Шәміл палуан (дастан)

Шәміл  палуан (дастан)

Шәміл Серіков! Олимпиада чемпионы! Жақсылық Үшкемпіровпен бірге осы әлемдік додада жасындай жарқылдап топ жарды. Сол кезде оның есімі аңыз болып төрткүл әлемге тарады. Қазақстан, КСРО, Еуропа, Әлем чемпионы болды. Мәскеу олимпиадасында ешкімді бет қаратпай жеңіп, жеңімпаз атанды. Бір минутта алты әдіс жасаған Шәмілдің есімі Гиннес кітабына кірді. Бірақ осындай жолбарыс мінезді жігітіміздің аты кейін неге жарқырамады? Ең болмаса қазағы Жақсылықпен қатар қоюы керек еді ғой. Бар кінәсі ол КСРО-ның құрсауына, бодандыққа бас имегені. Оны сол үшін шеттетті. Бұл дастан Шәмілдің атын қайта шығарып, оның ерлігін, хас шеберлігін елге паш ету мақсатымен жазылды.

 

1

Пенделер, бұл жалғанға келген қонақ, 

Шырпыдай жанып, өшкен ғұмыр шолақ.

Ер өтер, найзағайдай қуаты – өрт,

Жігерсіз жанар бықсып, ойы олақ. 

 

Із қалар арман қуып, талпынғаннан, 

Не қалар, дүние жинап, алқынғаннан.

Ұмтылған арын сақтап, алғыс жинар,

Жұртына не береді, бықсып жанған.

 

Ұрпағым, арнап саған жаздым дастан,

Ұғып өс өмір сырын бала жастан.

Ұмтылсаң білім жинап, ұғып тәлім,

Жеңесің қиындықты өтер бастан.

 

Серігің болсын әркез ар мен ұят,

Жасама пайда үшін еш қиянат.

Жеңдірме пиғылыңды қызғанышқа,

Әділмен өз ісіңе бол мұқият.

 

Биікке әлін білмей созған қолын,

Іздейтін тіршілікте жақсы орын.

Өмірдің теңсіздігін пайдаланып, 

Кеседі дарындардың өсер жолын. 

 

Қоғамда әділдік жоқ, кім ұтады?

Шер толған көңілді кім жұбатады?

Озатын дарындарға тұсау салса,

Қиыны, ер жанына сол батады. 

 

Өткенді естеріңе мен салайын,

Дерекпен болған жайды қайталайын.

Қазақтың маңдайына сыймай кеткен,

Нағыз ер тағдырына тоқталайын.

 

Табиғат ерекше бір дарын берген,                                                                                                          

Жарқылдап от боп жанып, ерте сөнген.                                                                                                                           

Асыл ер туған еді Алматыда,

Серіков Кәрімұлы Шәміл деген. 

 

Жұлдыздай ерек қуат, жанып келген,

Әлемді таңдандырған іспен ерен.                                                                                          

Қазақтың маңдайына сыймай, әттең, 

Жарқ етіп, найзағайдай қайта сөнген.

 

Шыққан ол, қарапайым отбасынан,

Нәр алып еңбекқор жұрт арасынан.                                                                

Кішпейіл, турашыл жан, ары таза,                                                                                                                                           

Тәрбие көрген әке, анасынан.

 

2

Мінезі жайлы жұртқа, ұяты  бар, 

Қылығы мадақ қумай, сақтайтын ар.                                                                                             

Кейбірдің көрсе ісін әділетсіз,                                                                                                        

Бетіне өз пікірін тура айтар. 

 

Жасынан ширақ, пысық, қайсар болған,                                                                                                     

Есесін жібермейтін өз қолынан.

Ешкімнің көмегіне жүгінбей-ақ

Өзінің намысына болған қорған. 

 

Аулада бала базар қызған кезде,

Алысып күш сынасар, салып тезге.

Шәмілді пысықтауы шалып жықса,

Жол тауып аударатын ол лезде.

 

Кейде кеш, кейде ерте бір кездесер,

Тағдыры әр адамға сыйын берер. 

Әдейі іздегенде табылмайтын, 

Бақыты, сабыр етсе, бір күн келер.

 

Тәлімгер, балуандар үйрететін, 

Қыр-сырын бұл өнердің көп білетін. 

Үмітін үзбеуші ед табамын деп, 

Дарынды нағыз күрес көрсететін.

 

Аянбек (бапкер) аралады талай жерді, 

Дарынды шәкірт болар жан іздеді.

Ол бірде көше бойлап келе жатып,

Күрескен балаларға кездеседі.

 

Біраз күн бақылады сырттан қарап, 

Қимылын, әдістерін оймен талдап. 

Тұлпарды таңдай білсе құлынында, 

Бәйгеден жүлде алар жақсы жарап.

 

Қызықтау ойындарын сәбилердің,

Салтында нағыз ұстаз, тәлімгердің.

Шәмілдің сәті түсіп, бағы жанды,

Ілініп назарына сол бапкердің.

 

Шәмілдің қимылдары қатты ұнап,

Ішінен көп баланың алды таңдап. 

Баптаудың тәсілдерін жаңартты ол, 

Баланың ыңғайына әдейі арнап.

 

Баланың дарынын ол шыңдай білді, 

Өзі де жас баланы тыңдай білді.

Ойынға жаттығуды айналдырып,

Шәмілдің келешегін ойлай жүрді.

 

3

Оңай ма шәкірт болу бала жаста,

Бар бала ойында жүр одан басқа.

Ол кейде жаттығудан жалығады,

Сол кезде ерік берер аққан жасқа.

 

Еркіне тәлімгері жүгіреді,

Ақылмен жаттығуға көндіреді.

Балуан өнеріне қызықтырып,

Ынтасын шәкіртінің көтереді.

 

Болды ғой бірталайлар күмәнданған,

Бос әуре, түк шықпас деп бұл баладан.

Балуан шыға қоймас шыр бітпейтін,

Осал ғой сүйектері шодырайған.

 

Бірақта  сенді оған тәлімгері, 

Болған соң талпыныс пен күш-жігері.

Ұғымтал және тапқыр әдіске тез

Табысы жаттығуда көш ілгері.

 

Жұмылса бір арнаға ынта, еңбек, 

Жойқын күш кедергінің бәрін жеңбек.   

Мақсатқа ұмтылғандар көп үйреніп,

Жетеді сын сағатта жеңіске тек.

 

Бапкері жастай баптап, шынықтырды, 

Сайыста күресуге ынтықтырды. 

Балалар жарысына қатыстырып,

Күресте жеңу жолын сол ұқтырды.

 

Күресіп алты жылдың арасында, 

Жастардың республикалық таласында. 

Төрт рет ол Қазақстан чемпионы,

Жүлдегер Бүкілодақ жарысында.

 

Жаттығу болмаса рух не береді, 

Сол ғана жігер, қайрат әкеледі.   

Шәмілдің бойындағы баба рухы, 

Күресте оған жеңіс әпереді. 

 

Бағалап тәлімгердің өсиетін,

Шыңдады терін төгіп, қасиетін.

Біраз жыл тәжірибе жинаған соң, 

Күн туды өнеріне бас иетін.

 

Жарқ етіп жас балуан көптен озған,

Он тоғыз жасында ол орда бұзған.

КСРО спортының шебері боп, 

Жеңістің шыңдарына қолын созған.

 

4

Ол жұртын қуантады, бағы жанып

Жиырма екісінде әлем танып,

Спорттың халықаралық деңгейдегі

Шебері деген атақ тағы алып.

 

Аз жылда мықтыларды бағындырған,

Палуан өнерімен таңдандырған. 

КСРО, Еуропа, Дүниежүзі  

Чемпион атақтарын, жеңіп алған.

 

Атанып қайраткер деп, естіп мадақ,

Жететін бұл биікке пенде аз-ақ,

Толғанда жиырма төртке алған еді

Спортта еңбек сіңген шебер – атақ.

 

Жылдары жетпіс сегіз, жетпіс тоғыз,

Қазақтан ең алғашқы шыққан жалғыз

Күресте ол екі жыл қатарынан 

Әлемнің  чемпионы болған нағыз.

 

Жеңіс сол, әлем жұрты мойындаған,

Өздерін мықтылардың тамсандырған.

Өтсе де содан бері қырық үш жыл,

Ерлігін палуан жоқ қайталаған.

 

Ойыны Олимпия Мәскеудегі,

Жинаған мықтыларын әлемдегі.

Шәмілдің күрестегі шеберлігін

Сақтады көрген адам есте мәңгі.

 

Шетінен аты аңыз, өңшең мықты,

Жан салып, ұпай үшін көп ынтықты.

Тұлпардай Шәміл сонда ұшқырлықпен,

Намысқа шаң жуытпай, озып шықты.

 

Күтпеген, көз ілеспес жылдамдықты,

Бас иіп жеңілген ед екі мықты.

Боцилэ (румын) бір-ақ минут,     швед Лунгбекте

Көрсеткен қырық секунд  қарсылықты.

 

Белгілі палуан да тым атақты,

Жульенде (белгиялық) үш минутке шыдап бақты.

Шәмілдің екпініне айла таппай,

Жауырын жерге тиіп, құлап жатты.

 

Күресіп, тағы төртеу сабақ алды,

Ұтылып ұпайменен жолда қалды.

Жетінші кездесуге қатыспай-ақ, 

Финалға үздік жетіп, алтын алды.

 

 

5

Әлемде ерді таппай теңер оған,                 

Шәмілдің шықты аты – Нар палуан.

Танытқан қазақ атын жер шарына, 

Ерлікке бар ма қазақ қуанбаған.

 

Өкініш, бұл жалғанның сыры терең,

Қымбатты бағаламас соқыр, керең.

Пайдақор, жылпос пенде өрге шықса,

Жігіттер қор боп қалар талай ерен.

 

Алтынның қолда барда қадірі жоқ,

Ұға ма ер қадірін тамағы тоқ.

Қызғаншақ, ойы таяз өсек жинап,

Сыртынан дарындыға атады оқ.

 

Болмаса өз жұртында ер қорғайтын,

Дарындар түсер күйге жабырқайтын.

Қорғаған ел намысын талай боздақ,

Қор болар таба алмай жан қолдайтын.

 

Қазақтың маңдайына біткен жұлдыз,

Билікке, жұртқа өгей болды, құнсыз.

Тағдыры қуғындыққа тап болғанда,

Өз жұрты көзін жұмып жатты үнсіз.

 

Шәмілдің бар кінәсі қалт кеткен,

Түбіне тағдырының оның жеткен.

БАМ*-ға ол бармаған ед, жібергенде,

Жай болмай от басында сол себеппен.

 

Түймені түйедей ғып өсіретін, 

Іштар көп, от боп жансаң өшіретін. 

Шәмілдің ізін аңдып жүргендер де,

Дем беріп, ауырлатты қасіретін. 

 

Саяси сылтау іздеп, күйе жағып,

Жұмыстан қуылады, кінә тағып.

Шығарды құрамалық командадан,

Тоқтады стипендия жүрген алып.

 

Жолатпай кездесетін жарыстарға,

Шәмілді итерген ед терең жарға.

Тағдырдың тәлкегіне шыдау қиын,

Оңай ма қарсы тұру қысастарға.

 

Мойымай, шыдап бақты қайсар жігіт,

Жеңем деп қиындықты, өшпей үміт. 

Қиыны, сұм саясат ықпалымен,

Жеткізген кедейлікке сайқал үгіт.

 

6

Не жұмыс, не достар жоқ қолын созған,

Бауырмал, адамгерлік сезім азған.

Намысшыл, жомарт мінез қазағымда 

Қайырым көрсететін ғұрып тозған.

 

Бұлқынды, қиындыққа қарсы тұрып,

Қиналды тау мен тасқа басын ұрып.

Шапқылап, ойға-қырға жұмыс таппай,

Отбасын сақтау қиын  қаңғып жүріп.

 

Жанашыр, айтар ақыл пенде болмай,

Жалғыздық ер жігітке болмас оңай. 

Сонда да  ол ешкімге жалынбады,

Намысшыл, өр мінезі болып солай.

 

Болсада қандай кәсіп, жиренбеді,

Әдісін өмір сүру үйренеді.

Жалданып, анда-санда табыс тауып,

Тұрақты жұмысы жоқ, күйзеледі.

 

Кей кезде көлігімен кісі тасып, 

Тығылып, милициядан жүрді қашып.

Заңсыз деп бұл кәсібін, ұстап алса,

Табысын беретұғын қатты сасып.

 

Бірігіп жігіттермен қабілетті,

Көкөніс, пияз салып, еңбек етті.

Жаз бойы күнге күйіп, жел өтінде,

Шаң жұтып, үйін көрмей азып кетті.

 

Күз болса аттанады алыс сапар,

Жалданып  кәсіпкерге, алыпсатар.

Камазға  пияз, қарбыз тиеп алып,

Күзетіп, айтқан жерге ол апарар.

 

Тексізден шығар талай жаман қылық,

Болған соң кеуде соқыр, пиғыл бұзық.

Шәмілді Ауған жаққа жібермек боп,

Мазасын алды бір күн жасап былық.

 

Үйінен алып келді вокзал жаққа,

Кіргізді бос вагонға арырақта.

Ішінде күтіп тұрған «атлеттер»

Ай-шай жоқ ұмтылды топ оны ұрмаққа.

 

Еркін күрес шебері ойланбады,

Төртеудің ортасында ойран салды.

Әп сәтте ес жиғызбай апыр-топыр,

Жасаған әрекеттен жайрап қалды.

 

7

Кездесу уақыты тым тез өтті,

Есігін сырттан жауып Шәміл кетті.

Содан соң сылтаулары ұмыт болып,

Ешбірі қайтып оны іздемепті. 

 

Кез болды қайырымды пенде оған,

Орынбай Тойлыбеков Қапшағайдан.

Шәмілге қиналғанда көмек беріп,

Сараң ой, қуыс кеуде топтан озған.

 

Жасырын мектебіне қабылдады, 

Өнерге үйретсін деп балаларды.

Арманы тәлімгерлік іс болған соң, 

Шәміл де барын салып, аянбады.

 

Құлық жоқ, жақсылыққа пенделер бар,

Басқаны көре алмас, іштері тар.

Жеткізіп жоғарыға құпияны 

Шәмілдің обалына қалған солар.

 

Отбасы енді есін жиған шақта 

Жұмыссыз қалды Шәміл ойда жоқта.

Басталды қаратүнек, күйсіз күндер,

Үмітін үзіп оның жетер баққа. 

 

Жол тартты Мәскеуге ол, соңғы қадам,

Керегі Пархоменко деген адам.

Басшысы Госспорткомның берген жауап,

«Мәселең шешіледі –  мен тапсырам.

 

Орныңды сен барғанша дайындайды,

Бапкер ғып құрамаға қабылдайды.

Арнайы айлығыңмен мәскеуліктей,

Спортком жарлығымды орындайды».

 

Жауабы спорткомның қысқа болды, 

Алыпты басқа біреу ол орынды.

Басына жай түскендей күйге түсіп,

Үміті қайта жанған, мәңгі солды.

 

Жігер құм, қайрат кетті тән мен жаннан, 

Жеткізіп осы күйге пенде надан.  

Күн мен түн ес жия алмай, тірі өлік,

Түңілді әділдік жоқ сұм заманнан.

 

Шығарар тығырықтан жоқ тірегі,

Шыдамай зұлымдыққа етжүрегі,

Құсаның емін таппай, жетті мертке,

Зар жылап артта бала, жансерігі.

 

8

Мәңгілік қара түнек  –  бітті арман.

Өшті үн, сөнді шырақ баста жанған.

Бірақта, қазақ барда ұмытылмас,

Ол тірі, ерлігі мен ізі қалған.

Болат ДҮЙСЕМБІ
19.01.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 13163
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 11998
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 15244
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 14173
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 19205