Қазақстан халқы қашан 19 миллионға жетеді және өткен санақ қателігі жайлы демографпен сұхбат

0
111

Демограф Ерболат Мұсабек халық санының өсімін зарттеумен 50 жылдан бері айналысады. Қазақстанның демографиялық жылнамасының авторы. IT саласындағы тәжірибесі бір бөлек. Демографияны есептейтін талай программа әзірлеген. Статистика органдарында 1997 жылдан істеп келген маманның «Қазақстан статистикасының үздігі» деген атағы да бар. 1999, 2009 жылдары  өткен Халық санағының басы-қасында болып, әр туған бала мен өмірден өткен, елден кеткен, шетінеген, қартайған азаматтардың есебін жүргізген.

Қазір Статистика агенттігінде «АСЖ сүйемелдеу департаменті тіркелім жүйесін сүйемелдеу бөлімінің бас маманы» деген қызметте. Azattyq Ryhy демографтан биылғы санақ жайлы, эмиграция мен ажырасу, туу деректеріне қатысты стереотиптер туралы сұхбат алып, жариялауды жөн көріп отыр.

– Ерболат Нығыманұлы, соңғы кездері БАҚ-та Қазақстан халқының 19 млн жетті деп жазылып жүр. Осы қаншалықты рас?

– 19 млн – 2021 жылдың еншісінде. 2017 жылы мамырдың 11 мен 12-сі арасында өмірге 18 млн-шы адам келді. 2013 жылдың мамырының 21-і мен 22-сі арасында 17 млн-шы адам туды. 2009 жылы ақпанның 2 мен 3-і аралығында 16 млн-шы адам дүние есігін ашты. Енді 19 млн деген әңгімеге келейік. Болжамға сәйкес, 2021 жылдың шілде айының аяғына қарай Қазақстанда 18 млн 981 мың адам болады. Ал тамыздың 1-інде 19 млн 271 мыңға шығып кетеді. Сонда шамамен, екі жарым тәулікте 1809 адам қосылады. Күніне 700-800 бала туады. Осыған қарап, 2021 жылы шілденің 28-29 аралығында Қазақстандағы халық саны 19 млн-ға толады деуге негіз бар. Егер туу көрсеткіші артып кетсе, одан ерте болуы да мүмкін.

 

 

– Биылғы халық санағында эмиграция дұрыс ескеріле ме?  Себебі, кей сарапшылар кеткендер есебінен Қазақстан халқының саны шын мәнінде, қазіргі ресми статистикадан 1 млн-ға аз болуы мүмкін деп жүр.

– Біздің білетініміз, Қазақстанда есептен шығып кеткендерден Ресейге барып тіркеуге тұрғандардың саны көп. 150 мыңдай адам. Мысалы, 2015 жылы Қазақстаннан Ресей Федерациясына көшіп кеткендер санын 25 мың деп алайық. Олардың көбі бізде азаматтықтан шықпайды, себебі, кейін қайтып келу қиын болады ғой. Сондықтан барып, біраз жүргеннен кейін сонда тіркеуге тұрады. Сөйтіп, біздің статистикада көрінбей қалады. Олар бірақ миллион емес. Негізі, шетелге кеткендердің біразы уақытша жүргендер. Оны «қайта оралушы миграция» дейміз. Көбінің Қазақстанда отбасы бар, сыртта тек жұмыс істеп жүр. Арасында қалып қалатындар да бар. Адамдар екі ойлы жүреді. Кету ойында бар. Бірақ шетелге барғанда жағдайы не болады деп те ойланады. «Барып көрейін, егер онша болмаса қайтып келемін» дейді.

Биыл коронавирусқа байланысты 195 мың адамның сыртта жүргені туралы айтылды. Кей адамға осы өте көп секілді көрінеді. «Ананың да, мынаның да баласы шетелде екен» дейді. Солардың көбі қайтып келді ғой. «Болашақ» оқу бағдарламасымен кеткендерді де қалып қояды деп айтады. Олар кетерде үйін кепілдікке қояды. Ішінара демесеңіз, ол да жаппай құбылыс емес. Санақ кезінде сырттағы жүргендерді де онлайн арқылы есепке аламыз. Дегенмен, есеп кезінде барлық мемлекетте нақты фактімен айырмашылық болады. Алайда, сәл ғана. Егер де қазақтың саны қазір 1 миллионға кем десек,  бір жылда  туатын 400 мыңға шағып жіберсек, онда туу көрсеткіші де жоғарылап кетпек. Ал ол мүмкін емес.

– Қалай?

– Былтыр туған 400 мың адамды 18 млн 350 мыңға (2019 жылғы халық саны) бөлсек, туу көрсеткіші 21,7 деген көрсеткішпен шығады. Енді сол 400 мыңнан 1 миллионды алып тастап, 17 млн 350 мыңға бөлсек 23-ке шығып, жасанды туу көбейіп кетпей ме?! Өмір сүру ұзақтығы да төмендеп, 73-ке емес, 68-ге түсіп кетеді. Біз туғандар, қайтыс болғандар санын БҰҰ-на, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына береміз. Олар да ақпаратты тексеріп алады.

 

 

– Халық санағы әлеуметтік-экономикалық мақсаттарға пайдаланылатыны белгілі. Тағы басқа қандай мақсаттар болуы мүмкін? Бәлкім, саяси мақсат та бар шығар?

– 63 жасқа дейінгі ерлер, 58-ге дейінгі әйелдер – еңбекке қабілетті азаматтар, одан кейін зейнеткерлер деп есептеледі. Бюджет осыған қарап бөлінеді. Мектепке дейінгілер саны, мектеп жасындағылардың ақпараты да керек. Әскерге баратын жас та бар. Санақ БҰҰ-ның ережесі бойынша 10 жыл сайын өтіп тұруы міндетті. «Раунд» деген ұғым бар. 2020 жылдың «раунды» десе, дүниежүзіндегі мемлекеттер 2015-тен бастап 2024 аралығында бір жылды таңдап алып, санақ өткізуі керек. Осының ішінен қай жылды таңдап алады, өз еркінде. Мысалы, өткен «раунд» кезінде Молдова санақты 2014 жылы өткізді, біз 2009 жылы жасадық. Одан бұрын Түркіменстан 1995 жылы, біз 1999 жылы өткіздік.

– Биылғы санақтан кейін халық саны бойынша қазіргі қолда бар статистика өзгеруі мүмкін бе?

– Статистикада ағымдағы есеп бар, содан кейін белгілі мерзімге арналған есеп бар. 2020 жылғы санақ 1 және 30 қазан аралығында жүріп, дәл 1-ші қазан 00:00 сағатқа мәлімет шығарады. Ол кезде халық саны ағымдағы статистикадан көп болуы да, аз болуы да ықтимал. Бірақ айырмашылық 2%-дан аспайды. Мысалы, 1% деген – 180 мың адам, 2% – 360 мың. Нақты есеп шығару үшін санақ 2 этаппен жүргізіліп, барлық қора-жайды, адам тұрмайтын вагондарды да аралап шығамыз. Өйткені, ол жерде де біреу өмір сүріп жатуы мүмкін. Үй аралауға 27 шілде мен 27 тамыз аралығында шығады. Жай ғана өтіп шықпайды, тұрғылықты мекенжайдың қаншалықты дұрыс екенін жіті тексереді. Мәліметтер 1 қазанда санақшылардың планшетінде тұрады. Талап бойынша 1 санақшы 833 адамды тіркеуі керек. Тұрғын үйлерді есепке алушы 1200 тұрғын жайды тіркеуі тиіс. Осындай жүктеме берілген.

– 2% айырмашылық неден шығуы мүмкін? Туған баланы тіркемей қоятындар әлі де бар ма бізде?

– Бала туғаннан кейін ерте ме, кеш пе, тіркеледі. Мысалы, өткен жылы 2009 жылы туған 4 сәби тіркелді. Биыл тіркелгендер ішінде де алдыңғы жылдары туғандар бар. Асықпай жүріп алады. Қайтыс болғандарды да кейбіреулер уақытылы тіркемейді. Кейін сұрап қалған кезде ғана АХАЖ  мәлімет ұсынады. Ал сырттан келіп, тіркелмей жүр дегендер жоқ. Себебі, мемлекет оларға үлкен айыппұл салады, тіпті көнбесе, депортациялап, яғни елден шығарып жібереді. Азаматтығынан айырылмай, басқа елге барып «ПМЖ» алатындар бар екенін жоғарыдай айттық.

 

 

Санақта Қазақстан азаматтары да, бізде жүрген басқа ел азаматтары да есептеледі. Қазір Қазақстандағы 18 млн 700 мыңның бәрі бірдей Қазақстан азаматы емес екенін түсінуіміз керек. Ресей немесе басқа мемлекеттер азаматы да бізде уақытша тұрып жатуы мүмкін. Ықтияр хаты бар тұрғылықты тұрғындар, («ПМЖ» алғандар) қандастар солай есепке кіргізіледі. Солардың қаншасы біздің ел азаматы екенін санақ көрсетеді. Ал елшіліктерде істейтіндер, әскери атташелер, Байқоңырда істейтіндер біздің есепке кірмейді. Ал біздің басқа мемлекеттердегі елшіліктерімізде істейтін азаматтар санауға жатады.

– Биылғы Халық санағының жүргізілу әдістемесінде бұрынғыдан қандай айырмашылық болады?

Бұрын біз есепті қағаз бланкімен жүргізгенбіз. Кейін сканерден өткізіп, деректер базасына кіргіздік. Қазір мәлімет бірден планшет арқылы енгізіледі, сонда қателік ықтималдығы төмендейді. Содан кейін жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы мәліметтерді интеграциялап, тексеруге де мүмкіндік бар. Сауалнама да интернет арқылы жүргізілмек. Әрине, жаппай халық интернетпен өтеді дей алмаймын. Ол, біріншіден сайттың жүктемесін арттырып жібереді, екіншіден кей азаматтарда мүмкіндік жоқ. Жұрттың 30%-ы интернетпен толтырса, соның өзі жетістік. Қалғандарын санақшылар үйді-үйге барып тіркеп алады. 2009 жылғы санақта халықтың жаппай қамтылуы 99% болды. Бұл – өте жақсы нәтиже.

– Облыстың, ауданның бюджеті халықтың санына негізделеді. Статистика агенттігі санақшыларды өңірлерден жалдайды. Кей өңірлер экономикалық пайда үшін жалған мәлімет берсе ше?

– 2009 жылғы санақта алғашында халық 16 млн 700 мың болып кетті ғой, кейін тексергенде 16 млн 600 мың екенін анықтадық. Санақ жүргізгендер әдейі істеді деп айта алмайсың. Мәселе мынадан туады: мәселен, мен санақ кезінде өз үйімде  болмай қалдым, уақытша тұрып жатқан жоқпын. Бірақ тұрғылықты халықтың санының ішінде бармын. Үйімде болмаған жағдайда уақытша жүрген басқа жерде уақытша тіркеуге тұруым керек. Егер тіркелмесем, 1 адам 2 адам болып есептеліп кетеді. Сондықтан 1 адам 2 жерге тіркеуге тұрмауы керек. Оны кейін аты-жөндері арқылы тексеруге тура келеді. 2009 жылы қиындық туғызған тағы  бір нәрсе – кестені қолмен толтырғанда адамдардың жазуын түсінбей, нөл 6 болып көрініп, кей әріп түсініксіз болып жатты. Біразы орысша толтырды. Қазақ тіліне тән 9 әріптің оқылуы  үшін арнайы компьютерлік бағдарлама жаздық. Биыл қателіктер болмайды деп сенеміз.

– Ерболат Нығыманұлы, уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге, қызықты мәліметтер ұсынғаныңызға алғыс білдіремін!  (Жалғасы бар )

Сұхбаттасқан – Абай Сейфулла

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.