысты шекара мен тарихтардан, келісімдерден, бұйрықтардан іздейміз. Ал соғыс шын мәнінде адамның өз ішінде жүреді. Бұйрық – жауапкершілікті, заң – арды, жеңіс – қанның сұрауын тоқтатпайды. Бұл мәтін батырлық туралы емес. Бұл – соғыстан кейін тірі қалған ардың күйі туралы. Мұнда сатқындық та, қаһармандық та жоқ. Мұнда өлтіруді көріп, өлтіруге мәжбүр болып, соның салмағын өмір бойы арқалап өткен адамдар ғана бар.

«Әй, Ауған!» Қазақстанның Халық Қаhарманы, атақты соғыс ардагері, аты шулы партизан, белгілі жазушы Қасым Қайсенов ақсақал мені осылай атаушы еді, марқұмның өмірден өтерінен бір-екі жыл бұрын айтқан әңгімелері де қазіргі күні есіме жиі оралып, санамды сан саққа жүгіртеді.

– Әй, Ауған, – деп еді қайран ақсақал бірде үйіне амандаса барғанымда, – мені бір ой мазалап жүр. Кейде түсіме де кіреді...

– Ол не нәрсе, ақсақал?

– Егер жаңылмасам, 1944 жылдың ортасы ғой деймін, партизандар жорыққа шықпай отырушы ма еді, түн жамылып жорыққа шыққан біздің отряд ертеңіне ормандағы лагерьге олжалы оралдық. 7 немісті тұтқынға алғанбыз, оларды алдымызға сап айдап келдік.

Әдетте тұтқындардың сырт киімдерін, сонан кейін етіктерін шешіп алып, өздерін лагерьден сәл ұзатып шығарып атып тастайтынбыз. Бұл жолы үлкен командирлерімізден, украин жігіті еді, мынадай бұйрық түсті:

«Жақында ауыр шайқас болады, соған дайындалуымыз керек, бірде-бір оқты шығындамаңдар, тұтқындарды мойынын үзіп өлтіріңдер!» ...

Бұйрықтың аты – бұйрық. Сырт киімдері мен етіктерін шешіп алғаннан кейін жеті партизан жеті тұтқынды былай шығардық. Сырт киімін шешкеннен кейін ап-анық байқалады. Маған тап келген неміс жап-жас өрімдей бозбала. Әрі кетсе 18-де.

«1944 жылдың 1 қаңтарынан бастап гитлершілдер ел ішінен әлі әскери дайындықтан өтпеген, жап-жас жігіттерді жаппай әскерге алып, майданға аттандырып жатыр» деп естуші едік. Сол сөз расқа айналғандай. Қайтсін енді, немістер де жеңілмеудің сан түрлі амалын іздеп жанталасып жатыр да.

Сонымен, бір қолымды әлгі бозбаланың мойынына, екінші қолымды иегіне апардым. Жанын қинамай, шапшаң әрі шалт қимылдап, мойнын қырт еткізіп үзіп жібермекпін. Сол кезде бозбаланың менің бетіме қарап жымимасы бар ма?!

Тап бір әкесіне күле қарап, «Мойнымның қытығын келтірдің ғой...» деп еркелеп тұрған бала сияқты.

Қойшы, не керек, бәрі өтті, кетті ғой. Сол өз қолыммен өлтірген беті секпіл, көзі көкшіл бозбала қазір менің түсіме енетін боп жүр. Бір емес, екі емес, бірнеше рет... Бетіндегі секпілі одан әрі бадырайыңқырап, көкшіл көзі одан әрі бақырайып, маған ұзақ қарап тұрады. Бірдеңе сұрағысы келетін сияқты. Бірақ ештеме сұрамайды...

Әй, Ауған, мен адам өлтірдім ғой. Талай адамның қанына ортақ болдым. Соның бәрінің сұрауы бар емес пе?! Қазір осы жөнінде көп ойланатын болып алдым...

О дүниенің есігін ашуыма да аз-ақ қалды.

– Сіз өз еркіңізбен өлтірген жоқсыз ғой. Соғыстың заңы солай. Бұйрық солай. Сталин, Отан солай бұйырды.

– Бірақ, олардың қанын Сталиннен емес, менен сұрайды ғой. Өйткені оларды мен өлтірдім. 

Осыдан кейін Қаскең ұзақ ойланып, үнсіз отырып қалушы еді.

Дәл осындай күйді әйгілі Қара майордан да байқадым.

Қайтыс боларынан біраз бұрын Қара майор қатты науқастанды. Көңілін сұрап барғанымда:

– Мен бұл науқастан жазылмаймын. Өйткені, мен кісінің қанын көп төктім ғой, – деді тұнжырап.

Кезінде күллі Ауғанстанды шулатқан Паншер шатқалынан жасырынып өтіп бара жатқан талай құпия керуенді қолға түсіріп, олардың құпиясын ашқан кәззаптардың жолдорбаларынан, аяғынан астына шашылған інжу-маржанмен, көк қағазға (доллар) пысқырып қарамаған (я таких зеленных мешками жигал Баха дейтін).

Бастапқыда не дерімді де білмедім.

Бұл не көрмеген Қара Майор?! Қандай қиындықтарды кешпеген, қандай өткелдерден өтпеген. Шыны керек, қалай жұбатудың жолын да, жөнінде таппай абдырап қалдым. Әрине, Қара Майор Ауғанстанға өз еркімен барған жоқ. Оны жұмсады, жіберді: «осылай жасайсың!» деп бұйырды.

Әскери адамның бұйрықтан шет қала алмайтыны, бұйрықты міндетті түрде орындайтыны да белгілі. Ендеше, Қара Майордың «кісінің қанын көп төктім»... деп қынжылуына, өкінішіне жол болсын?! Міне, енді дәл осы жерде ұзақ ойлануға тура келеді. Рас, адамның жаны да, табиғаты да аса қиыншылықты, күрделі. Адамның ойында не бар екенін, оның нені өлшеп-пішіп, нені болжап отырғанын айыру да қиын. Солай бола тұрса да, адамның адамды өлтіруіне, адамның жанына адамның қол салуына болмайды. Адамды өмірге келтіретін де, өлтіретін де Алла. Ал адамның Алланың ісіне араласуына қақы да, құқы да жоқ. Имани ілім, яғни дін бізге осыны өсиет етеді. Тек өсиет етіп қана қоймайды, аманат етеді.

Ал, енді Алланың адам баласына аманат еткен осы имани ұлы идеясын біз неге аяқасты етуіміз керек? Осы жөнінде жете ойландық па? Кейде жүйкесіне түскен жүктің салмағына шыдамаған адам ашу-ызаға оңай беріледі. Өз ісіне есеп бере алмайтын халге де жетеді. Мұндайда тіпті адами қалпынан ауытқып, жыртқыштық мінездері де оянуы мүмкін. Бірақ адам несімен адам? Адамның адамдығы да сол жыртқыштық, хайуандық түйсікті тізгіндеп ұстай алу емес пе?! «Бұйрық солай» деу – қылмысты ұжымға бөліп жіберудің амалы. Ал шындық біреу: адамның қаны ешқашан идеология үшін төгілуге тиіс емес.

Соғыс біткен күні тыныштық орнайтын шығар. Бірақ адамның ішінде соғыс сол күйі жалғаса береді екен ау. Қасымның түсіне кірген бозбала – тарихи деталь емес. Бұл – адамзаттың өлтіруден кейінгі ішкі соты. Қара Майордың өкініші – ардың айқайлаған соңғы дауысы.

Бүгін Ресей мен Украина арасындағы қанды қақтығысты көріп отырмын. Әр тарап өзінше әділ. Әрқайсысы өз шындығын айтады. Бірақ оқ ұлтты таңдамайды. Қан паспорт сұрамайды. Ал өлген боздақ саяси идеологияңды арқалап кетпейді. Мен бұл соғыста жеңгендердің де, жеңілгендердің де жетістікке жеткенін көріп тұрған жоқпын. Тек қираған қаланы, жетім қалған баланы, қартайып кеткен ананың көз жасын көремін. Ең ауыр шындық мынау: Ауған елі бізді шақырды ма? Бүгінгі көзқараспен ол – басқыншылық. «Шақырылмаған қонақ сыпырылмаған жерге отырады» десе де, біз төстеп төрге бір-ақ шыққандаймыз ба?

Бұл – жеке солдаттың шешімі емес еді. Бұл – үлкен саясаттың құрбандығы. Ал сол құрбандықтың өтеуін мыңдаған адам өз қанымен төледі. Мен соны ойлаған сайын ішімде бір сөз қайта-қайта қайталанады: Бұл – кеш келген ақиқат. Ауған жерінің алдында да, соғыстың барлық құрбандарының алдында да өзімді кінәлі сезінемін. Өйткені соғыста кінәсіз адам болмайды. Тек өлгендер мен соның салмағын көтеріп қалғандар ғана бар. Бұл мәтін кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екенін шешпейді. Бұл мәтін бір ғана нәрсені айтады: Адамның қаны – су емес!

 

 Бақытбек СМАҒҰЛ,

 «Qazaqstan Ardagerleri» 

қауымдастығының төрағасы

 

16.01.2026

Ұқсас жаңалықтар

Бауырлас елдерді барласақ
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 15.01.2026 49

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 22220
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 21981
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 37692
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 35564
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 39621