Қытайда қатерлі індет таралғаны рас па?

0
330

Өткен желтоқсан айынан бері ғаламтор беттерінде «Қытайдың Ухань қаласында жұқпалы ауру таралып жатыр екен. Дене қызуы көтеріліп, өкпесі қабынып ауырған науқастардың саны 30-ға жеткен. Оның ішінде 7 науқастың жағдайы ауыр. Белгісіз індеттің SARS ауруы болуы да мүмкін» деген хабар жұртты елеңдетіп жатыр. Қауесеттің әлемдік БАҚ беттерінде таралғанына айға жуықтағанда барып, Ухань қалалық Денсаулық сақтау мекемесі «белгісіз себептерден пайда болған өкпе қабынуы байқалғандығы» жөнінде хабарлады.
Жаңа жылдың басында Гонконг (Hong Kong) үкіметі,«Уханьға барып келген бір азаматтың тыныс жолдары қабынуы себебінен ауруханаға түскенін» хабарлады. BBC агенттігінің журналистіне сұхбат берген Гонконгтың Емханаларды басқару мекемесінің хатшысы, «қазіргі таңда карантиндеу бөлімінде бақылауда жатқан науқастың жағдайының жақсы екендігін, оның жұрт алаңдап жатқан SARS-пен ауырмағандығын» айтқан. Бұдан бөлек, Ухань қаласына барып келген бір әйел, өзінің денсаулығынан алаңдап дәрігерге қаралған. Алайда онан ешқандай ауру белгісі байқалмаған. Бұл хабар Қытаймен көршілес отырған қазақ елін де алаңдатпай қалған жоқ. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Қытаймен шекарада бақылаудың күшейтілгендігін, жұрттың алаңдауының қажеті жоқ екендігін» айтып, халықты сабырға шақырып жатыр.
5 қаңтар күні Ухань қалалық денсаулық сақтау мекемесі ресми мәлімдеме таратты. Онда бір айдан бері білініп жатқан аурудың құс тымауы, аденовирусы, SARS, таяу шығыс тыныс жолдары синдромы (MERS) қатарлы науқстарға жатпайтындығы айтылған. Мекеменің ресми сайтында жарияланған ақпаратта «Қазірге дейін тіркелген 59 науқастың барлығы карантинде бақылауда жатыр. Оның ішінде 7 адамның жағдайы біршама ауыр болғанымен беті бері қарады.Ауруханаға түскен азаматтармен жақын қарым-қатынаста болған 163 адам анықталып, түгелдей тексеруден өтті. Олардан ешқандай ауру белгісі байқалмады. Науқастарды емдеумен айналысып жатқан дәрігерлерден де жұқпалы аурудың белгісі білінген жоқ. Қазірге дейін өлім-жітім болмады» делінген.
«Қытайда ауру таралды» деген хабарға жұрттың елеңдейтін де жөні бар еді. 2002-2003 жылдары Қытайдың оңтүстік провинцияларында аты белгісіз ауру таралып, күллі дүниені елең еткізген болатын. Тыныс жолдары қабынып, дене қызуы көтеріліп ауыратын бұл ауруды ғалымдар «SARS, severe acute respiratory syndrome» деп атады. Қазақша мағынасы «аса қатерлі тыныс жолдары синдромы» дегенді білдіреді. Алғаш рет 2002 жылы 16 қарашада Гуаңдоң провинциясында байқалған бұл ауру, 2003 жылдың сәуір айында үдей түсті. Бұл кезде Бейжің қаласы SARS ауруының көп байқалған аймағына айналды. Бүкіл ел бойынша қатаң сақтық шараларына көшті. Барлық жолдарда медициналық тексеру бекеттері құрылып, жүріс-тұрыс саябырлай бастады. Қатаң шаралар мен құтқару қызметінің нәтижесінде 2003 жылдың қыркүйек айында, жұқпалы аурудың біржола жойылғандығы хабарланды. Ресми мәліметтерге қарағанда сол жылдары Қытайдан өзгеде бірнеше мемлекетте байқалған SARS ауруын 8069 адам жұқтырып, оның 774- і қайтыс болған екен. Бұл кездері Қазақстан- Қытай шекарасы уақытша жабылып, ол жаққа барып келген азаматтар медициналық тексеруден өткізілген еді. Қытайда көбірек байқалған бұл ауру негізінен ҚХР-дың оңтүстік провинцияларында тіркелді. Қазақстан мен шекаралас жатқан Шыңжаң өңірінен бұл ауру байқалған жоқ.
Сол кездері әлемді алаңдатқан жұқпалы дерттің нақты емі күні бүгінге дейін табылған жоқ. Тек тымауға, инфекцияға қарсы емдеу шараларының нәтижесінде вирусты жұқтырған адамдардың ажал аузынан қайтқаны белгілі. Ғалымдар зерделей келе, аталмыш аурудың жабайы жануарлардан таралатындығы туралы жорамалдарға тоқтасты. Осыдан кейін Қытай үкіметі қатаң шараларға көшті. Аң-құстарды саудалаумен айналысатын қара базарлар мен олардың етін арнайы пісіретін тағамжайларды тексеріп, анықтап, жауапты адамдарды жазаға тартты. Ақпарат көздерінде хабарланғанындай, сол кездері Қытайдың оңтүстік өңірлеріндегі экономикасы дамыған алып шаһарлардың кейбір дәмханалары өздерінде арнайы «хайуанаттар паркін» ашқан екен. Яғни арнайы жасалған қапастың ішіндегі маймыл, қасқыр, түлкі, суыр, күзен, борсықтан тартып жылан, бақа-шаян, жарқанат, егеуқұйрық секілді жан-жануарларды саудаға шығарған. Тұтынушының таңдауы күзенге немесе егеуқұйрыққа түссе, аспаздар сол жануардың етінен тағам дайындап береді екен. Бұлардың бағалары да екінің бірінің қолы жете бермейтін болған. Осылайша «қоректік қуаты аса жоғары» делінетін жабайы жануарлардың еті мұндай дәмханалардың негізгі кіріс көзіне айналған. Ғалымдар жабайы жануарлардан жұқпалы аурулардың таралатындығы туралы дабыл қағып, құзырлы мекемелер заңның талаптарын қаншалықты қатаңдатқанымен де, қытай халқының тарихтан бері жалғасып келе жатқан «өзгеден бөлек тамақтану әдеті» күні бүгінге дейін өзгерген жоқ… Бұл дегеніңіз шығыстағы көршіміздің аумағында жұқпалы індеттердің қатері толық сейілмей отыр дегенді білдірсе керек. Сондықтан кез келген жағдайда қатаң сақтық шараларын қолдануға дайын тұру- ұлттық қауіпсіздігіміздің кепілі дегіміз келеді.

Ерқазы Сейтқали

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.