Коронавирус қазақты қамшылап тұр

0
137

Өткен жылдан бері көрші елден шыққан жұқпалы жаман індет коронавирустың шекарадан жұлқынып шығып 70-тен астам елге таралуы өте қорқынышты жағдай. Қазірдің өзінде шетелдерде 6 мыңнан астам адам осы жаман індеттің шырмауына іліккен. Осы пәлекет зілзала апат болмай-ақ, бомба жармай-ақ, оқ шығармай-ақ қан төкпей-ақ адамдардың өмірін соғыссыз жалмайтын түрі бар..
Қытайда 80 мың адам ауру жұқтырып, 2870 адам ажал құшқан. Бұл цифрлар күн сайын өзгеріп жатыр. Мұның бір сұмдығы өте жұқпалы, таралуы көз ілмейтін жылдам. Адамдар бір-бірімен қол алысса болды, қатар тұра қалып ауамен тыныстаса болды, желідей жабыса қалады екен. Бір Қытай емес, бүкіл жұмыр жер шарының елдері дүрлігіп жатыр.
Сонау Африка елдеріне де жетіп қалған жұқпалы жаман індетті тоқтату үшін пәленбай мыңдаған дәрігерлер мен ғалымдар жанталасып, күні-түні емін іздеп жатыр екен. Әзірше қуанышты хабардың көлекесі де көрінбейді. Күні кеше ғана бір-біріне сапармен үзіліссіз ағылып жатқан туристер мен жолаушылар легі де еріксіз тоқтатылды. Шекаралар жабылды. Бүгінгі күні осы жұқпалы жаман індеттен келген экономикалық шығындардың көлемі сонау алпауыт ел саналатын Американың өзінде талай бағлан-байлардың қалталарын қағып, миллиардтарын құрдымға жіберген. Биржадағы мұнайдың бағасын түсіріп, алыпсатарлыққа, шетелдердің валютасына кері әсерін тигізуде.
Қытай ауру таралған қалалардағы қолданыста жүрген ақшаларына шейін жойып, өртеп тастады. Күн шығыс елі қолдарынан келген барлық шараларды жүзеге асыруда. Осы елде болып, оралған жолаушылар барлық елдерде дереу карантинге қамалып, толық тексеруден өткізіліп жатыр. Адамзатқа тажал болып төнген жұқпалы жаман індетке қарсы шарасыз екенін көптеген шетел мемлекеттері мойындап үлгерді.
Дәл іргеміздегі, шекаралас елден шыққан короновирустан сақтану шаралары бізде де жүргізіліп жатқаны аян. Шекара аумағындағы алыс-беріс пен келіп-кету тоқтатылып, жайма базарлар әзірше жабық тұр. «Ешқандай дүрбелең болмасын, абыржудың-сасудың қажеті жоқ» деген нұсқаулар да елімізде желдей есіп жүр. Алайда бүкіл жер шарының экономикалық жағдайына теріс әсерін тигізген короновирустың біздің де елге әкелер зияны шаш етектен болуы айдан анық. Қазір шағын кәсіппен айналысатын жұрттың ауызындағы әңгіменің көбісі мынандай «Қытайдан тауар ала-аламасақ қалай күн көреміз? Не істейміз?» дейді.
Әрине, уайым бар. Көрші елдің арзан тауары көп жұрттың күнкөрісіне айналғалы қашан. Ол жасырын емес. Баспақшыл қазақтың мұндайда «Бас аман болсын!» деген бір жақсы сөзі бар. Біздің мемлекеттің қазіргі басты мақсаттарының бірі – бұл жұқпалы жаман індеттен халықты сақтау. Адамның өмірі мен амандығынан артық байлық жоқ екенін барлығымыз мойындауымыз керек. Көпшіліктің арасында жиі жүретін болғандықтан мынандай әңгімелерді естимін, өзімде пікір қосамын:
«Неге біз қайғырып, қара уайымға салынуымыз керек. Тіпті емі табылғанша жыл он екі ай Қытаймен қарым-қатынасымыз болмаса да өзіміздің кең-байтақ берекелі жеріміз халықты аш қалдыра қоймас. Егетін егінімізді, өсіретін малымызды , шығаратын өнімімізді молайтайық. Көңіл бүтін болса көйлек-көншек деген не тәйірі? Шындасақ, қолға алсақ адамға қажетті барлық тауарды өзіміз-ақ өндіруге мүмкіншілігіміз бар емес пе? Қайта бұл қиыншылық біраз елдің етек-жеңін түргізер, шұғыл іс-қимыл әрекетіне көшірер. Сондықтан ең басты амалымыз коронавирусты елімізге кіргізбей, жан сақтайық. Ол үшін жағаны жайлауға жібермеудің шараларын әр бір адаммен оның жақындары алдын ала ойластырған жөн», –дейді қоғамдық пікір. Иә, дұрыс ұстаным.
Күн жылынып, көктем шығып келеді, жерде шекара болса да әуеде, суда шектеу жоқ қой. Ертең ол жақтан топ-тобымен құстар үшып келіп, көлімізге қонады, сол елден бастау алатын өзендермен балықтар, бақа-шаяндар жүзіп келеді. Жер астымен тышқан, жылан, құрт-құмырсқа өтеді. Тау-беткеймен жабайы аңдар ауып келуі де мүмкін . Бұл миграцияны тоқтату мүмкін емес. Алайда барлығы өз қолымызда, сол құстарды, аңдарды атып алып, өзен-көлдерден балықтарды аулап тамақ ретінде пайдалануға бір неше жылға тиым салу қажет. Осы аурудың таралуының өзіне себеп болған түнгі жарқанат, жылан және тағы басқа жорғалағыштар мен теңіз өнімдері екен деген жорамалдарды ұмытуға болмайды. Бұл жөнінде біздің тұрғындармызды ақпараттандыру жоқтың қасы.
Жуырда Сауд Арабиясы Меккеге қажылыққа баратын жерлестерімізді қауіпті аймаққа жақын жердегі ел екенін ескеріп, рұқсат ету тізімінен алып тастапты.
Халық арасында бұл жұқпалы жаман індеттен енді қалай сақтанамыз? деген сұрақтар туындап отыр Аса қатты қорқып, дүрлікпей-ақ ең қажетті тазалық шараларын сақтауды әр адам жете білуге тиіс. Ең бастысы көпшілік жиналған жерге бет перде киіп бару, тұмаумен ауырған адамдардың өздері ауруханаға барып, шұғыл тексерілуі, жөтелген, түшкірген кезде арнайы қол сүрткіш қағаздарды пайдалану, көшеге кірген, шыққан сайын қолдарын жууды бүкіл отбасы мүшелері бірінші кезекке қою керек, Тағы бір айтарымыз адамдар өз иммунитетін жақсартуға күш салуы қажет. Сонда кез келген жұқпалы ауруға адам ағзасы төтеп бере алады.
Ащы да болса анығын айтайық, ерлері бар, әйелдері бар біздің қазақтар бір-бірінің бетінен шөп-шөп сүюді әдетке айналдырып алған. Бұл гигиенаға қайшы, ауру жұқтырудың бірден-бір жолы. Жалпы сүйісу қазақтың әдет-ғұрпында жоқ. Жастардың өзара махаббаты болғанда ғана бұл сүйіспеншілікке тыйым сала алмаймыз, Ал, қалған кезде оғаш іс-әрекет деп санайық.

Қорытынды сөзіміз мынау болсын. Мемлекетіміз мына кең-байтақ жерді мекендеген аз ғана халқының қамын ойлайтын болса, аурудың емі табылып, беті қайтқанша көрші елмен арадағы қарым-қатынасты, алыс-берісті тоқтатқаны жөн. Біз қалтамыздың қалыңдығын емес, бас амандығын ойлауымыз керек. Халқымыздың қарны аш та болмайды, көштен де қалмайды. Ел болып сақтық шараларды жүзеге асырсақ өзіміз де, жақын туыстарымыз да,ұрпағымыз да аман-есен болады.

Нұрила Бектемірова

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.