«Мен елордамның тыныштығы мен қауіпсіздігін бақылаймын»

0
118

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі бүгінгі таңда әлеуметтік саясатты жүзеге асырудың басты бағыттарының бірі ретінде мүмкіндігі шектеулі адамдарға жағдай жасау, оларды жұмысқа орналастыру және әлеуметтендіру мәселелеріне ерекше басымдық беріп отыр.
Нәтижелі жұмыс қорытындыларына сәйкес елордада 2019 жылы әлеуметтік қорғау шаралары аясында мүмкіндігі шектеулі 726 адам жұмысқа орналасты. Қысқа мерзімді кәсіптік оқуды аяқтаған 59 адамға бизнес-идеяларын іске асыру үшін мемлекеттік гранттар берілді. Сондай-ақ, ерекше күтімді талап ететін азаматтарға 274 бос жұмыс орны жарияланды.
Бүгінде елордада 1 мыңға жуық ерекше қажеттілікке ие астаналықтар еңбек етуде. Соның бірі – 22 жасар «IKOMEK» жедел әрекет ету орталығының қызметкері. Ол 2019 жылы елордадағы Еуразия гуманитарлық институтының қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын президент грантында оқып, қызыл дипломмен бітірген. Қазір «IKOMEK» орталығында жұмыс істейді. «Мен бұл орталыққа былтырғы қыркүйек айында, оқуымды бітіре сала жұмысқа орналастым. Өзім Қарағанды облысының тумасымын, Нұр-Сұлтан қаласына көшіп келгенімізге 12 жылдан асып барады. Ата-анаммен бірге тұрамын»,–дейді Еркебұлан Бермұханбетов. Оның айтуынша, «IKOMEK» жедел әрекет ету орталығында ерекше күтімді талап ететін жандарға қажетті жағдай мен мүмкіндік жасалған. Еркебұлан Бермұханбетов: «Мен орталықта бейнебақылау есебін жүргізу жөніндегі оператормын. Міндетім қаланың тыныштығы мен қауіпсіздігін бейнебақылау арқылы қадағалау. Яғни бейнебақылау арқылы қала көшелеріне бақылау жүргіземіз. Егерде қандай да бір тәртіпбұзушылық орын алса, оны анықтап дереу тиісті шара қабылдаймыз. Бұл жұмысты оқу бітірген кезде маған біздің деканат ұсынды. Мен бұл ұсынысты қуана қабылдадым. Өздеріңіз көріп отырғандай мамандығым мұғалім болғанымен, ол мамандықта жұмыс істей алмаймын. Қазіргі жұмысым өзіме ұнайды, оның үстіне ұжым өте тату, басшылық жайлы. Жұмыста бәрімізге тең мүмкіндік жасалған. Жұмыс кестесі де ыңғайлы. 2 күн жұмыс істеп, 2 күн демаламын. Жұмыс таңертеңгі сағат 9-дан кешкі 17:00-ге дейін. Түскі уақытта 1 сағат үзіліс бар. Бізде жұмыста қойылатын басты талап, сақтық пен аңғарымпаз болу. Мен өзіме жүктелген міндетті мүлтіксіз атқаруға тырысамын. Әзірге жұмыс бойынша ескерту алған емеспін»,–дейді. Анасы білім саласында еңбек етеді. Әкесі кәсіпкер. Еркебұлан Бермұханбетов те болашақта әкесі сияқты кәсіп иесі болуды армандайды. «Болашақта өзімнің құрылыс компаниямның болғанын армандаймын. Нұр-Сұлтан – армандар қаласы, арманымның орындалатынына зор сеніммен қараймын», – дейді ол.

Тілекгүл Есдәулет

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.