Қанша әлсіз болсаң да, өзіңнен түңілме!

0
198

Қателіксіз өмір, мінсіз адам болмайды. Адамдар қателігіне қайғыра бергеннің орнына одан сабақ алып, ендігі қадамының дұрыс болатындығына құлшынса құп еді. Біреудің айтқан сөзіне еңсе түсіп, біреудің түсінбестігіне қапаланып, біреудің опасыздығына қайғырып қасірет шегетін адамдар да жоқ емес. Олар неге сонша елдің сөзінен секем алады, басқалардың пікіріне назар аударады? Себебі олар өзіне сенбейді, өзінен қашан да күдер үзуге бейім тұрады. Бұл психологиялық сананың айтарлықтай жақсы еместігінің дәлелі.
Қанша нашар болсаң да, өзіңнен түңілме. Қиындыққа жолыққан кезде адамдардың ең көп қайталайтын қателігі өзін керексіз етіп, енді маған жақсылық жоқ деп түңілуі. Мұндайда ұлы адамдардың өмірінен, қажырлылығынан үлгі алайық! Тарихта аты қалған саз патшасы Бетховенді кезінде ұстазы музыкаға ешқандай бейімі жоқ десе, Эйнштейнді ақыл-есі кем екен деп мектептен шығарған. Егер елдің айтқаны дәл келсе олар танымал тұлғаға қалай айналды? Демек ел айта береді. Өмірде белсенді позиция ұстана білетін адам қайғының өзінен қуаныш жасап алады. Ал адамның әлсіздігі оның керітартпалығы. Істемей, бастамай жатып, сынап көрмей жатып байбалам салады кеп! Адамдардың бойында түрлі әлсіздік, кемшілік болғанмен, дәрменсіз емес, кертартпалықтан айығып, үміткер болса ойлағандай-ақ мықтыға айналып сала береді. Сіздің меншігіңізде қыруар байлық, мүмкіндік бар. Оларды пайдалану немесе сол күйінде қалдыру тек өз талғамыңызда. Сіздің кемшілігіңіз болған сияқты артықшылығыңыз да бар. Соны аңғара біліп, пайдаланыңыз!

Уақытты басқару

Уақыт – адам баласына берілген баға жетпес құндылық деп айтсам да болады. Қазіргі таңда көпшілігіміз уақытты дұрыс пайдалана алмай жүрген жайымыз бар. Тіптен таңның атысын, кештің батысын білмей қаламыз. Сол себепті де әр күнімізді жоспарлап пайдалы заттарға жұмсағанымыз абзал, мәселен, кітап оқуға, түрлі үйірмелерге қатысып білімімізді шыңдасақ жөн болар еді. Менің атам айтушы еді «балам әрқашан да уақытыңның қадірін біл, әр сәтіңді бағала, ал уақытың қайта оралмайды. Пайдасыз заттан гөрі пайдалы жаққа көп көңіл бөл» деп. Атаның осындай тәрбиесін алып өстім. Эх… Менде арман жоқ шығар. Дегенмен де аузы дуалы жандардың сөзінің жаны бар. Әжемнің де айтқан бір сөзін тілге тиек етпесем болмас, «от бол немесе жоқ бол». Бұрындары осы сөздің төркінін түсінбеуші едім. Енді ғана сөздерін ұғынғандаймын. Осындай кеңестерді, жүрекке тиер әңгімелерді естіген сайын өзіме шабыт ала бастаймын. Атам мен апамның ақылдарынан кейін өз уақытымды тиімді пайдаланып, өзімді түбегейлі өзгерттім десем болады. Өз уақытымды дұрыс жағынан пайдаланып, күніне 100 беттен кітап оқуды әдетке айналдыруым. Кітап оқудың пайдасы өте зор. Атам кішкентайымнан миыма сіңіріп отырушы еді. Білімді адам тұлға болып қалыптасу үшін кітапты оқып бітіру емес, оны түсініп, әр тақырып не туралы екеніне назар аудару деуші еді. Сол айтқандарыммен қазіргі кезде сусындап келе жатырмын десем де артық айтқандық емес.
Уақыт турасында сөз қозғаған кезде тек қана оның қандай өлшеммен өлшенетінін айтумен ғана шектелеміз. Бір сағаттан соң не болады немесе бес минуттан кейін не істеу керек деген секілді, белгілі бір өлшемнің аясын ғана сөз етеміз. Адамзат әрқашанда уақытпен, оның ағысымен, өлшемімен және оның ғылыми сипаттармен үнемі байланыста болатындығымыз соншалық, уақыт ішінде саяхаттауды армандаймыз, уақыттың салыстырмалы өлшем екендігі және оның бағыты жайлы сөз етеміз.
Уақытқа қатысты көптеген теоремалар мен концепциялар бар, сонымен қатар, дін де, философия да және ғылым да уақытты зерттейді. Уақыт экономикалық құндылыққа да ие, сол себепті «Уақыт алтыннан да қымбат» деп бекер айтылмаған.
Уақыт әлеуметтік және жеке маңызға ие. Біз өз өміріміздегі істерді жүзеге асыру үшін уақытымызды тиімді пайдаланғанымыз жөн.

Мақпал ЖІГЕР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.