Жошы хан және оның ұрпақтары

0
428

1223 жылы Шыңғысхан Сыр бойында Түркістан маңында Күлтөбе деген жерге құрылтай шақырады. Құрылтайға батырлар, әскербасшылары, ру-тайпа басшылары және Шыңғысханның ұлдары жиналады. Осы құрылтайда Шыңғысхан жаулап алған жерлерін бәйбішесі қоңырат қызы Бөртеден туған төрт ұлына бөліп береді.
Кіші ұлы Төле ата-баба жолымен қарашаңыраққа ие болып, ішкі Моңғолияны алады. Екінші ұлы Шағатайға Алтайдан Амударияға дейінгі жерлер, Қашқария, Самарқанд пен Бұхараға дейін, Солтүстік Жетісу, шығыс Түркістан жерлері беріледі. Үшінші ұлы Үгедейге Монғолия жерінің батысы мен Тарбағатай аймағы беріледі. Үлкен ұлы Жошыға Ертіс пен Орал тауының аралығы, Каспий, Арал теңіздерінің маңы, Жетісудан Оңтүстік Ресей, Еділ, Жайық бойы, Азов даласы, Солтүстік Кавказ, қазіргі Омбы, Томбы,Орынбор, Астрахан жерлері беріледі де, ал Дешті Қыпшақ мемлекеті не болмаса Жошы ұлысы атанады. Осы Дешті Қыпшақ мемлекетінің алғашқы ханы Жошыхан немесе бүгінгі қазақ жерінің бірінші ханы болды. Жошыхан қайтыс болған соң осы кең байтақ жерге баласы Бату билік жүргізеді және әкесінің иелігіндегі жерлерді ұлғайтты. Бүкіл Ресейді, Батыс Еуропаны, Кавказды, Иран мен Иракты, Ауғанстанды бағындырды да, Алтын орда мемлекетін құрды. Осы Алтын орда мемлекетіне 300 жылдай Жошы ұрпақтары билік жүргізіп хан болды. Атап айтқанда Батудан кейін Берке хан, Тоқта хан, Өзбек хан, Орыс хан, Барақхан одан кейін қазақ хандығы құрылғаннан бастап, Жәнібек хан, Керей хан, Есім хан, Қасым хан, Тәуке хан, Абылай хан және қазақтың соңғы ханы Кенесары хан. Ал кейін кіші жүзде Жәңгір хан, Нұралы хан, орта жүзде Уәлихан, ұлы жұзде Жолбарыс хан болды. Берке ханның кезінде қазақ жерін мекендеген ру-тайпалар мұсылман дінін қабылдап, имандылыққа бет бұрды. Бұған да келесі жылы ислам дінінің қазақ жерінде қабылданғанына 780 жыл толып отыр. Жошы хан ұрпақтары Төре атанды. Осы хан мен ұрпақтары төрелер 800 жыл бойы қазақ еліне қызмет етіп келеді. Қоқан хандығы қазақ жерін басып алып, мал салығы, түтін салығы, қыз салығын енгізіп, аймақтарды басқару үшін, салық жинау үшін әр елден арнайы адамдарды бекітеді. Оларды датқа дейді. Осы датқалар аймақтарда билік жүргізіп, салықтың дер кезінде төленуін қадағалап, ай сайын қыздарды Қоқан хандығына жіберіп тұрған. Осындай жөнсіз салықтар үшін Абылай ханның Аспандияр деген баласы лақап аты Тентек төре 1821 жылы Қоқан хандығына қарсы көтеріліске шығып, Ташкенді басып алады. Ташкен Бегі келісімге келіп, қызы Айбегімді Тентек төренің ұлы Рүстем сұлтанға ұзатады. Тентек төре кейін 1823 жылы Қоқан ханының қолынан қаза табады. Ел бостандығы, тәуелсіздігі үшін Қасым сұлтан мен ұлдары Саржан мен Есенгелдіде қоқандықтармен соғысып, Шымкентті, Сайрамды басып алғанымен қоқандықтардың әскерінен жеңіліс тауып, жау қолынан қаза табады. Абылай ханның немересі Қасым сұлтанның баласы Кенесары бостандық үшін, еліміздің тәуелсіздігі үшін он жыл бойы орыс патшасының әскерімен, Қоқан ханының бектерімен, Қырғыздың манаптарымен соғысып, Сыр бойындағы қалаларды, Шымкентті, Сайрамды, Созақты Қоқан ханынан, Әулиеата мен Құлан, Меркі жерлерін Қырғыздардан босатып, аяғында өзі де, інісі Наурызбай да 25 сұлтанымен және көптеген жауынгерлермен қырғыз манаптарының қолынан ажал қапты.
Кенесары Абылай ханның немересі, Қасым сұлтанның баласы дүние мүлкі, мал жаны жеткілікті болғанымен басқа да сұлтандарға ұқсап орыс билігін мойындамай, үш жүздің басын қосып, патша әскеріне қарсы шықты. Бодан болғысы келмеді. Тәуелсіз ел боламыз деп күресті. Бостандық үшін, қазақ жері үшін шейіт болды. Кенесарымен бірге туған қарындасы Бопай ханша Қасымқызы бірге он жыл соғысты. Балалары жер аударылады. Бәріне көнді. Не үшін десеңіз, еліміздің бостандығы үшін. Кенесарының баласы Сыздық сұлтан әкесінің ісін жалғастырып, патша әскерімен жиырма жылдай соғысты. Ақыры патша билігін мойындауға мәжбүр болды. Кенесарының немересі Әзімхан алашорда үкіметін құруға ат салысып, егеменді ел боламыз деп күресті. Ақырында 1938 жылы «Халық жауы» болып атылды. Жошы ханның ұрпағы Әлихан Бөкейхан, Санжар Аспандияров, Бақытжан Қаратаев, Д.Тунгашин, А.Алтынұлы және де басқа Жошы ұрпақтары ел үшін шейіт болды. Жошы ханның бір ұрпағы Шоқан Уәлиханов халқына қызмет етсе, күйшілер Дәулеткерей, Жантөре қазақ музыкасына елеулі үлес қосты. Кеңестік заманда елі, жері үшін талай Жошы ұрпақтары халыққа қалтқысыз қызмет етті. Атап айтқанда ғалым-профессорлар: Ермахан Бекмаханов, Шота Уәлиханов, Аман Шотаев, Қарлығаш Шота, Нұрлан Темірбеков, Шөптібай Байділдаев, Шәкір Ибраев, партия, совет, шаруашылық, әкімшілік саласының қызметкерлері: Амреқұловтар, Арыстанбековтер, Қохаевалар, М.Қатаев, Қ.Аманжолов, Ж.Аманжолов, Р.Рахманбердиев, С.Макежанов, А.Заурбеков, Р.Өзбеков, құқық қорғау саласының қызметкерлері: А. Жантекеев, С. Асфандияров, А. Тлеуқабыл, Ш. Салықбаев және де басқалары әрбір салада абыроймен еңбек етіп, қазақ елінің өркендеуіне өз үлестерін қосты. Әлі де еңбек етіп келеді. Төрелер де қазақ елінің азаматтары. Елі, жері үшін жанын пида етуге әрқашан дайын. Сондықтан төрелерді қазақтан бөліп-жаруға болмайды. Қазақтың мақалы бар «Төбесіз жер болмайды, төресіз ел болмайды» – деген. Төреміз деп ешкім шалқайып жүрген жоқ. Тәуелсіз еліміз үшін аянбай еңбек етіп, хал-қадірінше еліміздің беріктігі үшін өз үлестерін қосуда және қоса берері сөзсіз.
Mәскеу Нокрабеков

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.