Экономикалық дағдарыстың себептері мен салдары

0
552

Білікті саясаткерлердің уәжіне жүгінсек, әлемдік экономикалық дағдарыстардың туындауына әр кезде қалыптасқан алғышарттар түрткі салатын көрінеді.  Кәнігі сарапшылар пікіріне ден қойсақ, оған бірнеше себептер бар екен. Оның біріншісі аузымен құс тістеген АҚШ-қа тікелей байланысты болса керек. Мамандар: «Біріншіден, әлемдік экономика АҚШ нарығына тәуелді, яғни әлем мемлекеттері осы ел экономикасының жағдайына байланысты өздерінің экономикалық стратегиясын анықтап, соған қарап бой түзейді. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін американ доллары өзінің төлемдік мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін алтынға, ал әлемнің өзге мемлекеттерінің валютасы өз төлем мүмкіндігін долларға байланысты айқындады. Сол кездері Еуропа елдерінің экономикасын қалпына келтіруге  көмек тек АҚШ доллары арқылы беріліп, бұл АҚШ долларының әлемдік деңгейде резервтік валютаға айналуына қолайлы жағдай жасалды. «Қырғиқабақ соғыс» кезінде АҚШ пен КСРО арасындағы геостратегиялық бәсекелестікті қамтамасыз етуге ұмтылу АҚШ шығындарын арттырып жібергендіктен, бұл ел президент Ричард Никсон тұсында долларды алтынмен қамтамасыз етуден бас тартты. Уақыт өте келе әлемнің көптеген еледрі АҚШ-тың ақша шығыратын станогына тәуелділіктерін  мойындауға мәжбүр болды. Бұл үдеріс бүгінгі күні де жалғасуда, яғни  күллі әлем мемлекеттері өзінің алтын қорын әлі күнге дейін АҚШ долларында ұстап келе жатыр. Бұл әлемдік экономика АҚШ долларына тәуелді деген тұжырымды айғақтай түседі. Басқаша айтсақ, әлемдік дағдарыстың негізгі себептерінің бірі — резервтік валюта АҚШ доллары болып отыр. АҚШ-тың бюджеттік саясаты дағдарыс кезінде өз жалғасын тауып,  Ақ үй билігі ештеңемен қамтамасыз етілмеген доллар эмиссиясын көбейтіп басып шығаруға ден қойды. Ел билігі қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуді желеу етіп, жеке банктер мен инвестициялық компаниялардың шығындары мен қаржылық міндеттемелерін жаппай сатып ала бастады. Бұл процесті қамтамасыз ету үшін жаңа доллар толқыны басылып шығарылды. Осылайша, дағдарыстың жүйелік негіздері жойылмады.

 

 

Дағдарысқа ықпал еткен екінші себеп — АҚШ экономикасының өспей, керісінше тежелуі-тін.  Бұл экономиканың жүйелік диверсификацияланбауынан туындаған дағдарыс еді. Өткен ғасырдың 70 жылдары дамыған елдердің экономикасында өндіріс, ауыл шаруашылығы сынды материалдық секторлардан гөрі қызмет көрсету саласына басымдық берілген-ді. Алайда, қызмет көрсету саласында тәуекелдің жоғарылығына назар аударылмады. Нақты тауар өндірісінде негізгі кепіл тауардың өзі материалдық құндылық болып есептелсе, қызмет көрсету саласында идея немесе ой кепіл ретінде бағаланады. Ал, оның дұрыс-бұрыстығы, қолданысқа енуі тұтыну барысында ғана анықталады. Идея тұтынудан бұрын түрлі инвестицияларды талап етеді. Әлгі идея жарамсыз деп табылса, оғны іске асыруға жұмсалған шығынның орны толмайды. Бұл мәселе әлі күнге дейін шешімін таппаған күрделі күйінде қалып келеді. Бұл әсіресе экспортының негізгі бөлігін шикізат құрайтын мемлекеттерге қауіпті құбылыс. Себебі, сұраныстың төмендеуі шикізат құнын төмендетеді. Тиісінше шикізатқа деген сұраныстың азаюы шикізат экспортымен айналысатын елдердің табысын азайтады. Бұдан әрі қарай бұл жүйелік дағдарысқа әкеледі. Себебі тиісті дәрежеде диверсификацияланбаған экономика мемлекеттің шығындарын қалыпты ұстап тұруда қиындықтар тудырса, бұл өз кезегінде мемлекеттің экономиканы әртараптандыру және даму бағдарламаларына қаржы бөлу мүмкіндігін шектейді.

 

 

Дағдарыстың үшінші себебі — тиімсіз тұтынудан материалдық құндылық құнының өсуі. Инвестициялардың ең жылдам пайда әкелетіні — құнды қағаздарға салынған инвестициялар.  Бұл — қаржы нарығының жылдам өсуіне тікелей ықпал ететін факторлардың бірі. Қаржы нарығындағы алыпсатарлық құнды қағаздардың құнын еселеп арттырып жіберсе, компаниялардың табысы өзгерісссіз қалады. Бұл кезде табыстың инвестициялар көлеміне сай келмеуі инвестициялардың бұл салалардан кетуіне себепкер болады, яғни  құнды қағаздар нарығы өте қорғансыз. Себебі құнды қағаздар құнының құлдырауы инвестициялық компаниялар табысының төмендеуіне, олардың несиелік мүмкіндігінің төмендеуіне алып келеді. Әлбетті, инвестициялық компаниялардың ақшамен толықтыру саясаты қысқа мерзімді басымдықтарда тиімділік көрсеткенімен, ұзақ мерзімді экономикалық өсімді қамтамасыз ете алмайды. Рас, кез келген инвестор қаражаттың жай жатпай, айналымға түсіп табыс әкелуін қалайды. Содан тәуекелі мол болса да ипотека секілді күмәнді жеке кредиттерді беруге мәжбүр. Экономиканың жекелеген секторлары, әсіресе, құрылыс банктердің несие беру саясатына тәуелді. Құрылыс компаниялары сол банктің борышқоры болып табылады. Құрылыс компаниясының табысы өссе, банк табысының өсуіне ықпал етеді, ал бұл —қамтамасыз етілмеген борыштардың көбеюіне әкеледі. Ипотекалық сектордың дамуы жылжымайтын мүлік құнының өсуіне тікелей ықпал етеді, өйткені, нарық заңына сәйкес, нарықтағы бағаны сұраныс белгілейді. Жеңіл кредиттер алу көбейсе, жылжымайтын мүлік құны өсіп шыға келеді де,  бұл банкте кепілдікке қойылған жылжымайтын мүлік құнының тұрақты өсуіне жағдай жасайды. Ештеңемен қамтамасыз етілмеген несие беру оның қайтарым мүкіндігін шектейді де, несие қайтарылмайды. Несие қайтарылмаса, банк өз шығындарының орнын толтыру үшін жылжымайтын мүлікті нарыққа шығарады. Бұл жағдайдың жиі қайталануы жүйелік дағдарыс тудырады. Осы тенденциялар тек АҚШ-та емес, өзге де мемлекеттерде, соның ішінде Қазақстанда да орын алуда. Альянс Банктің банкроттыққа ұшырауының негізгі себебінің бірі — жеткілікті қаматамасыз етілмеген жеке несиелердің берілуінде-тін. Мемлекеттер бұл сектордағы жағдайды оңтайландыруға тырысқанымен, дағдарыстың бұл себебі оң шешімін таппады. Тағы бір себеп — халықаралық қауымдастық тарапынан қолданылып отырған санкциялар. Елдердің баламалы көздерден шикізат алуы, қаржылық саладағы санкциялар аймақтық экономикаға ғпнп емес, ғаламдық экономикаға да кері әсерін тигізбей қоймайды. Бұл дағдарыс Қазақстанға да ықпал етуі әбден мүмкін.  Себебі, Қазақстан экономикасының негізгі сыртқа шығарып сататын өнімдері шикізат болғандықтан, әлемдік экономиканың дамуының тежелуі шикізат тұтынуды шектейді. Ал, Ресейге үсті-үстіне салынып жатқан санкциялар шикізатпен байланысты болса, бұл — экономикалық шығындардың көбеюіне алып келуі ғажап емес. Мұндай жағдайда АҚШ пен Ресей арасында валюталық «соғыс» орын ала қалса, оның Қазақстанның ұлттық валютасына кері әсерін тигізу ықтималдылығы жоғары. Өйткені, Қазақстанның алтын қоры валюталық қақтығысқа қатысу ықтималдығы бар барлық тараптармен тығыз байланысты әрі әлемдік нарықта шикізатты саудалау АҚШ долларымен жүзеге асырылатындықтан, мемлекетке кіріс АҚШ долларымен түседі. Алтын қорымыздың бір бөлігі Еуропада сақталатындығын да ескергеніміз жөн. Ал, Ресей болса, бүгінгі күні Қазақстанның ең ірі экономикалық әріптесі. Рубльдің құлдырауы теңгенің арзандауына да ықпал етері сөзсіз, оны жасырудың жөні жоқ. Ендеше, әлемдік экономикалық дағдарыс байырқалады иә болмаса  аяқталды деуге әлі ертерек. Дағдарыстан шығу процесі дағдарыс себептері жойылған кезде ғана басталатыны, ал оның ұлттық және халықаралық деңгейде күрделі шешімдерді талап ететіні кәміл. Сондықтан экономикалық дағдарыстан құтылу үшін біздің елге, оны басқарып отырған лауазымды тұлғаларға қырағылық, болжампаздық, іскерлік, жұлымырлық, көрегендік аса қажет. Себебі, кезінде  политрук Клочков: «Артымызда — Москва, шегінетін жер жоқ!»— деп айтқандай, арқаны кеңге салып, босаңсуға қақымыз жоқ. Олай етсек, бізді соңғы ұрпақ кешірмейді. Ендеше, ойланайық, ағайын!

Дайындаған — Ермек Сахариев

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.